Абай облысында заңсыз алтын өндірумен айналысқан топ ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Абай облысының полицейлері ҚР ІІМ арнайы бөлімшесінің көмегімен Жарма ауданындағы шахта аумағынан құрамында алтыны бар кенді ұрлауға әрекет жасаған топты тоқтатты. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері қылмыстық топтың ізіне түсіп, төрт ер адамды ұстады. Олардың жанынан металл іздегіштер, респираторлар, кен тасуға арналған қаптар және шамамен құрамында 3 келі алтыны бар кен табылып, тәркіленді.
Келтірілген жалпы шығын 3 миллион теңгеден асты. Аса ірі көлемдегі ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.