Қаңтар оқиғасына қатысқандарға үкім шықты

14 Қыркүйек 2022, 06:40 1338

Жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, бес сотталушы үш жылға бас бостандығынан шектелді.

Өскемен қаласында қаңтар оқиғасына қатысқан 13 адамға сот үкімі жария етілді, деп хабарлайды EL.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қалалық сот қаңтар оқиғасына қатысқан 13 адамға қатысты үкім шығарды. Іс ҚР Қылмыстық Кодексінің 272-бабы 2-бөлігі (Жаппай тәртіпсіздікке қатысу), 296-бабы 2-бөлігі (Есірткіні өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау) бойынша қаралды.

Жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, бес сотталушы үш жылға бас бостандығынан шектелді. Ал жеті айыпталушыға төрт жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Осыған дейін басқа да қылмыс жасаған 1 адам үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, - делінген ақпаратта.


EL.KZ
Бөлісу: