Абай облысына 197 миллиард теңге инвестиция тартылды – облыс әкімі

16 Қараша 2022, 13:40 1975

Облыста 2023 жылдан 2027 жылға дейінгі кезеңге 3,4 трлн теңгеге жобалар жоспарланды

Бес ай уақыт аралығында өңірге түрлі өзгерістер енгізілген. Облыста 2023 жылдан 2027 жылға дейінгі кезеңге 3,4 трлн теңгеге жобалар жоспарланды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Семей қаласына тартылған инвестиция көлемі артуда. Экономикалық көрсеткіш біршама жақсарды. Былтыр облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 750 миллиард теңгеге жуықтады. Жыл басынан бері аймаққа 197 миллиард теңге инвестиция тартылды.

Тарихи қала ретінде танымал Семей қаласың бүгінде көркі өзгерді. Әкімшілік орталықта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үйлердің сырты жаңа кейіпке енген. Жаңа көпір құрылысы басталып, бұған дейін «жаңа» болып есептелген аспалы көпірдің астында орналасқан парк толық жөндеу жұмысынан өтті. Бұл туралы облыс басшысы Нұрлан Ұранхаев атқарылған жұмыстардың қысқаша қорытындысын баяндап берді.

Абай облысының әкімі ретіндегі жұмысының алғашқы айларында көптеген қиындыққа тап болған Нұрлан Телманұлы өңірде кадр тапшылығы бар екенін айтты.

 «Алдымызда кезіккен мәселелер аз болмады. Басты мәселе – Семей мен Абай облысындағы кадр тапшылығы. Иә, қалалық әкімдікте жұмыс істейтін тәжірибелі басқарушылар бар. Бірақ облыстық деңгейге көтерілгендіктен, жұмыс ауқымы еселеніп, сұранысымыз артып отыр. Бұл дегеніміз – біздің мамандар вице-министр, департамент, комитет басшылары деңгейіне дейін көтеріле алатындай болуы қажет. Өкінішке орай, Семейде мұндай адамдар жоқ, көбісі әлдеқашан кетіп қалған. Сондықтан жұмысты нөлден бастап жатырмыз. Бастапқыда бөлімдер екі-үш адаммен ғана жұмыс істегені өтірік емес. Болашақ басшылар ретінде жастарды көбірек қамтуға тырысудамыз», – дейді облыс әкімі.

Ең қызығы, облыстық басқармаларға Бос орындар конкурсы жарияланған кезде түйіндеме тек мәдениет және спорт басқармаларына түскен. Басқа салаларда ешкім жұмыс істегісі келмейді. Жауапкершілікті сезінгісі келмейтін мамандарды шаһар басқармасына алу мүмкін емес.

– Қыркүйек айында мемлекет басшысы Абай облысына барып, қала тынысымен танысып, өңірдегі мәселелерді шешу жоспарларын ұсынған еді. Ол ең бірінші – аурухана салу жоспарын көтерді. Қазір қандай жұмыстар басталды?

– 1930 жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан балалар жұқпалы аурулар ауруханасында үлкен проблемалар бар. Қазір қаладан әлдеқашан көшіп кетсе де, өзінің кіші Отаны туралы ұмытпаған жерлесіміз, кәсіпкер туберкулезге қарсы балалар ауруханасын өз есебінен жөндеп жатыр. Жаңа компьютерлік томографты орнатпақ. Балалар жұқпалы аурулар ауруханасын осы ғимаратқа ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Себебі туберкулез диагнозы балаларға аз қойылады. Қазір онда тек 20 бала емделуде. Оларға орын жеткілікті.

Облыста өзінің қан орталығы, облыстық аурухана жоқ. Оңалту орталықтары жетіспейді. Мен Көкпекті, Абралы және басқа да аудандарда болдым. Зейнеткерлер толыққанды ем алу үшін оңалту орталықтарын салуды сұрайды. «Қарағайлы» шипажайы ғана қызмет көрсетіп тұр. Бұл облыс үшін аздық етеді. Абай облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аймақта 65 нысан салынады.

– Күн суытып, аязды күндер жақындап келеді. Семейдегі «Теплокоммунэнерго»-ның үлкен соммада қарыздары бар екені мәлім. Бұл халықты жылумен қамтамасыз етуде қиындық тудырмайды ма?

 – Қазір 3,1 млрд теңге қарыз бар екені өтірік емес. Бүгінге дейін көмірге шамамен 500 млн теңге бөлінді. Облыс басқармаларының басшысы, әкімінің орынбасары лауазымдарын атқарған Серік Төленбергеновты басшы етіп тағайындауымыз текке емес. Ол жерде тәртіп орнататындай жұмыс жасау қажет.

Қараңызшы, бүгінгі таңда 3,1 млрд теңге қарыз. Ал кәсіпорынның 900 млн теңгеге тауар қалдықтары бар. Енді ойланыңыз осынша қарыз бола тұра, керек емес материалдар алудың қажеті қанша? Міне, біз қазір осы сынды олқылықтардың алдын алып жатырмыз.

Ел Президенті бірқатар тапсырмалар берді, соның ішінде ЖЭО-3 құрылысы. Біз бұл жобамен айналысып жатырмыз. Ол шамамен 500 млрд теңгеге бағаланады. Егер біз ЖЭО салатын болсақ, онда басқа салалар да тартылады: біреу материалдармен және тауарлармен айналысса, құрылысшылар мен энергетиктерді тамақтандыру, оларды көлікпен қамтамасыз ету керек. Бұл жұмыссыздар санын азайтудың бір жолы.

– Абай облысын дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленуде. Қазір жұмыстың деңгейі қандай кезеңде?

– Жұмыс қызу жүріп жатыр. Жақын арада Абай облысында Аягөз-Бақты-Ташен теміржол магистралінің құрылысы басталатынын ескертеміз. Бұл кәсіпкерлік бастамалардың қарқынды дамуына алып келеді. Өйткені, онда үлкен «құрғақ» порт-сауда-логистикалық орталық салынады. Семейде индустриалды аймақты дамыту бойынша, бұрыннан қажет болған теміржол желісі салынады. Жалпы, біздің транзиттік әлеуетімізді сауатты пайдалану қажет.

Кешенді жоспарда  2023 жылдан 2027 жылға дейінгі кезеңге 3,4 трлн теңге сомаға жобалар жоспарланған. Бұл үлкен ақша, оның ішінде жеке инвестициялар бар. Алда жобаларды Үкіметте қорғайтын боламыз.

Оған қоса, Президенттің тапсырмасына сәйкес облыста жалпы геологиялық барлау жүргізілетін болады. Облыс басшысы өңірде көптеген пайдалы қазбалар кен орындары бар екеніне сенімді. Инвесторларды тарту бағытында жұмыстар  жүргізілуде.

Абай облысындағы мектептерде 9 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Алдағы уақытта 11 мектеп және 14 балабақша салу жоспарланған. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Қазір бәріне белгілі елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынып жатыр. Осы жоспар аясында облыста жаңа мектептер бой көтеріп, қолданыстағы мектептер толық жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілмек.

Айым Даниярқызы
Бөлісу: