Абай облысының биология пәні мұғалімі шетелдік танымал әнші Ники Минаждың альбомына саунд-продюсер болды. Бұл туралы облыстық білім басқармасына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Музыка әлемінде @eraholic лақап атымен танымал Ерқанат Садуханов - Абай облысы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында биология пәнінен сабақ беретін мұғалім. Жас мұғалім өз парақшасында Ники Минаждың «Pink Friday 2» делюкс-альбомына саунд-продюсер болатынын ресми түрде жариялады.
Бұған дейін @eraholic Dua Lipa, Rosalia және Blackpink тобының мүшесі Lisa сияқты әлемдік жұлдыздармен жұмыс істеген. Енді ол Ники Минаждың тыңдармандарына ерекше жаңалық дайындағанын жеткізді, - делінген мәліметте.
Туынды 2024 жылғы 13 желтоқсан шығады деп жоспарланған. Альбомның кеңейтілген нұсқасы 2023 жылғы түпнұсқаның бір жылдық мерейтойына арналып отыр және тыңдармандарға жаңа әндер ұсынылған.