«Ақын» фильмі Бразилияда өткен фестивальде үздік атанды

10 Маусым 2022, 18:16 1433

Бразилияда өткен халықаралық Olhar de Cinema кинофестивалінің «Басқа көзқарастар» бағдарламасына қатысқан режиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмі «Үздік фильм» жүлдесімен марапатталды, деп хабарлайды El.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап. 

10 елден 8 кинотуынды қатысқан бұл бағдарлама шеңберінде дүниежүзінде түсірілген жаңа картиналар мен басқа фестивальдерде үздік нәтиже көрсеткен фильмдер көрсетіледі. 

«Ақын» фильмі Қазақстаннан тыс жерлерде, сонау Бразилияда көрсетіліп, жылы қабылданып жатқанына қуаныштымын. Фильмді түсіргенде бар күшіңді салып, өз мақсатыңа адал болсаң ғана көрерменнің көңілінен шығуға болады деген ойды тағы да бір дәлелдей түскендей. Осы фильмнің түсірілуіне атсалысқан барлық жандарды құттықтаймын. Жаңа көрсетілімдер мен жаңа жүлделерді асыға күтеміз, - деді Дәрежан Өмірбаев.

Сонымен қатар, Париждегі «Жорж Помпиду орталығы» заманауи өнер музейінде Халықаралық Берлин кинофестивалінің үздік фильмдер көрсетілімі ұйымдастырылып, олардың қатарында көрермен назарына «Ақын» фильмі де ұсынылатын болады. Бұл туралы кинотуындының продюсері Юлия Ким хабарлады. Айта кетсек, La Berlinale à Paris  бағдарламасын Берлин кинофестивалінің арт-директоры Карло Шатрин және Помпиду музейінің  дирекциясы құрастырған. Көрсетілімдер маусымның 10 мен 26 аралығында өтеді. 

Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша түсірілген «Ақын» фильмі 18 маусым күні жергілікті уақыт бойынша сағат 17:00-де көрсетіледі. Билеттерді La Berlinale à Paris сайтында сатып алуға болады.

Бөлісу: