Абат-Байтақ кесенесі

16 Қыркүйек 2017, 19:39 15321

Халық салған қасиетті орын

Абат-Байтақ – шамамен ХIV ғаcырдың аяғы мен ХV ғасыр басында тұрғызылған сәулет өнерінің туындысы. Ол Қазақстанның киелі 100 нысандарының қатарына енген.

Абат-Байтақ кесенесі – бірегей cәулет туындысы

Ол қазіргі Aқтөбe облысына қарасты, Қобда ауданы, Талдысай елді-мекенінен оңтүстікке қарай он екі шақырым қашықтықта Қобда өзеннің аңғарында орын тепкен қорымда тұр. Бұл сәулет ескерткіші қазақ халқының ойшылы Асан Қайғының жалғыз ұлы Абаттың құрметіне тұрғызылған екен. Ол мезгілсіз қаза тапқанда халық болып, бірлесе көтерген кесенеге «бaйтaқ» сөзі қосылып кеткен. Яғни, кесененің бой көтеруі жүрегі кең халықтың арқасы дегенді білдірсе керек. Десек те, кесененің сәулеттік ерекшелігі төрелерге тиесілі секілді. Ескерткіштің жоғарысында он бір қырлы арнайы тұғырға бекітілген күмбез тұр, бірақ кесененің өзі  төртбұрышты болып келеді. Сыртқы жалпы ауданы – 9,52x9,8  метрді құрайды. Құрылыс алғаш салынғанда биіктігі 16 метрге дейін жеткен екен, уақыт талабына шыдас бермей, оның 1,5 метрге жуығы мүжіліп, жойылған. Қазіргі сақталған биіктігі – 14,5 метр болып отыр. Кесене өңделмеген кірпіштен тұрғызылған, ішкі жағы балшықпен сыланған, ал сырты жаңбыр-суға төзу үшін күйген кiрпiшпен қапталған.

Бұл кесене шатырлы келетін құрылыстардың қос күмбезді түріне жатқызылады. Кей деректерде айтылатындай центрклеин емес, кәдімгі порталды, күмбезді ескерткіш.  Абат-Байтақ кесенесінің ішкі жағы да төртбұрышты етіп тұрғызылған. Сондай-ақ, сегіз, он алты қырлы етіп, жоғары қарай арнайы шеберлікпен керемет өрілуі кесененің ішкі сәнін келтіріп тұр. Бұл бөлменің күн шығысы мен батысында ойықтар ойылған. Яғни, жел бөлме ішін аралап тұру үшін арнайы салынғандай. Ол ойықтар керемет әсемделген.

Абат-Байтақ кесенесін сәулеті-стилі жағынан хорезм дәуіріндегі, сол секілді XII-XVI ғасырлар аралығында салынған ескерткіштерге ұқсатуға болады. Атап айтар болсақ, Күн-Үргеніштегі сонау XII ғасырда бой көтерген Хорезмнің шахы болған Арсланның ескерткіші (Фаһраддин Разы), тағы бір шах болған Текештің басына салынған кесене, сондай-ақ Сығанақ қаласындағы Көк-кесенеге (XIV-XV ғ.) ұқсап кетеді.

Дәл осындай шатырлы-күмбезді кесенелердің ұқсас түрлері Солтүстік Кавказ жеріндегі Маджар қаласының айналасында да бар, олар ілгеріде айтып кеткен хорезмдік сәулет ескерткіштеріне ұқсатып тұрғызылған. Олардың барлығы да Алтын Орда дәуірімен тұспа-тұс келеді және сол дәуірде ғұмыр кешкен атақты адамдардың атымен тікелей байланысты. Абат-Байтақ кесенесі де Алтын Орда кезінде бой көтерген бірегей туынды. Сәулеті мен стилі жағынан оған ұқсас ескерткіш елімізде кездеспейді. Тек көрші Ресейдің Челябинск облысындағы Башқұртстанда бар.

Бұл кесене орын тепкен Абат-Байтақтың қорымында әр қилы үлгілермен, ою-өрнектермен көмкерілген 200-ден аса құлпытастар тұр. Олардың көпшілігі ақ және ақ сұр әктастардан қашалып жасалынған. Биіктіктері шамамен бір мен екі метр аралығын қамтиды. Бұл құлпытастардан XVIII-XIX ғасырларда өмір сүрген шеберлердің стилін анық аңғаруға болады. Оларға көбінесе қайтыс болғандардың аты-жөні, өмірдеректері араб қаріптерімен жазылған, сол секілді кейбірінде қазақ руларының таңбалары да кездеседі. Абат-Байтақтың кесенесі орын тепкен бұл қорым арнайы мемлекеттің қорғауында.

Кесенеге қашан зерттеу жүргізілді?

Кесене жайлы алғашқы деректі 1800 жылдары француз саяхатшысы Ж.Кастанье құрған экспедициялық топ қалдырды. Олар осы қорымда болып, оны зерттеп, қазақ жеріндегі бірегей сәулет туындысы жайлы көпке мәлім етті. Ж.Кастаньеден кейін 1970 жылдары қазақтан шыққан тарихшы, ғалым М.Меңдіқұлов, оның ізін ала 1979-80 жылдары мәдениет министрілгімен арнайы құрылған «Казреставрация» бірлестігін бастаған С.Әжіғалиев зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Кесенеге 1983 жылы жөндеу жүргізіліп, қалпына келтірілді. Бұл ескерткіштің негізгі қалыңдығы үш метрге жуық, ал биіктігі болса бес метрге дейін қасбет болғандығы айтылады. Сол сияқты қазақтың байтақ даласына салынған ескерткіш бірнеше шақырымнан жалтырап көрінуі үшін, күмбездеріне құрамында алтыны бар бояулар жағылған.

Талай дәуірді бастан өткерген кесене жақын жылдары толық жөндеуден өтті. Оның жаңартылған үлгісі бұрынғы кесенеден айнытпай жасалды. Орта ғасырға жататын кірпіштер дайындау үшін Ақтөбедегі кесене орналасқан ауданда кірпіш зауыты ашылып, арнайы кірпіштер шығарылды.

2007 жылы қайта жаңартудан өткен кесенені ұрпақтан-ұрпаққа сол қалпы жеткізу үшін, мемлекеттік бюджеттен отыз миллионға жуық қаражат бөлініп, республикалық деңгейде қорғауға алынды.

Енді, кесененің иесі Абат деген кім болған деген сұраққа тоқтала кетсек. Әлгінде айтқанымыздай, Абат батыр кей деректерде желмаядан құлап кетіп, қапыда қаза тапты делінеді. Ал кей аңыздарды улы қарақұрт шағып жан тәсілім етті дейді. Шын мәнісінде батырдың желмаядан құлап кетіп, ажал құшуы миға сыймайды. Улы жәндіктің шағып, мерт етуі шындыққа жанасатын секілді. Ауыр қайғы қабырғасын қайыстырған Асан қайғы халқына ұлының аты өшпес үшін жатқан жеріне кесене салу туралы ойын айтады. Содан әрбір үй бір кірпіштен әкеліп, жалпы жұрт біріге отырып, осы кесененің негізін қалапты деген әңгіме бар.  Байтақ елдің арқасында тұрғызылған кесене болғандықтан, Абат сөзіне байтақ тіркесі қосылып кеткен екен. Десек те қарапайым халықтың сәулетті кесене тұрғызуы мүмкін емес екені белгілі, сол дәуірдегі атақты шеберлер қол ұшын созған болуы мүмкін деген де пікірлер кездеседі.

Зерттеу жұмыстары кезінде мұнда жерленген үш адамның: ер мен әйелдің және кішкентай баланың мүрдесі табылды. Олардың жерде жату биіктігі де әр түрлі болған екен. Ол мүрделер кімге тиесілі екенін әлі нақты айтылған жоқ.

Абаттың батырлық бейнесі

Абат батырдың өмірдегі бейнесі тұрғысында бірлі-екілі әңгімелер кездеседі. Асан қайғы жасы келіп, қартайған шағында елді көшірісіп, оны бастауға жағдайы келмегендіктен, ұлы Абат пен Қазтуған жырауға тапсырыпты.  Батыр өзіне тапсырылған міндетті әрқашан ойдағыдай артқаратындығымен халықтың есінде қалады.

Ырғыз жерінің шығысына қарай үлкен тау болыпты. Жергілікті ханның боз биесінен туған құлынды жыл сайын алып бір сұңқар іліп әкетіп, тау басындағы ұясына барып жейді екен. Әбден ызаға булыққан хан, сол құсты тірідей қолға түсірсем деп арман етеді. Бұл арманынан хабардар халықтың арасынан бірде-бір адамның тау басында тұрған сұңқардың ұясына шығуға батылы бармайды. Тек Абат батыр ханның айтқанын орындамақ болып, таудың ұшар шыңындағы ұяға жақын барып, сұңқарды көздеп құлатып, хан қолына тапсырады. Осы оқиғадан соң, Абаттың аты ел арасына тарай бастайды.

«Қырымның қырық батыры» атты эпостық жырда Жәнібек хан Абат батырдың ерлігіне, ақылдылығына, көп ішінде топ бастайтын ерекше қасиетіне тамсанған екен. Бірде Ер Жәнібек үлкен кегі жатқан жауы барын айтқанда, топ ішінен Абат сурылып шығып, ханның ала алмай жүрген өшін қайтарып берген екен. Абат батыр үш айлық жорыққа шығып, қалмақты қырып, ерекше батырлығымен көзге түседі. Сөйтіп, оның ерлігіне разы болған Жәнібек хан Абатты сарайдағы кеңесші қызметіне тағайындайды. Осылайша, Абат өзінің өшпес ерлігімен жырдың керемет кейіпкерінің біріне айналады. Садағын беліне іліп, қылышы мен найзасын қолына алған батыр бейнесі жырда осылайша көрініс береді.

Қорымдағы мәрмәр ағаш

Абат-Байтақ қорымында тамаша бір тылсым дүние бар. Ол – мәрмәр тасқа айналған кәдімгі ағаш. Бұл ғажайыпқа көзбен көріп, қолмен ұстамаған адамның сенбейтіні ақиқат. Оның бедері, сыртқы түрі, өзегі барлығы да кәдімгі ағаш іспеттес. Жергілікті халық бұл қорымдағы барлық дүниені киелі санағандықтан, жартылай ағаш, жартылай тасқа айналған табиғат тылсымына сыйынып, тілектерін тілеп, дұғаларын оқып жататындар көптеп кездеседі. Ақтөбе жеріндегі осындай тасқа айналған ағаш туралы елге еңбегі сіңген мәдениет қызметкері Р.Ілиясовтың «Зерде» деп аталаттын еңбегінде жазып кеткен. Ол деректі Арайлым Ерғалиева «Үштаған» журналына жазған мақаласында мысал ретінде келтірген екен. Ілиясовтың еңбегіндегі тасқа айналған ағаш жүз миллион жыл бұрынғы болуы мүмкін, ол тас қазірде облыс мұражайында сақтаулы. Абат-Байтақ қорымындағы ағаш та талай дәуірді өткеріп, ауа-райының түрлі құбылыстарын бастан кешіріп, не түрлі дауыл мен желге куә болғандықтан, қурамай, тасқа айналуы мүмкін.

Абат-Байтақ кесенесі еліміздегі сәулеті жағынан ерекше, киелі мекен. Ол бүгінде республикалық дәрежеде қорғауда тұр, сондай-ақ Қазақстанның киелі 100 нысанының қатарынан орын алды.

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: