Абай және Қостанай облыстарында күн электр станциялары салынады

15 Шілде 2022, 05:09 2028

Алдағы бес жыл ішінде аймақта екі күн электр станциясы салынады деп жоспарлануда.

Энергетика министрлігі бірқатар бейінді компаниямен Қостанай және Абай облыстарында жаңартылатын энергетика жобаларын салу туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады El.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдағы бес жыл ішінде аймақта екі күн электр станциясы салынады деп жоспарлануда. Тиісті меморандумға ҚР энергетика министрлігі, "Полиметалл Евразия" ЖШС, "KEGOC" АҚ және "Qazaq Green" қол қойды.


– Polymetal халықаралық алтын өндіру компаниясы да жасыл энергетиканың дамуына өз үлесін қосуды жоспарлап отыр. Компанияның Абай және Қостанай облыстарындағы жобасы бес жыл ішінде жиынтық қуаты 39,6 МВт екі күн электр станциясын және қуаты 40 МВт бір газпоршеньді маневрлік электр станциясын салуды көздейді. Инвестициялардың жалпы көлемі 90 миллион доллардын асады, - делінген хабарламада.

Жаңа жасыл генерация Қазақстанға жылына 63 млн кВтсағ таза электр энергиясын қамтамасыз етеді.

– Жобаларды іске асыру Қазақстанның "жасыл" экономикаға көшу тұжырымдамасымен бекітілген нысаналы индикаторларға қол жеткізуге, қосымша инвестициялар тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ "жасыл" электр энергиясын өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.

"Qazaq Green" қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Қапеновтің айтуынша, елдің энергия жүйесіндегі теңгерімсіздік проблемасын шешуге көмектесетін жаңа маневрлік қуаттарды енгізуге көмектесетін бірегей жоба.

– Бұл тұрғыда мұндай жоба Қазақстанның электр энергетикасы тарихында тұңғыш болып табылады, - деді ол.


Бөлісу: