Абай облысының оқушысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ойын жасап шығарды

26 Қараша, 01:32 427

Бородулиха ауданы Жезкент мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Нұрали Амангелдиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы «Сатылмайтын Алпамыс» атты компьютерлік ойын әзірледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ойынның басты мақсаты – оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсіндіріп, оған қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру.

Ойын квест форматында жасалған. Мұнда ойыншы өзіне жасырын агент немесе журналист рөлін таңдай алады. Сондай-ақ тергеуді кімге қатысты жүргізетінін де өзі шешеді: сот, прокурор немесе мемлекеттік қызметші. Ойын барысында ол әртүрлі эпизодтардан өтіп, жемқорлыққа қарсы әрекеттердің қыр-сырын меңгереді және ойын соңында жемқорлықты әшкерелейді.

Қазіргі уақытта ойын мектепте құқық негіздері сабағында тәжірибе ретінде қолданылып жүр. Автор болашақта бұл жобаны ұялы телефондарға арналған тегін қосымша ретінде үш тілде ұсынуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Нұрали өткен жылы І республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар байқауында жеңіп алған 1 000 000 теңге сыйақысын ойынды дамытуға жұмсаған. Сонымен бірге ойынның әр кезеңіне Абайдың қара сөздерін қосу арқылы оның рухани мазмұнын байытуды жоспарлап отыр. Бұл ойыншыларға шешім қабылдауда терең ой салуға бағытталған.

Ойын Қазақстандағы нақты оқиғаларға негізінделген көркем роман форматында жасалған. Әр эпизодта Қылмыстық кодекске түсіндірме беріліп, оқушылардың құқықтық сауаты арттырылады. Ал ойын соңында көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз атанады, – дейді Нұрали.

«Сатылмайтын Алпамыс» – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыруға арналған ерекше жобаға айналды.

Перизат Саденова
Бөлісу: