Ақтау қаласының әкімі сөгіс алды

10 Тамыз 2022, 05:55 1387

Маңғыстаудың тарихи-мәдени және табиғаты көрікті жерлерін туристер де, жергілікті тұрғындар да ластап жүр.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қаласының әкіміне сөгіс жариялады, деп хабарлайды El.kz облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін аппараттық кеңесте облыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар шығару және санитарлық тазалық мәселесі қаралды. Маңғыстаудың тарихи-мәдени және табиғаты көрікті жерлерін туристер де, жергілікті тұрғындар да ластап жүр. Соңғы кезде халық тарапынан қоқыстың жиналуына қатысты шағымдардың саны да айтарлықтай өсті.

Әсіресе, Ақтау қаласына жақын Мұнайлы мен Түпқараған ауданындарына қарасты Ақшұқыр ауылының тұрғындары тұрмыстық қалдықтардың уақытында шығарылмауына қатысты өз наразылықтарын білдіріп жатыр.

– Елді мекендердің санитарлық жағдайы алаңдатарлық мәселе. Ақтау қаласының ластануына жол беруге болмайды. Tелеграм чатқа түсетін шағымдардың көпшілігі қоқыс жинау және шығару мәселесімен байланысты. Қалдықтарды уақтылы жинамау қаланың көркі мен тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бұл қала әкімі жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауының нәтижесі, - деді облыс басшысы.

Ноғаев жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаны үшін Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбайға, оның орынбасары мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысына сөгіс жариялады.

Бөлісу: