Абайдың шығармалары тәрбие құралына айналған

10 Қаңтар 2020, 12:22 4432

Хәкім Абай мерейтойы рухани серпілістің өзегі болмақ

Өткен жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын» мерекелеу туралы Заңына қол қойған болатын. Осы орайда, мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарияланды. Осы ретте Президент мақаласына қатысты мәдениет қайраткерлері Талғат Есеналиев пен Берік Саймағамбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов және философия ғылымдарының докторанты Әнел Есжанова өз ойларын ортаға салды.

 

Шерзод Аббозұлы Пулатов,

ҚХА Төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, ҚР Сыртқы істер министрлігі Қоғамдық Кеңестің мүшесі, исламтанушы, кәсіби медиа-тренер:

- Бәрімізге белгілі биыл ұлы ақын, ағартушы, ойшыл, аудармашы, композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толмақ. Мемлекетімізде бұл мерейтойды лайықты атап өту үшін халықаралық деңгейде арнайы  дайындық жұмыстары мен іс-шаралар жоспарланып отыр.

 

Абайдың адамшылдық қасиеттерін ұғындырудағы өзекті шығармалары ғасырлар бойы тәрбие құралы болып келген:

         «Сен де - бір кірпіш, дүниеге,

         Кетігін тап та, бар қалан!» -

деп айтқан екі қатар үзіндісі, бір адамның басып өтетін тіршілік жолына өшпес өмірлік ұстаным болады десек қателеспейміз. Ал, ол өзінің

         «Туғанда дүние есігін ашады өлең,

         Өлеңмен жер қойнына кірер денең.» -

деп айтқан екі шумақ қана өлең жолына адамзат жаратылысындағы өлеңнің ерекше алар орнын, маңыздылығын, қасиетін зор шеберлікпен сиыстыра алды...

2019 жылы Абайдың шығармаларын оқу бойынша эстафета болып өтті. Бұл эстафетаға Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығы мүшелері де зор қызығушылықпен қатысты. Этнолингвистик мектебімізде оқушыларға қазақ пен өзбек, тамырлас түркі елдерінің әдебиеті негізін қалаушылары - Әлішер Науаи мен Абай бейнесін жас ұрпақ бойына сіңіре отырып, бірдей оқыту дәстүрін қолдандық.

Соның арқасында оқушылар мен студенттер Абай шығармаларын ізденіп, оқып, жаттап, тіпті өзбек тіліне де аударуға тырысты. Тіпті, көрші елдерде де осы бастама өз жалғасын тапты. Осылайша жас ұрпаққа ғұлама, ұлы ақындар туралы дәріптеп халқымыздың ұлы тұлғаларына деген қызығушылығын арттырып, құрметтеуге үйрету - әрбір ұстаздың парызы. Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында бүкіләлемдік жұртшылық санасындағы қазақтың ұлы ақынын танып-білу ұғымын тағы бір рет жаңартып, Абай мұрасының бітпес қыр-сырын  тағы бір рет жария етеміз деп сенемін. Бұл - өздігімізді тереңірек тануға, ұрпаққа пайдалы білім мен тәрбие қалдырудың өзекті бастамасы, сондай-ақ ғасырлар бойы келе жатқан атадан қалған мұра.

 

Талғат Қамқабайұлы Есеналиев,

ҚР мәдениет қайраткері, Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры:

- Абай – мыңжылдықтарды құшағына сыйғызған, заманалар сырын толғаған, адам болмысының құпиясы мен тұңғиық тереңін нәзіктікпен сөйлеткен, рухани жетілудің жолдарын көсемдікпен көрсеткен келешектің кемел жаратылған Ұлы Даланың өрен тұлғасы.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінгі «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» мақаласында халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының қоғамдағы өлшеусіз орны мен салмағы туралы кеңінен сөз қозғап, тың ойларымен бөліскен екен. Ақынның мерейтойының қарсаңында жарық көрген бұл еңбекті кез-келген қазақстандық оқуы тиіс. Мақаламен танысқан әр оқырман Абайдың рухани әлеміне сапар шегіп, бойында ұлтына деген сүйіспеншілік, патриоттық сезімі арта түсері анық.

 

Әнел Қуанышқызы Есжанова,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің философия ғылымдарының докторанты:

- Мен бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқып, марқайып қалдым. Өйткені ұлт мақтанышы, ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, саяси қайраткер Абай Құнанбайұлы біздер - жастар үшін үлгі аларлық ұлы тұлға. Мақалада Президентіміз Абайды жан-жақты ашып қана қоймай, ХХІ ғасырдағы Қазақстанның жастарына Абай мұрасының тигізер пайдасының зор екендігі тілге тиек етілген.

Рухани жаңғыру кезеңінде осындай ұлы тұлғаларымызды ұлықтап, терең оқып, насихаттап, кейінгі ұрпақтарымызды рухы, діні мықты, дүниетанымы мол, ақыл-парасаты адамгершілігімен ұштасатын бабаларымыздың жолын жалғастыратын ақылды ұрпақ етіп тәрбиелеуіміз керек. Бұл бағытта ата-ана ғана емес, әсіресе мектеп, басқа да орта, жоғарғы оқу орындарының ұстаздары қажырлы жұмыс жасауымыз қажет. Мемлекет басшысы бүгінгі таңда ұстаздардың мәртебесі мен жалақысын көтеру, студент, магистрант және докторанттардың шәкіртақысын көтеру бойынша нақты тапсырмалар берді. Біз ұстаздар өздігімізден ұлы бабалар жолын жалғастыратын ұрпақ тәрбиелеу, оған мықты білім, тәрбие беру жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Бір ұсынысым – қандай оқу орны болмасын «Абайтану» пәнін енгізу керек. Әрбір оқушы, студент Абайын танымай нағыз қазақ, отансүйгіш жан бола алмайды.

 

Берік Саймағамбетов,

Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының маманы, жыршы, ҚР мәдениет қайраткері:

- Ел президенті Қ.К.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын оқи отырып елдіктің әрекетіндегі келелі кеңеске қанықтық. Шындығында абыз ақынның шығармаларынан ұлттық болмысты, ұлттық мінезді және ұлтын шын сүйген адал перзентті көресің. Әрбір өлеңдері мен  қара сөздері өз жұртының қамын жеген, жалқаулықтан сақтандырып, жаңашылдыққа ұмтылдырған серпінді дүниелер. Бүкіл ұлттың өмірдегі ұстанымына айналған ақын сөздері адамзатқа темір қазық болуға лайықты.

         «Сенде бір – кірпіш, дүниеге

         Кетігін тап та, бар қалан!» -

деп, кейінгі ұрпақты қоғаммен бір болуға, бар болуға, оның елдік тұрғысында әрекет жасауына шақырады.

Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай көптеген шараларға мұрындық болғалы отыр. Атап айтар болсақ, ақынның 175 жылдық мерейтойына республикалық деңгейдегі ақындар айтысы, «Көзімнің қарасы» атты вокалистер байқауы, «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты Абай өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқу шеберлері және концерт жүргізушілерінің облыстық байқауы,  Ұлы Абайды  ұрпақ санасында орнықтыру мақсатында Абай жырларын Сыр мақамдарына байланыстыратын «Абай жырлары – Сыр мақамдарында» атты жыр мектептерінің концерті ұйымдастырылмақ. 

Сондықтан, ел президентінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты  мақаласы, Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында рухани серпілістің өзегі болмақ.


Руслан БЕГЕН
Бөлісу: