«Абай» баспасынан жарық көрген 35 кітаптың тұсаукесері өтті

28 Қараша 2023, 15:10 1502

28 қарашада Ұлттық кітапханада «Абай» баспасынан жарық көрген 35 кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Баспа қазақ әдебиетінің классик ақын-жазушыларының шығармаларынан бірегей серия жасақтаған. Бұл серия қазақтың бас ақыны, хәкім Абайдан басталып, Дулат Бабатайұлы, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мұхтар Әуезов, Алашорда қайраткерлері, Кеңес Одағы заманының әйгілі қаламгерлері, тәуелсіз Қазақстанның көрнекті жазушылары мен белгілі жас авторлардың шығармаларын қамтиды. Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай хәкімнен басталып, әр кезеңнің классик қаламгерлерінің шығармаларымен жалғасын тапқан кітаптардың ішінде оңайлықпен қолға түсе бермейтін, іздегенге таптырмас академиялық зерттеу еңбектері де бар.

«Абай» баспасынан шыққан 35 кітап әлемдік сұранысқа сай, заманауи үлгіде, минимализм дизайнда жасалған. Жинақтардың біразы бұрыннан қалыптасқан форма мен түстер галереясын, тіпті мазмұны мен тақырыбын да бұзып-жарып, өз жаңа тартымдылығымен оқырманға жол тартпақ.

Атап айтсақ, қазақтың бас ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, реформатор Абай Құнанбайұлының артында қалған рухани мұрасы «Жүректің көзі ашылса...», қазақтың әйгілі әулиесі, ақын, ағартушы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әдеби мұрасы «Хал-ахуал», ұлы ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектері «Насихат», сөз зергері Дулат Бабатайұлының шығармалары «Сандықтас» деген атаумен оқырманға ұсынылмақ.

Ұлтымыздың дара тұлғасы Міржақып Дулатұлының өлеңдері «Алашқа», шебер жазушы Жүсіпбек Аймауытұлының туындылары «Рәбиға», қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің шығармалары «Сағанақ» атауымен басылды.

Қарымды қаламгер Бейімбет Майлиннің әдеби мұрасы «Қанды тұман», классик жазушы Сәкен Сейфуллиннің шығармалары «Аққудың айрылуы» дейтін атаумен жарық көрді. Қазақтың ұлы ақыны, Алаш қозғалысының қайраткері, поэзиясы қазақ әдебиетіне ғана емес, түркі тектес халықтар әдебиетіне де үлкен ықпал еткен бес арыстың бірі Мағжан Жұмабаевтың өміршең, рухты өлеңдері «Тұран», ұлы жазушы М.Әуезовтың шығармалары топтасқан кітаптар «Көксерек» және «Қилы заман» атауымен оқырман қауымға жол тартпақ.

Қазақтың ақиығы, ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаевтың жинағы «Отан», ұлы ақын Төлеген Айбергеновтың кез келген жырындағы сағынышы «Сағыныш» деген атпен жарық көрді. Сонымен қатар, «Абай» баспасынан жарық көрген кітаптар тізімінде қазақтың классик ақындары Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Сырбай Мәуленовтің жыр жинақтарының, көрнекті жазушы Смағұл Елубайдың «Балалық шақ баяны» атты кітабы да айрықша маңызға ие.

Қазақтың аса көрнекті ақыны, қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелген Жарасқан Әбдіраш, Темірхан Медетбек, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Светқали Нұржан, Табылды Досымов туындылары да осы жинақтардың салмағын арттырып тұр. Аталмыш кітаптар тізбегі ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов бастаған буын Исраил Сапарбай, Несіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Сабыр Адай, Гүлнар Салықбай, Қалқаман Сарин, Танагөз Толқынқызы, Ерлан Жүніс есімді қаламгерлердің туындыларымен жалғаса береді. Солардың ішінде бүгінгі күннің бетселлеріне айналған Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашы» кітабы мен Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» туындысы мүлде бөлек дизайнда, жаңаша форматта оқырманға ұсынылмақ.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: