Абай облысында 68 мың тонна құмды заңсыз қазып, оны сатқандар әшкере болды

Абай облысында 68 мың тонна құмды заңсыз қазып, оны сатқандар әшкере болды

Семей қаласының прокуратурасы табиғи ресурстар есебінен заңсыз пайда тапқан адамдар тобын анықтады. Олар жүйелі түрде жалған сертификаттарды пайдаланып, 68 мың тоннадан астам құмды заңсыз қазған және оны саудалаумен айналысқан, деп хабарлайды Еl.kz интернет порталы. 

Осылайша жер қойнауына елеулі зиян келтірілген. Прокуратура мәліметінше, қылмыстық әрекетті әшкерелеуге заманауи цифрлық технологиялар мен стандарттан тыс тәсілдерді қолдану мүмкіндік берген. Заңсыз өндіру дерегін тіркеу мақсатында дрон көмегімен әуеден бақылау жүргізіліп, заңсыз қазба жұмыстарының нақты координаттары анықталған.

«Сергек» автоматтандырылған жол қозғалысын бақылау жүйесі арқылы құмның қазылған жерінен бастап, жүктелуі мен соңғы тұтынушыға жеткізілуіне дейінгі бүкіл бағыты бақылауға алынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз кәсіпкерлік әрекетке тосқауыл қойылып, кінәлі адамдар  Қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы (Заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банк, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет), 218-бабы 1-бөлігі (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру), 334-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (Жер қойнауын өз бетінше пайдалану), 386-бабы 2-бөлігі (Көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау, жою, сондай нөмірі жалған көлік құралын өткізу) бойынша сотталды,-делінген прокуратура хабарламасында.

Сот екі адамды қылмыстың құралы болып танылған екі тиегішті тәркілей отырып, кінәлілерді бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар мемлекетке келтірілген 272 млн теңгеден астам залал өндірілді. Талапты қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 144 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.