10.08.2025
09:33
1366
Абай кімдерден бата алған?

Абай кімдерден бата алған?

Қазақ даласында бата дегеніміз жай ғана тілек емес. Ол – бір дәуірдің үмітін, бір халықтың сенімін бойына жинаған рухани аманат. Бата – ақ жолдың бастауы, адалдық пен әділдіктің кепілі. Әсіресе, елдің ертеңін ойлаған, ұрпаққа жөн сілтейтін үлкендер батасын кім көрінгенге бере бермеген. Батаны тек ізгі қасиет танытқан, болашағынан үміт күттірген жан ғана алатын. Осындай ұлық батаға бөленгендердің алдыңғы шебінде – қазақтың ұлы ақыны, бас ойшылы Абай Құнанбайұлы тұр. Оның балаң шағынан бастап азамат болып қалыптасуына дейінгі жолы ірі тұлғалардың батасымен өрілген рухани сүрлеу десек, қателеспейміз.

Бөжейдің бата-өсиеті – азаматтықтың алғашқы мөрі

Жас Абайдың Қарқаралыға барған сапарында болған бір оқиға ел аузында да, әдебиет бетінде де қанық сақталған. Әкесінің ата жауы саналатын Бөжейге ол ешкімнің нұсқауынсыз барып сәлем береді. Бұл – қазақ ұғымында үлкен батылдық, еркін ойдың белгісі еді. Сонда Бөжей:

– Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім. Жолың болсын! Жалаң – әкеңнің қаттылығын бермесін! – деп, ақ тілегін арнайды.

Бұл – тек тілек емес, жас жүрекке тағдыр жүктеген жауапкершілік еді. Бөжейдің осы сөздері – Абайдың азаматтық болмысына алғашқы мөрін басқандай болды.

Жанқұтты шешен зеректікті таныған жанар

Қазақтың шешендік өнерінің інжу-маржаны саналатын Жанқұтты Ботантайұлы Құнанбай ауылына келе қалғанда, жас Абайдың зеректігін сынайды:

– Дүниеде арзан не? Қымбат не? Дауасыз не? – деп сұрайды.

Абай көп ойланбастан:

– Арзан – өтірік, қымбат – шындық, дауасыз – кәрілік, – деп мүдірмей жауап береді.

Сонда шешен риза кейіппен:

– Жанарың отты екен – ақындығың шығар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар. Халқыңа қалаулы азамат бол! – деп, бата береді.

Бұл – Абайдың болашақта ел ішінде әділдік пен парасат иесі боларына берілген сенімнің айқын дәлелі.

Ақындық бата – Барлас пен Байкөкшенің аманаты

Әдебиет тарихында да, ауызша аңыздарда да Абайдың ақындық жолға түсуіне ақындық бата үлкен рөл атқарғаны айтылады. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында бұл бата екі тұлға арқылы беріледі. Олар – бәріміз білетін Барлас пен Байкөкше.

Кейінгі зерттеулерде Барлас бейнесінің түпнұсқада Дулат Бабатайұлы екені анықталды. Дулаттың жас Абайға бағыттаған «Шырағым, ер жетерсің…» деп басталатын өлеңі жас ақынға артылған үміттің көркем куәсі іспетті. Бұл бата Абайдың жүрегіне шабыт ұялатқан, сөз өнерін қастерлеуге жетелеген рухани демеу болғаны тағы сөзсіз.

Ал Байкөкше Балғынбайұлының өлеңмен берген батасын құрмет пен ықыластың үлгісі деген жөн:

– Құнан кетті – алдынан жарылқасын,

Артында алтын қалды ат басындай…

Мұндай сөз – тек талантты, елге қызмет етер азаматқа ғана айтылатын асыл тілек.

Діни фатиха – Қарқаралы хазіретінің ықпалы

Абайдың білім жолындағы бір белесі – діни ортадан алған батасы. Қарқаралы хазіреті жас шәкіртіне Құран ашып, қол жайып, фатиха береді. Бұл – оның медреселік ілімін мойындаған, рухани жолын бекіткен сәт. Дала даналығы мен шығыс ілімінің түйісуі – Абайдың дүниетанымына терең із қалдырды.

Ру ақсақалдарының батасы – сенімге селкеу түспегені

Бөжейдің асына жиналған игі жақсылардың ішінде Байсал, Байдалы, Сүйіндік, Құлыншақ секілді ел ағалары жас Абайға бата береді.

– Бөжікең сенен үлкен дәме ғып, бата берген еді… Өрісің алда! Бетің дұрыс! – деседі олар.

Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас рудың сенімі. Жас Абай үшін бұл бата – ел алдындағы борыштың символына айналды.

Ұлжан мен Зеренің күн сайынғы батасы

Абайдың анасының да, әжесінің де әрбір сөзі бата іспетті еді. Ұлжан Қарқаралыға шығарда:

– Әкең дұшпан десе, сен әділ бол! – деп, өмірлік ұстаным болар өсиет айтады.

Ал Зере әженің ертегілері, дұға-тілектері – немересінің рухани қорегіне айналған күнделікті баталар болатын.

Батаның Абай өміріндегі мәні

Абай алған әр бата – оның бойына сіңген бір қасиет, бір жауапкершілік. Бөжейден – азаматтық адалдық, Жанқұттыдан – ойшылдық пен парасат, Дулат пен Байкөкшеден – шабыт пен ақындық өнер, хазіреттен – рухани ілім, ру ақсақалдарынан – қоғамдық сенім, анасы мен әжесінен – мейірім мен әділет.

Батаның күші тек сөзде емес, адамның бойына сіңірген рухта. Абай осы рухпен өсті, осы рухпен халқына қызмет етті.