«Абай-Верн» шәкіртақылық бағдарламасы бойынша байқау жарияланды

28 Наурыз, 01:24 665

2024-2025 оқу жылына «Абай-Верн» шәкіртақылық бағдарламасы бойынша конкурс жарияланады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Абай-Верн» шәкіртақылық бағдарламасы – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Француз Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрлігі арасындағы бірлескен бағдарлама.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бұл Бағдарлама шеңберінде мамандық таңдауға шектеусіз қазақстандық жоғары оқу орындарында оқитын екінші оқу жылындағы магистранттар үшін 45 шәкіртақы және диссертациялық жұмысын бірлескен ғылыми жетекшілік негізінде жүзеге асыруды көздеген докторанттар үшін 5 шәкіртақы ұсынылады.   

Магистратураға шәкіртақы алуға конкурсқа қатысу шарттары:   

Қазақстан Республикасының азаматтығы;

жас шамасы шектеусіз;

2024-2025 оқу жылына қазақстандық ЖОО магистратурасының 2-ші курсына тіркелу;

Францияның ЖОО-на Master 1 немесе Master 2 бағдарламасы бойынша- қабылданғаны жөнінде шақыру немесе растау хаттың болуы;

басымдық қос диплом бағдарламалары бойынша білім алушыларға беріледі.

Докторантураға шәкіртақы алуға конкурсқа қатысу шарттары:

Қазақстан Республикасының азаматтығы;

жас шамасы шектеусіз;

2024-2025 оқу жылына диссертацияны бірлескен ғылыми жетекшілікпен даярлауды көздейтін қазақстандық ЖОО докторантурасының 1-ші курсына тіркелу;

Францияның ЖОО-на докторантураның 1-ші курсына қабылданғаны жөнінде шақыру немесе растау хаттың болуы;

Бағдарламаның қаржылық шарттары:

«Абай-Верн» бағдарламасының шәкіртақы иелері келесі басымдықтарға ие болады:

магистранттар үшін - айына 10 ай ішінде (қыркүйектен маусымға дейін) 800 еуро және докторанттар үшін – 3 жыл ішінде жылына 6 ай мерзімге айына 1500 еуро көлемінде шәкіртақы төленеді (ЖОО бұйрық шығарған кездегі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің курсына сай);

Француз үкіметінің әлеуметтік қамту бойынша шәкіртақысы (BCS). Бұл шәкіртақы мынадай артықшылықтарды қарастырады:

Францияға тегін ұзақ мерзімді студенттік виза (ақпарат үшін: шәкіртақы алмайтын студент үшін визаның құны 99 еуроны құрайды);

Франциядағы мемлекеттік оқу орындарының көпшілігінде міндетті тіркеу жарнасын төлеуден босату. Ақпарат үшін: шетелдік студенттерге магистратурада оқу үшін тіркеу жарнасы жылына 3770 еуроны, докторантурада оқу үшін жылына 380 еуроны құрайды. Сонымен қатар, мекеме және диплом түріне байланысты қосымша шығындарды ескеру қажет;

CROUS жатақханаларынан орын алу мүмкіндігі (ақпарат үшін: CROUS мемлекеттік университет жатақханасының жалдау ақысы айына 300-ден 600 еуроға дейін, ал жеке меншік секторында айына 800-ден 1000 еуроға дейінгі соманы құрайды);

студенттік асханаларда жеңілдікті тарифпен (кешенді түскі ас - 1 еуро) тамақтану;

тегін қосымша медициналық сақтандыру (шәкіртақы алмайтындар үшін 300 еуро);

Campus France агенттігі тарапынан ақпараттық қолдау.

Түсініктеме:

Көлік шығыстарын студенттер өз қаражаты есебінен төлейді.

Master-1 бағдарламасы бойынша «Абай-Верн» шәкіртақысы тек бір оқу жылына (2024 ж. қыркүйегінен 2025 ж. маусымына дейін) беріледі. Егерде студент Master-2 бағдарламасы бойынша оқуды жалғастыратын болса, оқу, тұру және тамақтану шығындарын студент өз қаражаты есебінен төлейді (ақпарат үшін: Франция Елшілігіне француз үкіметінің әлеуметтік қамту бойынша шәкіртақысын (BCS) иеленуге құжаттама ұсынуға, немесе Францияда ақылы тағылымдама/жұмыс табуға болады).

«Абай-Верн» шәкіртақылық бағдарламасы Францияның мемлекеттік ЖОО-да тіркеу жарнасын (frais d’inscription) төлеуден босатады, бірақ оқу ақысын (frais de formation) төлеу шығындарын өтемейді. Егерде студент ақылы оқуға түсетін болса, ол Конкурстық комиссияның назарына оқу құнын толық төлеуге қажетті қаражаттың болуын дәлелдейтін құжатты ұсынуға міндетті.  

Студент барлық сабақтарға қатысуға міндетті, олай болмаған жағдайда шәкіртақыны төлеу тоқтатылады.

Оқу жылы барысында студенттің бастамасымен оқу тоқтатылған жағдайда (төтенше жағдайларды қоспағанда), студент бұрын аударылған қаражатты толық көлемінде қайтаруы тиіс.

Үміткердің құжаттамасы:

Қажетті құжаттар тізімі:

француз жоғары оқу орындарына немесе ғылыми-зерттеу орталығына магистратура немесе докторантура бағдарламалары бойынша оқуға алдын ала қабылданғаны жөнінде шақыру-хатының болуы. Қабылдау рәсімі аяқталмаған жағдайда, өтініштің көшірмесін тіркеу қажет;

түйіндеме: таңдалған бағдарламаға байланысты француз немесе ағылшын тілінде, сондай-ақ қазақ немесе орыс тілінде;

уәждемелік хат: таңдалған бағдарламаға байланысты француз немесе ағылшын тілінде, сондай-ақ қазақ немесе орыс тілінде (бір парақ, тек алдыңғы жағы);

паспорттың бірінші бетінің көшірмесі;

бакалавриаттан бастап дипломдар мен бағалары бар қосымшалардың куәландырылған көшірмелері;

француз тілінде оқу бағдарламасын таңдаған үміткерлерге: B1 (DELF, DALF, TCF) деңгейінен төмен емес француз тілін меңгергені туралы диплом. Бұл талап жоғары оқу орындарда француз тілінде білім алған үміткерлерге қолданылмайды;

ағылшын тілінде оқу бағдарламасын таңдаған үміткерлерге: В2 (ТОЕІС, ТОЕFL, ІЕLТS) деңгейінен төмен емес ағылшын тілін меңгергені туралы диплом. Бұл талап жоғары оқу орындарда ағылшын тілінде білім алған үміткерлерге қолданылмайды.

Докторантураға оқуға үміткерлер қосымша мынадай құжаттарды тапсырады:

ғылыми жетекшінің пікірімен қоса ғылыми-зерттеу жобасының қысқаша сипаттамасы (диссертацияның тіліне байланысты француз немесе ағылшын тілінде – екі бет), сондай-ақ қазақ немесе орыс тілінде;

шығарылған ғылыми еңбектері мен жарияланымдарының тізбесі (ағылшын немесе француз тілінде), сондай-ақ қазақ немесе орыс тілінде;

ғылыми жетекшілері тарапынан ағылшын немесе француз тілінде ұсыныс хат (еркін нысанда), сондай-ақ қазақ немесе орыс тілінде. 

Үміткердің құжаттамасын жіберу тәртібі:

Құжаттарды қабылдаудың соңғы күні: 2024 жылдың 12 мамыры (24:00-ге дейін).

Үміткердің құжаттамасын 10 Мб аспайтын PDF форматында келесі электрондық мекенжайға жіберу қажет: verne@gmail.com

БАРЛЫҚ ҚҰЖАТТАР КЕЛЕСІ АТАУМЕН БІРЫҢҒАЙ ҚҰЖАТТАМАДА ЖИНАЛУЫ ТИІС:

Магистратура бағдарламалары үшін: 2024Master_ТЕГІ_ЕСІМІ

Докторантура бағдарламалары үшін: 2024PhD_ТЕГІ_ЕСІМІ

ТЕГІ мен ЕСІМІ төлқұжаттағыдай латын әрептерімен жазылуы тиіс.

Дұрыс рәсімделмеген құжаттамалар қарауға жатпайды.

- Құжаттама қабылданғаннан кейін үміткерге растау-хат жіберіледі.

Конкурстық комиссия:

Үміткерлерді іріктеуді тәуелсіз Қазақстан-француз аралас комиссиясы жүзеге асырады.

Конкурстың нәтижелерін жариялау:

Конкурстың нәтижелері 2024 жылғы маусым айының басында Францияның Қазақстандағы Елшілігінің https://kz.ambafrance.org/ сайтында жарияланады.

Қосымша ақпарат:

Магистратура бағдарламалары бойынша каталог :

ағылшын тілінде: http://taughtie.campusfrance.org/tiesearch/#/catalog

француз тілінде: http://cataloguelm.campusfrance.org/master/#/catalog 

Докторантура бағдарламалары бойынша каталог:

https://doctorat.campusfrance.org/phd/dschools/main

«Абай-Верн» бағдарламасына қатысты қосымша ақпаратты Француз Альянстары жанында орналасқан Campus France агенттіктері тарапынан алуға болады.

Перизат Саденова
Бөлісу: