Абай күні: елімізде қандай іс-шаралар өтті

10 Тамыз, 19:11 611

Бүгін республика бойынша Абай күніне арналған мәдени іс-шаралар өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, мереке республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында Абай ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

Республикалық маңызы бар қалалардың мәдениет мекемелері "Ашық аспан астындағы кітапхана" жобасы аясында ақынның болмысын жан-жақты насихаттап, Абай оқулары, әдеби кештер, дөңгелек үстелдер мен кітап көрмелерін ұйымдастырды.

Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының бастамасымен Семей қаласында "Ғасырлармен үндескен асыл қазына" ғылыми-ағарту конференциясы өтті.

Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында "Өлмейтұғын артында сөз қалдырған...", "Кел жастар біз бір түрлі жол табалық", "Шәкәрімнің Абайға арналған естеліктері мен өлеңдері", сондай-ақ "Абайды оқы, таңырқа..." поэтикалық байқауы өтті.

Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасында әдеби-музыкалық іс-шара өтті. Қонақтарға Абай әдеби орталығында экскурсия ұйымдастырылып, кітап көрмесі таныстырылды. Сонымен қатар Ұлттық кітапхана әлеуметтік желіде Абайдың "Қара сөздері" атты танымдық челлендж бастады.

Ал ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында "Абай - тұтас бір әлем" кітап көрмесінің ресми ашылуынан басталған мереке "Адамзаттың Абайы" атты ауқымды іс-шараға ұласты. Бағдарлама аясында ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі әлемнің 9 тілінде оқылды. Жиында Қалибек Алтыбаевтың «Абай әлеміне саяхат» кітабының тұсауы кесілді.

Зарина Арман
Бөлісу: