Қаңтар оқиғасында зардап шеккен кәсіпкерлер салықтан босатылады

4 Тамыз 2022, 12:31 1014

Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде мәлім етті

Кәсіпкерлерге қаңтар оқиғасы кезінде мүлкі бүлінгеннен шеккен залалын өтеу мақсатында мемлекеттен алған ақшалай көмегі табыс салығынан босатылады, деп хабарлайды El.kz

Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 11 шілдедегі № 135-VII ҚР Заңымен Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар төтенше жағдай кезеңінде келтірілген мүліктік залалды өтеу кезінде салық салу тәртібін реттейді.

Салық кодексінің 241-бабы 1-тармағының жаңа 28)-тармақшасы шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiсiнің төтенше жағдай кезеңiнде келтiрiлген мүлiктiк залалды өтеу үшiн алған ақша сомасын жылдық жиынтық табыстан алып тастауды көздейді. Бұл норма уақытша және 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.

Сондай-ақ Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағының 17) тармақшасы төтенше жағдай кезеңінде келтірілген мүліктік залалды өтеу түріндегі Қазақстан Республикасының заңнамасымен, жеке табыс салығы салынатын кірістерден, бюджеттен төленетін төлемдерден алып тастауды көздейтін жаңа абзацпен толықтырылды. Түзету 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді.

Осылайша, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер – шағын және орта бизнес субъектілері төтенше жағдай кезінде келтірілген мүліктік залалды өтеу үшін ақша алған жағдайда жылдық жиынтық кірісті түзетуге құқылы. Егер әкімшілік құрған комиссияның шешімі болып, осы комиссияның тізіліміне кәсіпкер енсе, осындай түзетуді қолдана алады.

Корпоративтік табыс салығын есептеу мақсатында Салық кодексінің 241-бабының 1-тармағына сәйкес жылдық жиынтық табысты түзету корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияда (100.00-нысан) көрсетілуге жатады.

Жеке тұлғаларға төлемдер табыс ретінде танылады, бірақ оған жеке табыс салығы салынбайды.  Сонымен қатар, салық агенті (жұмыс беруші) жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша декларацияда (200-нысан) төленген сомаларды көрсетуге міндетті.

Бұдан басқа, Салық кодексінің 404-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына қосылған құн салығының сомасын түзетуді, сондай-ақ төтенше жағдай кезеңінде тауарлардың бүлінуі, жоғалуы кезінде де есепке жатқызуды (есепке алуды азайту) қолданбау бөлігінде толықтыру енгізілді. Бұл толықтыру 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.  Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінде төтенше жағдай нәтижесінде немесе төтенше жағдай кезінде зақымдану, салық тіркеліміндегі тауарлардың зақымдануы, жоғалуы фактісін растайтын құжаттардың болуы және мұндай залал туралы мәліметтердің көрсетілуін талап етеді.

Осылайша, шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiсi төтенше жағдай кезiнде жергiлiктi атқарушы орган құратын комиссияның шешiмi бойынша тiзiлiмге енгiзiліп, келтiрiлген мүлiктiк залалды өтеу үшiн ақша алған жағдайда, мұндай кәсіпкер осындай тауарлар үшiн бұрын есептелген ҚҚС сомасына түзету енгiзедi.

Бұл ретте есепке жатқызуға жататын ҚҚС бойынша түзету сомасы тауарлардың бүліну, жоғалу жағдайлары орын алған салық кезеңі үшін ҚҚС бойынша декларацияда көрсетіледі.

Бөлісу: