«Абай поэзиясы – әлем әдебиетінің жауһары»

17 Наурыз 2020, 16:19 5773

Жанат Әскербекқызы (Аймұхамбет) Ұлы Абайдың табиғат поэзиясы туралы сөз қозғайды

Поэзия – ғажайып бір әлем. Ол – табиғатқа, өмірге іңкәр халықтың әсершіл, сыршыл жаны, өмірдің әрі мен нәрі, дүниенің сарқылмас қазынасы іспетті. Ұлы Абай «Сөз патшасы» деп мәртебе берген өлең сөз қазақтың қаны мен жаны десе де болатындай.

Қазақтан шыққан ақын қыздар да аз емес. Олар жазған сыр тұнған жақұт жырлар сан жүректің кілтін тапты. Қанша жанның мұңдас та сырлас досына айналды. Поэзияның жаңа тынысын ашқан ақын қыздардың бірі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор Жанат Әскербекқызы Аймұхамбет. Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, Жанат Әскербекқызымен ұлы ақынның табиғат лирикасы туралы сұхбаттасудың сәті түскен болатын.


( Суретте: Ақын әрі әдебиеттанушы, мифолог ғалым Жанат Әскербекқызы Аймұхамбет )

Ақын Жанат Әскербекқызы өлеңге бала күнінен жақын болған жан. Ең алғашқы өлеңін мектеп қабырғасында жүргенде анасына арнап жазыпты... Тырнақалды туындысын 13 жасында әуелі анасы Қанипаға арнаған бала ақынның ары қарайғы балалық өлеңдері қан майданда қыршын кеткен он тоғыз жасар Әлия Молдағұловаға арнау, жылдың ерекше мезгілі – көктем туралы жыр жолдарымен өз жалғасын табады. Бала күнінен апасы айтқан жыр-дастандарды құлаққа құйып өскен талапшыл қыз он алты жасында ару Алматыдағы қазіргі әл-Фараби (бұрынғы С.М.Киров) атындағы университеттің филология факультетінің студенті атанады. Балауса қыздың балғын өлеңдеріне ерекше ықыласпен назар аударған Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғали, Жанғара Дәдебаев, Алма Қыраубаева, Шәкір Ыбыраев сияқты ұстаздарынан, Фариза Оңғарсынова, Шәрбану Бейсенова сынды қаламгер апайларынан көрген өнегесі, алған тағлымы ақынның өмір жолын шуақтандырғаны өз алдына үлкен әңгіме... Жанат Әскербекқызының ұстаздық пен оқытушылық, жалпы ғылым жолында еңбек етіп келе жатқанына 33 жыл уақыт болыпты... Сонымен қатар, әдебиеттанушы ретінде өзінің зерттеулерінде ұлы Абайдың табиғат лирикасына да ерекше назар аударып келеді.

Жанат Әскербекқызы поэзияда, оның ішінде ұлттық поэзия әлемінде, жалпы танымда табиғат тақырыбы ерекше орын алады дейді:

–Менің зерттеу жұмысымның негізгі бағыты – адам мен табиғат үндестігі, сол үндестіктен туындаған мифтік танымның поэтикалық ойлаудағы қызметі. Табиғаттағы әрбір зат, нысан мен құбылыс адам сияқты саналы ойға ие. Олар тірі рух түрінде қабылданады. Мұны ғылымда «анимизм», яғни «анимистік сенім» деп айтады. Анимизм туралы Эдуард Тэйлор «Первобытная культура» еңбегінде ерекше атап көрсетеді. Әрине, басқа да мифолог ғалымдардың еңбектерінде де тұщымды тұжырымдар бар...

Алаштың ардақты қаламгері Жүсіпбек Аймауытов табиғат пен адамға қатысты: «Өзгермейтін, алдамайтын, таза қасиетті нәрсе не? Ол – табиғат. Табиғат, махаббат, көркемдік – міне, қашаннан бері ақындардың жырлап келе жатқан, бас иген құдайы, жабыққан жанына ем болған дәруі», – деген пікір қалдырған. Расында да солай.


Абайдың табиғат лирикасында сорабы бөлек, бітімі өзгеше бейнелеулер, суреттеу мен егіздеулер молынан кездеседі. Және де бір ерекшелігі, біздің танымымыздағы табиғатты терең тануға, сезімталдықпен түсінуге, өзгеге сыршылдықпен түсіндіре білуге ұмтылады. Мифологиялық ойлау дәуірінде ақиқат ретінде қабылданған ұғымдарды көркем кеңістікте жаңғырта бейнелеп, түйсікке, сезімге ерекше әсер ете суреттейді. Жалпы, табиғат лирикасының бастауында бағзы мифтік танымның жатқаны белгілі. Абай табиғат лирикасына қатысты мен осы бағзы таным, архетиптік негіздерге ерекше назар аударуды мақсат етемін.

Абай мұрасын зерттеген белгілі ғалымдар оның лирикасы туралы сөз қозғағанда суреттеу мен бейнелеудің түп тамырына үңіледі. Мәселен, академик Зәки Ахметов Абайдың: «Анамыздай жер иіп емізгенде, бейне әкеңдей үстіңнен аспан төнер...», – деген өлең жолдарындағы тың поэтикалық теңеуіне, «күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынышты» деген метафораларына қатысты мифтік танымды тілге тиек етеді. Бұл пікірді ары қарай академик Сейіт Қасқабасов тереңдете түскен, – дейді Ж.Әскербекқызы.

Абайдың табиғат лирикасындағы ерекше бейнелеулер мен суреттеулері өз алдына бөлек әңгіме.

Жалпы Абайдың табиғат лирикасындағы ерекше бейнелеулер мен суреттеулер туралы зерттеулер әлі де қажет деп ойлаймын. Ұлы ақынның табиғатқа қатысты өлеңдеріндегі тұрмыстық ахуал, дүниетанымдық мәселелер, сезімдік жайттар жаңаша талдауларға негіз болары хақ. Ақынның шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылды, оқырманын тапты, ұрпақтың құнды қазынасына айналды. Абай – әлемдік дәрежедегі, әлем әдебиетіндегі ұлы тұлға. Үнділердің Рабиндрант Тагоры, ағылшындардың Шекспирі сияқты, Абай да өзінің ұлтын рухани тұрғыда биікке көтерген кемеңгер ақын.


( Ақын Жанат Әскербекқызымен сұхбат барысында )

Ақын поэзиясында философиялық қисын, заман тынысы, халықтың тұрмыс-тіршілігінің суреті зор ақындық шабыт, талғамы биік суреткерлік шеберлікпен өрілгендігі белгілі. М.Әуезов айтқандай, «Қазақ поэзиясының күн шуақты асқар биігі» бола білген кемеңгер ақынның бейнелі тілі, суреткерлігі, талант шексіздігі ұлттық поэзиямыздың мүмкіндігі мен даму жолын айқындап берді.

Абайды Абай еткен, Абайды танытқан, оны бүкіл әлемге мойындатқан оның айрықша ақындық таланты, суреткерлік шеберлігі. Сол суреткерліктің керемет ұшқындары табиғат лирикасында жатыр. Мәселен, жылдың төрт мезгіліне арналған өлеңдеріне назар аударыңыз. Әр мезгілді суреттеуіндегі көркемдік жүйеге, бейнелі тілге, сөз қолданысына назар аударыңыз.

Қазақ қауымының көшпелі тұрмыс-тіршілігі, табиғаттың бүкіл құбылысы, оның адамға әсері, сол табиғаттың қас-қабағын, райын көшпелі ата-бабаларымыздың қалай танып, қалай қабылдағандығына Абай өлеңдерінен жауап табуға болады дейді ақын.

– Жазғытұры қалмайды қыстың сызы,

Масатыдай құлпырар жердің жүзі.

Жан-жануар адамзат анталаса,

Ата-анадай елжірер күннің көзі,–

деп басталатын өлеңде көзіңізге бала шағыңызда желмен жарыса жүгірген кең дала, жар астындағы өзеннің гүрілдеп аққан ағысы, қыр мен қырат елестейді. Ерекше суреттеумен, шынайы тіршілік бояуларымен құлпырып тұр.

«Безендірген жер жүзін, тәңірім шебер...», «анамыздай жер иіп, емізгенде...», – деген жолдарда бағзы мифтік таным, көне дүниені тану көрініс табады. Осылайша, Абай өлеңдеріндегі мазмұн кереметтей тамаша метофораларға, теңеуге ұласып, тың көркем кеңістікті ашады. «Тәңірі, көктен мейірім мен шуақтың төгілуі, аспан – әке, жер – ана» деген түсінік бағзыдан келе жатқан бүкіл әлем халықтарында бар мифтік таным. Осы мифтік таным Абай өлеңдерінде тың суреттеу болып көрініс тапқан. Дәл осылай Абайдан бұрын қай ақын айта алды? Жазғытұры ерекше мейірленген аспан мен жерді ерекше кейіпте айрықша етіп кім суреттеді?

Жазды күні шілде болғанда,

Көкорай шалғын бәйшешек

Ұзарып өсіп толғанда....

Күркіреп жатқан өзенге

Көшіп ауыл қонғанда,–

жолдарға қарасаңыз шілдедегі сәні мен салтанаты келіскен қазақ ауылының тамаша бір көрінісін динамикалы суретті сөздермен, көз алдыңызға келтіреді. Шауып жүрген құлын-тай, тағы басқа қазақ ауылына тән суреттеулер – барлығы өлеңнің мазмұнынан орын алған.


Жанат Аймұхамбет ұлы ақынның көркем детальді шеберлікпен құбылтып, сыршылдықпен аңғартып, «жүрекке жылы» тиетін суреттеулермен өрнектегеніне ерекше тоқталды:

Осыған қарап ұлттық поэзиямыздағы табиғат лирикасының классикалық үлгісі ұлы Абайға тән екенін көреміз. Абай тағлымы кейінгі ақындарымыздың шығармашылығында сәтті жалғасын тапты. Абайдың ізбасары Мағжан десек, оның өлеңдерінде табиғат тұтастай «адамдандырылды». Табиғаттың «адамдандырылу» элементтері поэтикалық тұрғыда, әрине, Абайдан бастау алды. Мағжан да, Абайдың дәстүрін жалғастырушы ақындардың бірегейі. Абай «Қыс» өлеңінде кәдімгі көшпенді малмен тіршілік еткен ауылға, қыстың қаншалықты жайсыз тиетіндігін, малмен күн көрген қазақ ауылының, қыстың бейнесін жасаған суреттеулерді басқа халықтардың қысты суреттеуімен салыстыруға болады. Көшпелі, малмен тіршілік еткен халықтың жылдың бұл мезгілін ауыр сынақ ретінде қабылдауы Абай өлеңінен айрықша аңғарылады.

«Ақ киімді денелі,ақ сақалды,

Соқыр мылқау танымас тірі жанды....», –

деген жолдарда өзі – соқыр, өзі – мылқау, түсі суық қаһарлы қысты бейнелеуі осының мысалы. Біз көшпелі тіршілікті қыспаққа алатын қысты Абайдың суреттеуі арқылы танып, түсініп, сезінуімізге болады.

Жанат Әскербекқызының айтуынша, Абай «Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан..» атты өлеңінде басқа табиғат лирикаларымен салыстырғанда, әлеуметтік мәселеге баса назар аударады. Жаздан шыққан, қысқа қамданған ауылдың тіршілігі, сол кездегі қарбалас әрекет пен қысқа дайындық, ауқатты бай мен тұрмысы нашар кедейдің халі анық көрінеді.

Абай лирикасының өзегінде ежелгі, адамзат баласына тән таным, бүкіл табиғатты тірі рух деп қабылдауы жатыр. Көркем деталь, метафора, теңеу, психологиялық егіздеу, кейіптеу тәсілдерінің ең үздік классикалық үлгісін біз Абай өлеңдерінен табамыз.


Абай тек табиғаттың төрт мезгілін ғана жырлап қойған жоқ. Адамның көңіл-күйін мұң басқан сәтті кереметтей ерекше бір ғажайып сәттерін табиғатпен астастыра суреттеді. Абайдың М.Ю.Лермонтовтан аударған өлеңінде:

Күнді уақыт итеріп

Көкжиектен асырса,

Көлеңке басын көтеріп,

Алысты көзден жасырса, –

деген жолдар бар. Философиялық мәні терең бұл өлеңде де табиғат басты нысанда... Сондай-ақ осы рухтағы:

Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса,

Күнді уақыт қызартып,

Көк жиектен асырса.

Күңгірт көңілім сырласар

Сұрғылт тартқан бейуаққа,

Төмен қарап мұңдасар,

Ой жіберіп әр жаққа, –

деген жолдарда лирикалық кейіпкердің жан дүниесіндегі мұң, жабырқау табиғаттың бір мезетімен үндестіріліп, астастырылып беріледі.

Гете - Лермонтовтан аударған, түпнұсқамен толық сәйкес келетін «Қараңғы түнде тау қалғып...» деп аталатын тамаша туындысы бар. Ол туралы кезінде Герольд Бельгер айтты. Мен одан асырып ештеңе айта алмаймын. «Желсіз түнде жарық ай...» өлеңінде ауыл түнін, табиғаттың сырға толы бір сәтін бейнелейді.

Поэзиядағы Абай дәстүрі кейінгі қазақ ақындарында жалғасын тапты. Бұл жалғастықтың алтын көпірінде, Жанат Аймұхамбеттің айтуынша, эстет ақын Мағжан Жұмабаев тұр.

– Абайдың табиғатты адамның жан дүниесімен астастыра, үндестіре суреттеуінен Мағжанның өлеңдері тамыр алған деп айтуға болады. Мағжанның күллі көңіл күйі, басынан кешкен тағдыры, қиямет-қайым күндері – барлығы да табиғатпен егізделіп, үндестіріліп отырады. Көне танымды жаңғырту арқылы табиғат суретімен көңіл күй ауанын ұштастыру «Жазғы жолда», «Қысқы жолда», т.б. өлеңдерінде айқын көрінеді. Одан басқа, «Абайды оқы, таңырқа...» деген Сұлтанмахмұт, «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып өзіне қайтарған», «Айтарын ашып айтқан абайламай, па, шіркін, Махамбеттер, Абайлар-ай» – деп жырлаған ақын Мұқағали Мақатаев, тағы да қаншама қазақ ақындары бар. Абай поэзиясы – ұлттық поэзиямыздың ескірмес құндылығы, әлемдік әдебиеттің жауһары. Бұл даусыз.

Ақындықты ерекше бір тылсым күшпен байланыстыратын ақын әрі әдебиеттанушы, мифолог ғалым Жанат Әскербекқызының ұлы Абай поэзиясы туралы айтары әлі де көп. Поэзия әлемінде өзіндік орны бар ақынның жазары таусылмасын дейміз.

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: