«Абай» операсының алғаш сахналанғанына 80 жыл

24 Қыркүйек, 09:21 470

Тоғыз жыл бұрын Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің шығармасы «Астана Опера» сахнасында жаңа редакцияда қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ахмет Жұбановтың немересі – Алан Бөрібаев.

Мен үшін «Абай» операсына дирижерлік ету – әр кез іші-бауырымды елжіретіп, толқытатын сезім. Бұл – ғаламат туынды, ешқандай артық нота жоқ, ол әлемдік классикалық операның озық үлгісі, – дейді Алан Бөрібаев өз сұхбаттарының бірінде.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, қойылымда Бөрібаевпен бірге итальяндық режиссер Джанкарло дель Монако, кеңесші режиссер Есмұхан Обаев, бас хормейстер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, сондай-ақ көрнекті сценограф Эцио Фриджерио және костюмер бойынша суретші «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино жұмыс істеген.

«Абай» операсы әлемдік деңгейдегі сахналарды бағындырып, қазақ музыкасының мақтанышына айналды.

2018 жылы «Астана Опера» театры осы еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

«Абай» қойылымы тек махаббат, жақсы мен жаманның айқасын бейнелеген қойылым ғана емес, қазақ халқының жан дүниесінің алуандығы мен тереңдігін көрсететін айна, көшпелі өмірдің бірегей салты мен философиясын көрерменге паш ететін туынды.

Көрермендер классиканы «Астана Операның» жаңа маусымында тамашалап үлгерді. 24 қыркүйек күні сағат 19:00-де тағы бір көрсетілім болады.

Ал 16 қазанда «Абай» Үлкен театрдың жаңа сахнасында алыс және жақын шетелдердің көрнекті опералық қойылымдарын біріктіретін «Видеть музыку» халықаралық фестивалі аясында көрсетіледі.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: