«Абай әлемі»: Ақтауда Ұлы ақын шығармашылығы ұлықталды

«Абай әлемі»: Ақтауда Ұлы ақын шығармашылығы ұлықталды

Ақтауда халықаралық жастар күніне орай  теңіз жағалауындағы «Құдықшылар» ескерткіші жанында «Абай әлемі» поэзия кеші өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Кешке Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Алтынбек Алибаев, ақын, ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жұмагүл Мұрсал, белгілі әнші Айгүл Құбаш, Журналистер одағының мүшесі Файзуллин Тілекқабыл, Абайдың 170 өлеңін жатқа білетін жас дарын, Абай оқулары байқауының республикалық кезеңінің жүлдегері Нұрнияз Жанар, белсенді жас Шаңғытбаев Дархан және көркем сөз оқу шебері Ұлболсын Смадиярова қатысты.

Кеш барысында күй орындалып, Абай өлеңдері оқылды, сондай-ақ ұлы ақынның әндері шырқалды. Ән шырқағандар қатарында – кеш қонақтары мен жергілікті өнерпаздар болды. Олардың орындауында «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Көзімнің қарасы» сияқты Абайдың мәңгілік әуендері шырқалып, көрермендерді терең сезімге бөледі.

 
«Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының рухани айнасы, сөз өнерінің асқақ тұлғасы. Бүгінгі кеш – тек поэзия мерекесі ғана емес, жастардың жүрегіне ұлттық құндылық пен рухани байлықты сіңірудің бір жолы. Біз ұлы ақынның шығармалары арқылы өткен мен бүгінді байланыстырып, келер ұрпаққа өшпес аманат жеткіземіз. Мұндай шаралар жас ұрпақты ойлы, білімді, мәдениетті болуға үндейді», - деді МО жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Бурхандинова.