Абай айтқан «толық адам» кім және біз оған қаншалық жақынбыз?

Абай айтқан «толық адам» кім және біз оған қаншалық жақынбыз?

Асқар Таудай
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

10 тамыз – Абай күні. 2020 жылы Қазақстанда ресми түрде бекітілген бұл атаулы күн – ұлы ақынның туған күнін атап өтумен ғана шектелмейтін, ұлттық руханиятқа, білім мен парасатқа, адамгершілік пен азаматтық жауапкершілікке қайта үңілетін маңызды күн.

Биыл қазақтың ұлы ойшылы, ақын, ағартушы, композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толады. Уақыт өткен сайын оның мұрасы тарихи ескерткіш ретінде алыстап бара жатқан жоқ. Керісінше, Абай көтерген адам, ар, ұят, білім, еңбек, әділет, бірлік, мінез, махаббат мәселелері қазіргі қоғам үшін бұрынғыдан да өзекті бола түсуде.

Абай қазақ даласында дүниеге келгенімен, оның ойы ұлттық шеңбермен шектелмеді. Ол Шығыс пен Батыс өркениетінің озық үлгілерін зерделеп, қазақ дүниетанымымен сабақтастырған ойшыл болды. Сондықтан Абай мұрасы – бір халықтың ғана қазынасы емес, адамзаттық құндылықтармен үндесетін рухани мұра.

Абай әлеміне бастайтын рухани орталық

Ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты баға жетпес мұралар бүгінде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында сақтаулы. Қазақстандағы ірі музей мекемелерінің бірі саналатын қорық-музейде 22 мыңнан астам экспонат, 16 мыңға жуық басылым бар, сегіз филиал жұмыс істейді.

Бұл – жай ғана жәдігерлер сақталған орын емес. Ол – Абай өмір сүрген ортаны, оның шығармашылық әлемін, дәуірдің тынысын сезіндіретін рухани кеңістік.

Абайдың есімі де халық жадында жаңғырып келеді. Қазақстанда 18 452 адам Абай есімін иеленген. Оның ішінде 4297-сі – 17 жасқа дейінгі балалар, ал 18 бен 44 жас аралығында 8231 адам бар. Ең көп Абай Түркістан облысында тұрады – екі мыңнан астам адам. Елордада 1930, Алматы облысында 1588 адам осы есімді иеленген. Ал Ұлытау облысында 194, Абай облысында 238 адамның аты – Абай.

Бұл деректердің өзі ұлы ақын есімінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын аңғартады.

Абай – ақын ғана емес, адам табиғатын зерттеген ойшыл

Абайдың шығармашылық мұрасында арнайы жүйеленген философиялық трактат жоқ. Алайда оның өлеңдері мен «Қара сөздерінде» адам мен адамгершілік, ар мен ұждан, таным мен сана, білім мен ғылым, жақсылық пен жамандық, өмір мен өлім туралы тұтас философиялық көзқарас қалыптасқан.

Оның философиясының басты нысанасы – адам.

Адам қалай адам болады? Оның қадірін не арттырады? Неден аулақ болуы керек? Бақыт деген не? Ақыл мен жүректің арақатынасы қандай? Адамның қоғам алдындағы жауапкершілігі неде?

Абай осы сауалдардың бәріне қайта-қайта оралады.

Жетінші қара сөзінде ол дүниеге келген баланың екі түрлі құмарлығы болатынын айтады. Оның бірі – тәннің қажеттілігі болса, екіншісі – «білсем екен» деген рухани құмарлық. Ақын:

«Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды», - деген ой айтады.

Осы бір пікірдің өзінен-ақ Абайдың адамды дайын күйінде қалыптасатын тұлға деп қарамағанын көреміз. Адам – іздену, тану, еңбек ету, ойлану арқылы өзін өзі жетілдіретін жаратылыс.

Шығыс пен Батысты тоғыстырған тұлға

Абайдың дүниетанымының қалыптасуына қазақтың ауыз әдебиеті, билер мен шешендер дәстүрі, Шығыс мәдениеті және орыс, Еуропа әдебиеті зор ықпал етті.

Ол Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларын оқып қана қоймай, оларды қазақ тіліне аударып, жаңа мәдени кеңістік қалыптастырды. Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов секілді орыс ойшылдарының еңбектерімен танысты.

Сонымен қатар Сократ, Платон, Аристотель, әл-Фараби сынды ой алыптарының мұрасын зерделеді. Еуропалық философиялық ойдың өкілдері Декарт, Спиноза, Спенсер еңбектері де оның таным көкжиегін кеңейтті.

Семейге жер аударылған орыс зиялыларымен, соның ішінде Е.П.Михаэлис, Н.И.Долгополов тәрізді тұлғалармен араласуы да Абайдың ғылыми және қоғамдық көзқарасына ықпал етті.

Бірақ Абай өзгенің ойын қайталаумен шектелген жоқ. Ол әлемдік ой тәжірибесін қазақ халқының өмірімен, дәстүрімен, мінезімен және тарихи тағдырымен сабақтастырды.

Сондықтан Абай философиясы – қазақ топырағында туған, бірақ адамзаттық биікке көтерілген ой жүйесі.

Абай сыны – халқына деген жанашырлықтан туған

Абай өз халқын сүйді. Бірақ дәл сол сүйіспеншіліктің арқасында оның кемшілігін де аяусыз сынады.

Өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашу, алауыздық, күншілдік, надандық – ақын қоғамның дамуына кедергі келтіретін кеселдер деп білді.

Оның сыны сырттан қарап айтылған кінә емес еді.

Абайдың трагедиясы да осында.

Ол халқының бойындағы кемшіліктерді өз басының қайғысындай қабылдады:

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…»

деген бір ғана жолдың өзінде қаншама жан күйзелісі жатыр.

Ақынның:

«Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей»,
«Жүрегім менің қырық жамау», - деуі оның қоғамдық қасіретті жеке жүрегінен өткізгенін көрсетеді.

Сондықтан Абайдың ащы сынын халықты жек көру деп емес, халықты түзетуге деген ұмтылыс деп түсіну қажет.

Оқи отырыңыз

{