Абай облысындағы өртті 1 500-ге жуық адам сөндіріп жатыр

11 Маусым 2023, 10:21 1669

Абай облысында 5 учаскеде өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Өртке қарсы мемлекеттік қызмет органдарының күштері мен құралдары орман шаруашылығына өртті жоюға көмектесуде. Қазіргі уақытта өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 290-нан астам бірлік техника жұмылдырылған.

Өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін тікұшақтар тартылды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 486 рет су төгілді, жалпы көлемі  1 000-нан астам тоннаны құрайды.

Қазіргі уақытта өрттің елді мекендерге таралу қаупі жоқ екен айтылды. Алматы қаласы, Алматы облысы ТЖ департаменттерінен жіберілген күштер мен құралдар, Қарағанды мен Алматы облыстарынан ҚР ТЖМ 52859 және 28237 әскери бөлімдердің әскери қызметкерлері өртті сөндіруге кірісті. Арнайы жіберілген жылжымалы басқару пункті өз міндетін атқаруда. 

ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы филиалдарының қызметкерлері қажет болған жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетуге дайын.

Апаттар медицинасы орталығы дәрігерлерінің қызметіндегі басты міндет төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен адамдарға, сондай-ақ бастарын қауіпке тігіп төтенше жағдайлар орнында қызмет атқарып жүрген құтқарушыларға медициналық көмек көрсету болып табылады. Қазіргі уақытқа дейін жедел желіге 94 қоңырау түскен. 

«Қазгидромет» АҚ 11 маусымға болжамы бойынша бүгін күндіз облыстың оңтүстігінде, шығысында аздаған жауын-шашын, найзағай күтіліп отыр. Солтүстік-батыстан жел соғып, күші 9-14, күндіз облыстың оңтүстігінде, шығысында 15-20 м / с. Ауа температурасы 22-27  жылы, облыстың оңтүстігінде 32 градусқа дейін көтеріледі. 

Асқар Таудай
Бөлісу: