Абай облысындағы өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңгеден беріледі

13 Маусым 2023, 09:10 804

Абай облысында өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңгеден және әр балаға 2 млн теңгеден бөлінеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Абай облысындағы ірі табиғи өртті жою және одан зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шараларын көрсету мәселелері жөнінде өткен жедел кеңесте премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.

ТЖ себептерін анықтау және салдарын жою үшін арнайы Үкіметтік комиссия құрылған, ал оның құрамына салалық министрліктер мен құқық қорғау органдарының өкілдері кірген.

Кеңес отырысында Әлихан Смайылов 10 күн ішінде оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, тиісті қорытынды жасауды тапсырды. Смайылов өрттен қаза тапқандардың отбасыларына 7 млн теңгеден берілетінін, ал қаражат «Қазақстан халқына» қорынан бөлінетінін айтты.

Мемлекет басшысының Абай облысындағы жедел штаб отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін қаза тапқандардың отбасыларына «Қазақстан халқына» қорынан 7 млн теңгеден, сондай-ақ кәмелетке толмаған әр балаға 2 млн теңгеден төленетін болады, - делінген мәліметте.

Сонымен қатар қаза тапқандардың отбасыларына және зардап шеккендерге қажетті қолдау шараларын көрсету мақсатында арнайы қор құрылды. Ал жоғары оқу орындарында ақылы оқитын студенттерге грант беріледі.

40-тан астам қазақстандық ЖОО өрттен зардап шеккен отбасылардың студенттеріне гранттар мен жатақханадан орын беруге дайын. Оған қоса ақылы негізде оқитын студенттер мен магистранттарды грантқа ауыстыру көзделген, - делінген мәліметте.

Қорытындылай келе, премьер-министр өрт ошақтарын ерте анықтау, бейнебақылау және мониторинг жүйелерін енгізе отырып, табиғатты қорғау және орман мекемелерін нормативтік материалдық-техникалық жағынан жарақтандыру қажеттігін атап өтті.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: