Абайдың елге кең танылуына Мұхтар Әуезовтің еңбегі зор – тарихшы

10 Тамыз 2023, 11:10 1267

Абай күнін мерекелеудің маңызы мен өзектілігі жайлы тарихшы Аққали Ахмет айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі, - деп атап өтті, - дейді тарихшы.

Тарихшы атағандай, қазақтың бас ақынның айтқан толғақты терең ойлары, адам, қоғам, әлеуметтік орта, уақытқа сәйкес қорытқан ой-пікірлері қай қоғамда да өзекті.

Абай күнін қандай мереке деп айтатын болсақ, Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі «Ұлы қазақ ақыны Абай Құнанбаевтің туғанына 100 жыл толуына орай» юбилейік іс-шаралар өткізу туралы 1940 жылдың 16 мамырында №291 санды қаулы қабылдаған. Бұл қабылданған қаулыдағы атап көрсетілген шаралар қазақ халқының мәдени-қоғамдық өмірінде өзіндік ерекше орын алатын еді, - дейді ол.

Ол соғыстан кейін ақынның 100 жылдығы қалай тойланды дегенге қысқаша тоқтала кетті.

Жазушы Ә.Шәріпов «Көргенім, көңіліме түйгенім» атты естелігінде: «...Бүкіл халық көңілді. Бүкіл қала халқы Абай Құнанбайұлының туғанына  100 жыл толған мерекесіне дайындалып әбігер. Жан-жақтан келіп жатқан қонақтар. Облыстардан, туысқан республикалардан, Москвадан, Ленинградтан келуде. Мерекеге арналған кеш Опера және балет театрының үйінде өтті. Ол кешке Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Н. Скворцов, екінші хатшысы Ж. Шаяхметов, Қазақстан министрлер кеңесінің төрағасы Н. Оңдасынов, Қазақстан Орталық партия комитетінің мүшелері, мәдениет, қоғам ұйымдарының, өндіріс орындарының өкілдері қатысты. Кештен кейін белгілі өнер қайраткерлерінің қатысуымен үлкен концерт болды. Тамыз айының 24-і күні КСРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалының Тіл және әдебиет институты мен Абай атындағы Қазақ педагогика институтының Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл толған мерекесіне арналған ғылыми сессиясы болып өтті. Сессияны Қ.И. Сәтбаев қысқаша сөз сөйлеп ашты. Абайдың өмірі мен шығармалары Н. Сауранбаевтың, М. Сильченконың, Ә. Мәметованың, Р. Лембергтің, Е. Ысмайловтың, А. Ахметовтың, Қ. Мұхаметқановтың баяндамаларында жан-жақты талданып, Абайтану жолындағы баға жетпес тың пікірлер айтылды, - деп жазылғанын айтты ол.

Тарихшы атағандай, бұл мереке Абайдың туған жерінде жалғасқан.

Баяндама жасағандардан М. Сильченко мен Е. Ысмайлов Үкіметтік Юбилейлік комитет мүшелері. Бұл айтулы шараға қаулыда атап көрсетілген комитет мүшелері М. Әуезов, А.Тоқмағамбетов, Е. Ысмайлов, К. Байсейітова қатысты.  Өкініштісі шараға халық ақыны Жамбыл Жабаев қатыса алмады. Ақын 1945 жылдың маусым айында 100 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Мерекелік шара Абай ақынның туған жерінде де жалғасын тапқан, - деді ол.

Тарихышының айтуынша, Абайдың ұлы ойларын қағида ретінде қабылдаса, рухани жаңғыруға бет алады. 

Қазақтың заңғар жазушы М.Әуезов өз уақытында: «Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр», - деп дөп басып айтқан осы тәрбиелікте, тағылымдық сөзі күні бүгінге дейін біздер үшін де, келер ұрпақ үшін де  өзекті болып қала бермекші. Ұлы Абайдың айтқан «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» дегенін санамызға сіңіру үшін билік жүйесі де, қарапайым халық та орындайтын негізгі қағидалар ретінде сөзсіз қабылдаса бүкіл болмысымызбен рухани жаңғырумыздың орындалғаны деп білген жөн, - деді Аққали Ахмет.

Тарихшы атағандай, Абайдың қара сөздері әлі күнге дейін өзектілігін сақтап отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды.

Оған Абайдың сол кезеңнен 21 ғасырға дейін ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келе жатқан қара сөздері бүгінгі дәуірде де, келер дәуірде де өзекті болатыны сөзсіз. Мен бір мысал келтірейін, Абай енді таныла бастаған кезде Шәкәрім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев пен Міржақып Дулатовтың Абай туралы айтқан сөздерінің өзі Абайдың айтып кеткен өлеңдері мен қара сөздеорінің өзектілігін аша түседі деген ойджамын. Мысалы, Міржақып Дулатов былай деген «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйінде тұрмас, халық ағағар,р өнер-білімге қанар, сол күндері Абай құрметі күннен-күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар, ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ рухымыз сезер, қуанар» деген. Қандай сөз. Бұл Абайдың данышпандығы, - деді ол.

Тарихшы Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны-Абай Құнанбаев. Одан асқан соңғы заманда қазақ даласында ақын болған жоқ» дегенін айтады. Бұл бір ауыз сөз Абайдың ұлы екенін көрсеткен.

Абай 39 қара сөзінде «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі - ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?», - бұл жерде ауызбіршілікті айтып отыр дейді тарихшы.

Оның айтуынша, Абайдың сөздері жастарға елі мен жеріне деген махаббаты күшейтіп, патриоттық сезімге тірбиелейді.

Шындығында, біз Абай десек, Мұхтар Әуезов, Мұхтар Әуезов десек Абай есімізге түседі. «Абай жолы» шығармасы қалай жазылғанын бүкіл қазақ біледі. Ол Кеңес кезінде жазылса да, көптеген елдің тіліне аударылды. Абаймен мақтанатынымыздың себебі да осы. Абайдың дәл қазіргідей танымал болуына Мұхтар Әуезовтің еңбегі зор. Революцияға дейін ақын-жазушылар қазақ қоғамындағы Абайдың орнын мықты көрсетіп кетті, - деді Аққали Ахмет.

Еске салсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 4 тамыздағы №495 Қаулысымен 10 тамыз ресми түрде «Абай күні» болып жарияланды және мерекелер күнтізбесіне енгізілді.

Аягөз ҚҰРМАШ
Бөлісу: