Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа өтінімдер қабылдау басталды

8 Қаңтар, 20:29 1047

2024 жылғы Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығына байқау жарияланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өтініштер мен жұмыстарды қабылдау 1 наурызға дейін жалғасады.

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық Қазақстан мәдениетінің дамуына ерекше құнды үлес деп танылған әдебиет пен өнер саласындағы көрнекті еңбектері үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдіктерге беріледі.

Шартқа сәйкес, сыйлыққа жұмыстарды ұсынуды мемлекеттік органдар, шығармашылық одақтар мен топтар жүзеге асырады. Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа жұмыстарды қабылдау аяқталғанға дейін бес жылдан аспайтын уақытта және кемінде бір жыл бұрын (2024 жылдың 1 наурызына дейін) көпшілік айналым үшін орындалған бір автордың немесе авторлар ұжымының жұмыстары (бір жұмыс) ұсыныла алады.

Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған ұжымдағы үміткерлердің саны 5 адамнан аспауы тиіс. Шығарма Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа бір рет қана ұсынылады.

Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығына үміткерлерді ұсыну тәртібі «Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника, А. Байтұрсынов атындағы гуманитарлық ғылымдар және Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 993 Жарлығымен реттелген, - делінген мәліметте.

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған авторлар мен ұйымдарды көрсете отырып, байқауға ұсынылған жұмыстардың тізімі республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен және ашық талқылау үшін жарияланады.

Байқауға қатысу ережелерімен және жұмыстарды тіркеу үшін қажетті құжаттар тізбесімен Мәдениет және ақпарат министрлігінің сайтында мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/documents/details/580983?lang=kk

Баян Әжмұхан
Бөлісу: