Абай облысының Қытаймен тауар айналымы 1,2 млрд АҚШ долларға жетті

Абай облысының Қытаймен тауар айналымы 1,2 млрд АҚШ долларға жетті

Абай облысының делегациясы Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің Тарбағатай округы партия комитетінің хатшысы, Тачен қаласының мэрі Чжи Сяньвэй бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Кездесу барысында Тарбағатай округі мен Абай облысы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

Абай облысының экономикасында Қытай аймақтарымен өзара іс-қимылдың үлесі зор. Мәселен, биылғы 7 айының қорытындысы бойынша облыстың тауар айналымы 1,2 млрд АҚШ долларын құрап, жалпы сыртқы сауданың 85 пайызынан асқан. 

Мамыр айында облыс делегациясы Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің Алтай қаласында өткен «Үлкен Алтай» субөңірлік ынтымақтастық конференциясына қатысып, 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойған болатын. 

Біз Президентіміздің «Қытай Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болды және солай болып қала береді. Біздің ынтымақтастығымыз – шынайы достық, тату көршілік және өзара қолдаудың үлгісі» деген сөзін әрдайым басшылыққа аламыз. Сондықтан өз деңгейімізде, өңірлеріміз арасында осы сөздердің нақты жүзеге асуына үлес қосады деп сенеміз. Біздің ортақ мүддемізге қатысты маңызды жобалардың бірі – «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы. Кеше ғана Бейжің қаласында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы мен «Чайна Коммюникэйшнс Констракшн» компаниясының президенті кездесті. Сол келіссөздерде бұл жоба жан-жақты талқыланып, оның іске асырылу барысы бойынша нақты міндеттемелер қабылданды. Теміржол желісінің стратегиялық маңызы зор. Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты күшейтіп қана қоймай, бүкіл өңірдің транзиттік әлеуетін арттырады. Бұл бірінші кезекте Абай облысы мен Таченнің сауда қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын. Біздің өзара диалогымыз жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Абай облысы мен Тарбағатай округы – географиялық көршілер ғана емес, сенімді серіктестер. Сіздің осы сапарыңыз екі өңір арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудің нақты қадамы болады деп сенемін. Біз болашақта өз делегациямызбен сіздің өңіріңізге барып, тәжірибе алмасуға және даму бағыттарын бірлесіп талқылауға дайынбыз,- деді облыс әкімі.

Тарбағатай округы партия комитетінің хатшысы Чжи Сяньвэй «Аягөз-Тачен» темір жол желісі мен Бақты кеден бекетінің өткізу пунктінің құрылысын жандандыруға, Алакөлде туризмді дамытуға, екі өңір арасындағы сауда-саттықты жолға қоюға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді.