«Абай өмірі: Өмірлік және көркемдік шындық»

13 Мамыр 2020, 11:57 11554

Ғалым әрі жазушы Тұрсын Жұртбайдың Абай туралы ойлары

Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Дана ойшылдың мерейтойы қарсаңында ақын өмірі мен жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына қатысты өмірлік және көркемдік шындық турасында ғалым, алаштанушы әрі абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, жазушы, профессор Тұрсын Жұртбай әңгімелеп берді. Ұлттық Академиялық кітапхананың ғаламтордағы парақшасында «Абай өмірі: Өмірлік және көркемдік шындық» тақырыбында өткен онлайн дәрісте біз де ғалымға сұрақ қою барысында өз сауалдарымызғажауап алуға тырыстық.

Абай Құнанбайұлының әрбір кезекті торқалы тойында ойшыл жөнінде көптеген ойлар мен пікірлер айтылады. Жанымен үйлесіп жатқан саналы түйсіктің сөздері ғана емес, ілеспе, алыпқашпа әңгімелер де шығып қалады. Соның бірі – Абайдың өміріне қатысты мәселелер және де ол өмірдің шындығына жету туралы ғалым, абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың көтерген мәселесі.


Абайдың өміріне қатысты маған көптеген сұрақтар қойылады. Оған себеп менің ақын туралы жазған-сызғандарым мен ойларыма, түйген пікірлеріме қатысты болар деп ойлаймын.Соның ішінде мені өте қатты алаңдататын жайт бар. Ол біздің ақын өміріне деген көзқарасымызға қатысты болып отыр. Абайдың өз өмірін, тіпті білетін адамдардың өзі тілінің астына маржан салып сөйлейді. Соның бірі – менмін. Кешегі Бекен Исабаев, Шыңғыстаудағы көнегөз қариялардакейінгі 70-ші жылдардың алқымынан бастап араласқан кезде көптеген жайлар ашылды. Ол да қозғалар. Бірақ мен сол 1974 жылдан бастап көркем шығармадағы Абайдың өмірі, сонымен қатар көркем шығармамен салыстыруға болатын архивдеректері және ел аузындағы мәліметтерді жиыстырумен жүрмін, – деді ғалым Тұрсын Жұртбай.

Абайтанушы өз сөзінде ақынның өмірі туралыкөлемді материал жазуға отыз жылдан бері дайындалып келгенін де айта кетті.

Әр уақытта қалам тартып ұлы ойшыл туралы бастап жазып кеткім келеді. Бірақ, соның өзінде үш-төрт мәселе шешілмей қалды. Өйткені әңгімелескен адамдармен айтқан сөз, берілген уәде, шындық, ақиқатты қабылдауға келгенде біздің жұртымыздың ұғымы мен талғамының өзі үлкен проблема. Сол тұрғыдан алғанда осы бір мәселегеқарау керек сияқты, – деді ғалым.

Абайтанушы Тұрсын Жұртбай өз дәрісінде Мұхтар Әуезовтің 1934 жылы жарияланған «Абайдың ақындық өмірі» атты туындысынан асқан еңбек жоқ екенін айта кетті. Кітаптың ішінде өзінің барлық айтайын деген ойларын, айта алмай жүрген және айтқысы келетін шындықтары жазылыпты.

Жалпы Абай Құнанбайұлының төрт рет жазылған өмірбаяны үлкен маусымдардың, майдандардың қарсаңында жарық көрген. Оларды атап айтар болсам, алғашқысы1937 жылдың қарсаңында жазылған. Кейін 1945-1946 жылдарда, одан кейін соңғысы1951 жылы жарияланды. Ақынның соңғы жарық көрген өмірбаянында оның қыспақтан өтіп, жан-жақтан қаумалап келіп, Әуезовтің, Абайтану ғылымын, Абайдың өзі де әшкереленіп кететін кездері айтылады. Сол бір жаладан арашалап алу үшін М.Әуезовтің жанайқайымен шырылдай отырып, кірісіп, амалдап айтқан ойлары бар. Оның ішінде бұрынғы Абайдың танымдық көздері, өмірі туралы сөздер басқаша бағамдап берілген. Олардың барлығы жеке-жеке әңгіме. Әсіресе, ұлы ойшылдың ақын шәкірттері, ақынның айналасы, дінге, шығысқа деген көзқарасы және жеке өмірі туралы жазылған. Сонымен қатар, М.Әуезовтің 1949 жылы жарияланған «Ақын аға» деген екінші кітабынан кейін, үшінші кітап тұсында қазақ коммунизмге баяғыдан өтіп кетіпті. Енді оларға социолизм керек жоқ екен депүш жыл қатарынан Мәулен Балақаев, Сақтаған Бәйішев тағы да басқа ғалымдар идеологиялық тұрғыда күрескен кезде, жазушы Мұхтар Әуезов Мәскеуге барып, төрт жарым ай жатып, қайтадан үшінші кітапты жазып шыққан еді, – деді ғалым.


Абайдың өмірбаяны туралы бірінші кітап 1943 жылы жарық көріпті. Ал ол кітап пен 1951-1953 жылдары шыққан туындының арасында үлкен айырмашылықтар бар екен. Нақтырақ айтқанда, қарама-қайшылықтар да кездеседі. Жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Менің жазғаным – көркем шығарма. Сондықтан да көркем шығармаға тиісті мәселелерге қатысты мен қоғамдық ойды тудыру арқылы бүгінгі күннің партиялық, таптық, социалистік реализм тұрғысынан келе отырып, мен Қодар мен Қамқа оқиғасында Құнанбайдың тікелей кінәлі екенін сол ғылымдар арқылы таптым», – деген сөзі бар. Мұны ғалым Тұрсын Жұртбай амалсыз айтылған пікір деп есептейді.

– Менің «Ұраным – Алаш!» кітабымның үшінші томында «Абай» романы туралы айтылған. Сонымен қатар «Абай жолы» романы туралы «Литератураная газета» мен СССР Жазушылар одағында талқылаулар болды. Осы реттен алғанда «Абай жолы» роман-эпопеясы аяқталуы қазақ үшін ұлы олжа. Ол М. Әуезов көтерілген шыңға өзге адамның көтерілуі мүмкін емес. Бұл Шыңғыс Айтматов айтып кеткендей,әлемдік деңгейдегі шың. Биіктер болар, бірақ бәрі Хантәңірі болмайды. Бәрі Әуезов болмайды, – деді абайтанушы.

Тұрсын Жұртбай Абайдың өміріне, көркем шығармадағы шындыққа бала кезінен назарын салмаса да, ауылда өскендіктен Абайдың Ырғызбайдан тарайтын Сирақбай Досмаханбетов деген ақсақал оны үйіне шақырып алып, қажының төрде тұрған суретін көрсетіпті. Сол күннен бастап ғалымның Абайды зерттеуіне жол ашылыпты. Ол Сирақбай ақсақалмен Абайдың өскен жерін бірнеше рет аралаған екен. Одан кейін Бекен Исабаев, Шәкір Әденов секілді т.б толып жатқан азаматтардың айтқан сөзі, Дәрібай, Әбіш ақсақалдардың айтқан шежірелері де әсер еткен.

– Осындай түйткілді мәселелерді айтып жүргенде, маған Абайдың өмірбаянын жазыңызшы деген өтініштер де айтылады. Бірақ 1978 жылы марқұм Сағат Әшімбаев «Жұлдыз» журналына шығарған «Абай өмірі: Өмірлік және көркемдік шындық» деген мақалам жарық көрген болатын. Онда«Абай жолы» роман-эпопеясы Омбы қаласындағы архивтің негізінде жазылған бақыланымдар екені жазылған. Содан бері осы мәселемен тереңдетіпайналысып келемін. Ол материалды қазір Нұрлан Дулатбеков деген депутат толық шығарғалы жатыр. Бұл – өте игілікті әрікеректі іс.Біздің қазіргі қазақ қауымының оқырмандары, олардың талғамы өзгеріп кетті. Тіпті жоғарғы оқу орындарында дәріс беретін көзіқарақты, ғылымға сауатты ұстаздар мен ғалымдардың өздері Абайдың өмірбаянын «Абай жолындағы» көркем кейіпкер негізінде шәкірттеріне түсіндіріп, сабақ береді. Менің ойымша, бұл – мүлдем қате. Көркем шығармадағы көркем кейіпкерді талдай отырып, сол арқылы Абай Құнанбайұлының өмірін түсіндіру бұл біздің көркем әдебиет туралы талғамымыздың әлі де толық қалыптаспағандығын танытады,– дейді филология ғылымдарының докторы.


Ғалым көркем әдебиеттің ешқашан да жеке тұлғаның жеке өмірі болып саналмайтындығын айтады. Көркем әдебиет – көркемдік шындық. Мың шындықтыалып отырып, соның барлығынан бір-ақ көркемдік шындық жасайды. Адамды тебірендіреді, сүйсіндіреді, жылатады, өкіндіреді және ренжітеді. Көркем әдебиет – өнер. Ал «Абай жолы» роман-эпопеясы жазушы Мұхтар Әуезовтің көңіліне сай шығарған шығармасы.

– Кейде маған өзімнің шәкірттерім сұрақ қояды. Бізге кеше ғана «Абайтану», «Әуезовтану» шығармашылығынан ұстаздарымыз сабақ бергенде, Абайды Қодар мен Қамқаның оқиғасынан бастап білеміз деп түсіндіреді. Ал сіз маған мүлдем басқаны айтасыз дейтіндер де бар. Жалпы осы орайда көркем шығарма оның ішінде «Абай жолына» қатысты принциптердің негізгі жағдайларына тоқталғым келеді. Негізі көркемдік шындыққа 7 түрлі шарт бар. Мәселен географиялық шарт. Абайда физикалық қасиет бар. Оныңөмір сүрген қоғамын өзгертуге болмайды.Абай феодализмнің ең соңғы дәуірінде өмір сүрген. Сол кездегі ғылымның жаңалықтарынан асып кетуге болмайды. «Абай арқылы мен дүниежүзіне идеал болатын ұлы ақынды өмірге әкелгім келеді.Сол үшінбарлық жазушылық құқығымды пайдалана отырып, қоғамдық шындық пен кейіпкерімді ашу үшін көркем шығарманың заңдылықтарын пайдаланып, өз шығармамды жаздым. Мен өзімнің Қодар мен Қамқаға байланысты оқиғаныҚұнанбайдың өскен тәрбиесінен, қоғамдық ойларынан, таптық көзқарасынан барып шығарып әділдікке жеттім,» – деп Мұқаң жазады. Бұрын оған жөнді назар аудармаппын. Неге десеңіз? «Абай жолында» Қодар мен Қамқа оқиғасын алмасаң, Абайдың бүкіл ішкі дүниесі, көзқарасы туралы басқа ой қалыптасып кетеді. Бұл – коллизия. Бұл – өткен мен жаңа өмірдің арасындағы байланыс. Бұл шығарманы жазудағы М.Әуезовтің ұлылығы, – деп ерекше атап өтті абайтанушы.

«Абай жолы» роман-эпопеясының 1943 жылы шыққан жинағының бірінші нұсқасында Қодар мен Қамқа оқиғасы өмірде болғаны жазылады. Және романдағы атасы мен келінінің арасындағы қарым-қатынас – рас. Онда бір тәртіпсіздік, бейбастық бар. Жазаға тарту орынды еді деген көркем пайым бірінші кітапта жазылады. Ал екінші кітапта еріксіз өзгертуге тура келді. Турасын айтқанда, Абайды сескендіретін Қодар мен Қамқа оқиғасы арқылы ақынның өмірлік көзқарасы қалыптасты десек, бұл – өтірік.


– Менің есептеуімше, (жаңылысуым да мүмкін) Қодар мен Қамқа оқиғасы–1834-1836 жылдары Абай тумастан он жыл бұрын өтіп кеткен жағдай. Екінші мәселе ол оқиға өмірде болған. Қазіргі Шәкәрімнің қыстауы сол кезде «бұл екеуінің күнәларын қара жер де қабылдамайды», – деп олардың бейіттерін өртеп жібергені, Қамқаның шешесі қызының бетіне түкіріп, теріс бата бергені де рас. Сол жерде тас үйіп қоршап, ортасын өртегені әлі де бар. Шәкәрімнің қыстауынан 3000 метрдей жерде, өзеннің арғы бетінде, жартастың түбінде сол үйінді тұр. Бұл – өмірдегі шындық. Абай қоғамдық іске араласқанда Мұсақұл соғысына қатысып, Бөжей, Тәкежанның, Бөкей мен Майбасардың ортасындағы ділгір адам болып билік айтуы мүмкін емес. Ол Алпамыс, Ер Төстік сияқтыкүн сайын, сағат санап ер жетсе де ол мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені Мұсақұл соғысы 1946 жылы 16-17 қыркүйекте өткен, – дейді жазушы Тұрсын Жұртбай.

Ғалым А.Янушкеевич өзінің күнделігінде: «Құнанбай әлдене нәрсеге ағайындарымен араздасқан екен, ширығып кеше кетті. Біз Айбике болыстығына Қарқаралыға, Тәттімбеттің ауылына кеттік»,– дейді. Ал сол жолы Мұсақұл соғыс басталған. Абай ол кезде бір жаста. Кішкентай бала соғыс майданында қай арада билікке араласып, үкім айтады. Абайдың сол күннен бастап, сахараға тарап, қазақ даласы Құнанбайдың жетілген, ақылды жөн білетін, жүйрік ұлы Абай бар екенін білді. Абай деп қазақ даласына таралды деп суреттелетін Бөжей оқиғасына да Абай қатыса алмайды. Себебі, Бөжей асы 1850 жылы өтті. Абай ол кезде шамамен бес немесе алты жаста болғанын болжайды жазушы.

– Тағы бір оқиғаны айта кетейін. Абай әкесі Құнанбайдың аға сұлтан кезінде оныңбилігіне арқа сүйеп, бірге ел басқаруға араласа алмайды. Өйткені Құнанбайдың сайлану уақыты–1849-1852 жылдар. Аға сұлтандыққа сайланғаннан кейін іле болыстық мәселесіне байланысты романдағы Бөжей, Майбасар, Көкше арасында қақтығыстар басталып кетті. Бұл туралы Нұрлан Дулатбек жариялайтын биылғы архивте толық қамтылған. Онда 2100 беттей қылмыстық іс, 160-170 бет генерал-губернаторлықпен бірге Мәскеудің арасындағы қарым-қатынастар қамтылған. Ал қалған үшінші іс, 1864 жылы жазылған жазбада «Құнанбайды жазаға тарту мүмкін емес, ол кісі қазір қажылыққа кетіп қалып еді», – делінген. Мұның барлығы архивтегі мәселе. Сондықтан да әкесі аға сұлтан кезінде небәрі Абай 7-8 жаста. Демек болыстыққа, билікке араласқаны туралы мәлімет қисынға келмейді. Әрине, Құнанбайдың беделін ұлы пайдаланды. Ол басқа тіршіліктегі мәселе болып табылады. Содан кейінгі біздің Абайдың өмірін түсіндіріп отырған менің өзімеде оқыстау көрінетін шаруа – Абай мен Базаралының, Абай мен Дәркембайдың арасы. Бірден айта кетейін Дәркембай жай адам емес, кедей де емес. Ол Бөжейдің туған бауыры, Кеңгірбайдың тұқымы. Оның Абайдан еш дәрежесі кем емес. Шығармада Дәркембайды кедей етіп көрсеткен. Және де Базаралыны Абай түрмеден арашалап алуы мүмкін емес. Себебі Базаралы – сонша беделді, мысы басым, жігіттің ішіндегі есжияры. Бірақ құдай берген күшті пайдаланып, қазақтың күн көрісінің бірі барымтаны негізгі кәсіп еткен адам. Ал осы тұрғыда Абайдың болыстыққа берген бірінші анты қандай? Ол ақынның «ұры-қарыны қаталдықпен жоямын, өтірікті тиямын» дегені еді, – деді Тұрсын Жұртбай.


Абай болыс болғандаБазаралы «ендеше, жасарыңды маған жаса» деп ерегескен. Ол ақынның туған ағасы Тәңірбергеннің 800 жылқысын бір түнде барымталап әкеліп, бір тәуліктің ішінде терісін сыпырып үлгерген. Бұл– ұрлық, зорлық, астамшылық және ерегес. Болыс заң тұтқасы болып отырып кімді жазалайды? Әрине, Базаралыны жазалайды. Базаралы сонша бай емес. Барымтамен, түрмемен өмірі өткен азамат. Соны екі ортада алғашқы жер аударылып келгеннен кейін Абаймен ерегісіп, Ырғызбай істесең маған істе деп Нұрғаныммен жақсы болып, Абайдың, Оспанның, Дүтбайдың бүкіл баласының көзінше өз ойындағысын жасаған. Бұл әрекеті жігіттікке жатқанымен, баланың көзқарасымен алғанда дұрыс емес жағдай. Осыдан кейін Абай мен Базаралы жақсы болып қалмас еді. Семейге барып, Базаралы сотталар кезде Абайды арашашы болған деген сөз де қисынға келмейді. Ол іс те бар. Сонда екі рет Базаралыны итжеккенге жіберген болыс – Абай. Ол дұрыс әрі заңды.

– Ал енді осы үш оқиғаны М.Әуезов неге керісінше аударуға мәжбүр болды. Шығармадағы Қодар мен Қамқа оқиғасы көркемдік шындық пен қақтығыстан туған деп есептеймін. Көркем шығарманың заңдылығы бойынша феодалдық қоғамда болған оқиғаны 1914 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров Тарбағатайда асып өлтірген қыз бен жігіттің оқиғасын жазғаны бар. Ал Абайдың ортасындағы қақтығыста ақынға рухани қақтығыс керек еді. Ол әрине, шығармадағы адам бойын шымырлататын Қодар мен Қамқа оқиғасы еді. Демек оның астарында мән бар. Жазушының шығармада оқиғаны қолдануға толық қақысы бар. Көркем туындыны пайдаланудаоқиғалардың орнын ауыстыруға көркем тартыс керек. Ал Мұсақұл соғысында бұл оқиғаның болғандығы туралы нақты білмеймін. Алыстан түйені жауып жібереді. Бірақ осыдан мың жыл бұрын Ескендір Зұлқарнайыннан әкесі Филип, Скиф патшасы Атейге қарсы соғысқан. Түйе ол сол кездегі Атей патшаның көшпелі заманда қолданған соғыс тәсілі болып табылады.

Ол тәсіл, әрине дұрыс. Мұхтар Әуезовтің сөзінде ол жай туралы айтылады. Онда жазушы: «Мен Бөжейге ас бергенін «Абай жолы» романында суреттегенде, Абаймен қоса қазақ халқының көшпелі өмірін таныстырғым келді. Жайлауға шығарып, салтанатын көрсетуім керек болды. Сондықтан да бұл өңірдегі ең үлкен және сол кездегі менің көркемдік тартысыма жұмыс істейтін оқиға Бөжейдің асы болды», – дейді. Абай шындығында 14 жасқа келгенде бір емес, талай асты басқарды. Шығармада Мұқаң көшпелі жұрттың, қазақ халқының этнографиялық тарихын көрсету үшін Бөжейдің асы, оған жиналған жұртты көркемдік таныммен суреттеп жазады. Сондықтан ол асты он жыл кейінге шегерген.

– Жазушының көркем шығарманы жазуда оқиғаны қолдануға қақысы бар. Базаралы туралы жазғанда Мұқаң қатты қиналған. Ол – қалайда «Абай жолы» романын аман алып шығып, аяқтау үшін қажет болған амал. Егер де Базаралы кедей болып, оны ақын Абай, әділетті Абай жазалап жатса,міндетті түрде кедейді қорлаған жауыз Абай, феодализмнің туын тіккен Абай болар еді. Соны Мұхтар Әуезов суреттеп отыр. Жала жабуды былай қоя тұрғанда, 4-5 жастағы Тұраштың маңдайынан сипап өтті деген сөзі үшін Алашорданың мүшесі өзінің баласының атын романға кіргізіпті деп баяндама жасаған ағаларымыз болған. Ал егер Базаралының образын жағымсыз образдар қатарында жіберетін болса, онда «Абай жолы» мен Әуезовтің өзі тұңғиыққа кетер еді. Сондықтан мен Абайдың өзінің қасіреті, уыты, көз жасы, құсалықпен өлу себептері, ақынның өзі кешкен шындық өмір арқылы түсіндіру дұрыс деп ойлаймын. Осы арада Абайдың Семейде 6 ай үй тұтқынында болғанынын айтуға болады. Абайды бүгін, ертең жер аударылып кетеді депөзінің Шыңғыс болысы ат шаптырып, күн сайын елді ығыр қылған. Ақынның өзінің туған бауырындай, ағасындай болған Көжекбайға өлең арнайтыныда сол жағдайдан кейін туындаған.

Абайдың тұтқында отыруына себепкер болғандар туралы сұрақтар туындайды. Ақын түрмеде болғанда Базаралының итжеккеннен қайтып келген кезі болатын. Базаралы болыс Қаратайдың жағына көшіп, барлығын да ұйымдастырған еді. Құнанбайдың қайын ағасындай болып өскен Көжекбай Базаралыға кеткен кезде кімнің жүгі биік болса, соған шығып, Абайды сатып кеткен еді. Осыны көріп, «қартайдық, қайғы ойладық,ұйқы сергек...» – деп ақын Абай бір-ақ күнде қартайып кетті.


– Абайдың сол кездегі халін, сол жағдайға жеткізген адамдар туралы қалай түсіндіреміз.Жанын ашындырған не, кімге күйіндіріп айтып отыр? Соншама қайтып дүниеге бетін қаратпаса екен деген оқиғаға себеп болған адамдарды біз қалай ізгі ниетпен атаймыз? Мен романдағы Базаралы образына қарсы емеспін. Абайдың жан дүниесіне жанымашиды. «Сен мені не етесің? Мені тастап, өнер бастап, жайыңа және алдап арбап өз бетіңмен сен кетесің...» – дейді. Мұны кімге айтқан? Біз ғашық болды деп жазып, Абайдың өмірін, оның жан дүниесін өлеңдері мен аудармаларын оқу арқылы білеміз. МенАбайдың неден күйініп, сүйінгенін түсінсек деп ойлаймын. Оның өлім трагедиясы, құсалы болуы тіпті қасіреті дейміз бе, оны қалай айтамыз? Мен шағын сөзімде Абайдың өз өмірі мен көркем шығармадағы өмірінкішкене ажыратып ой салып саралауға мүмкіндік берсе екен деп айтып отырмын. Осы мәселе 1978 жылы алғашқы мақаламда айтылады. Содан бері міне 45 жыл өтті. Әлі де қолыма батып қалам алғаным жоқ. Құнанбай деп көркемдік және өмірлік шындық деп айналсоқтап осы мәселені түсіндіргім келеді. М.Әуезовтің ұлылығын айтқым келеді. Ол Абайдан дүниені таңқалдыратын, қазақты дүниеге таңқалдыратын туынды жазып шықты. Қаныш Сәтбаев айтқандай, «Қазақ өмірінің энциклопедиясы» болатын шығарманы әкеліп, біздің әлемнің қойнына кіргізгендігі керемет емес пе?! – деді ғалым Тұрсын Жұртбай.

Әрине, мұндай шығарманы жазу үшін көркемдік шындық керек. Ол – ең абсолютті шындық. Егер Мұхтар Әуезовтің көркемдік шындығы болмаса, Абайды бізге танытып жеткізе алмас едік.

– Біз қазір тарихи және көркем шығармаларға өзіндік талап қойып жатырмыз. Шығармада ең бастысы идея болуы керек. «Абайды танытып, қазақты танытамын» – деген мұратына жазушы Мұхтар Әуезов жетті. Сол үшін қандай да болса құрбандыққа барды. Сол себепті, Құнанбайды терең құзға батыра отырып, Құнанбайдың иығына Абайды шығара отырып, өз шығармасын жазды. Біз осыны өмірлік шындық Абайдың өмірі еді деп қараймыз. Бірақ ақын Абайдың өз шындығы бөлек. Расында жүрегің у сепкендей ашиды. Өйткені Абайды күйінген, сүйінген, сүйіндірген етіп сезінеміз. Бұл – көркем шығарма мен өмірдің ортасындағы жай. Сондықтан оқырман жазушының идеясын түсіну керек, – деді өзінің онлайн дәрісінде жазушы Тұрсын Жұртбай.

Көркем шығармадағы шындықты Мұхтар Әуезов өмірлік шындық ретінде түсіндіруге ыңғайланған. Ол – заңды. Егер сол көркемдік шындыққа жазушының өзі сенбесе, біз де сенбес едік. Ал Абайтанушы, ғалым Тұрсын Жұртбай бізге ғасырлардан көтеріліп келген қыртыстарды жеткізбек болды.

Сөз соңында айтарымыз,Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы бүгінде тарихи романдар топтамасына кіріп, қазақтың тұңғыш эпопеясына айналды. Бұл шығарма қазақтың көркем прозасын биік деңгейге көтеріп,әлем әдебиетіндегі биік эстетикалық талғамы бар, көркемдік қуат әкелген үздік туынды болып қала береді.

(Суреттер  yandex.kz  сайтынан алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: