Ақын Тарас – әділеттің жаршысы

18 Наурыз 2018, 02:47 1916

18 наурызда «Достар-Әлемі» кешенінде ұлы украин ақыны Тарас Григорьевич Шевченконың туғанына 204 жыл толуына орай  мерекелік іс-шара өтті.

Аталған көрнекті тұлға туралы жазушы-академик Ғабиден Мұстафин: «Біз Тарас Шевченконы сөз өнерінің хас шебері, сөз өрнегімен ойды өрнектеген ақындарының бірі ғана емес, бірегейі - деп санаймыз. Украина мен Россия өз алдына, менің Қазақстаным да Шевченконы бостандықтың жалынды күрескері етіп тәрбиеледі. Біздің халқымыз оны ақын Тарас - әділет ақыны - деп атап кетуі тегін емес», - деп қоғамдағы әділеттілік пен теңдік мәселесіне ерекше көңіл бөлген дара таланттың күрескерлік кескін-келбетін айшықтап өткен болатын.

Айтулы іс-шараны құттықтау сөзбен ашқан Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының басшысы Е.Құсайынұлы ақынның шығармашылық мұрасының әлемдік маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, Украинаның Қазақстандағы құрметті консулы Е.Досмағамбетов бұл іс-шараның көпжылдық дәстүрінің сақталуы туралы кеңінен тоқталып өтті.

Сонымен қатар, бағдарлама аясында украиндардың Қазақстанға қоныс аударуының 70 жылдығына арналған Халықаралық шығарма байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жеңімпаздарға дипломды Қазақстандағы Украина Елшілігінің бірінші хатшысы В.Бондар табыс етті. Іс-шара барысында Е.Пашина жетекшілік ететін Халықтық Шахтер ән және би ансамблінің, А.Невзгода басшылық жасайтын «Рондо» гитарашылар  ансамблінің және Г.Плеченнің басшылығымен дайындалған вокалдық орындаудағы өнер шеберлерінің концертін көрермендер ыстық ықласпен тамашалады. 

Мерекелік бағдарлама соңында Т.Шевченко атындағы «Рідне слово» украин тілі қоғамының төрайымы З.Красивская қонақтар мен қатысушыларға алғыс білдірді.

Шара өте жоғарғы деңгейде дайындалып, өткізілді.

Бөлісу: