Ақтөбеде ұлттық дәстүрді насихаттайтын «Дәстүр» мектебі ашылды

10 Қаңтар 2020, 11:02 3271

Ақтөбеде облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы маңынан «Дәстүр» мектебі ашылды. Аналар Кеңесі мен «Азат» оқу орталығының ұйымдастыруымен ашылып отырған орталық ұлттық дәстүрлерімізді ұрпаққа үйрету мақсатында еңбек етеді.


Аталмыш мектептің жұмысының негізгі бағыты – бабадан қалған салт-дәстүрімізді негізге ала отырып жас ұрпақты тәрбиелеу. Қолөнер бұйымдарын жасаумен қатар оқушыларды білімге, өнерге баулу, дейді шараны ұйымдастырушылар.

«Қоғамдық келісім» КММ-нің директоры Нұрхан Ағниязов оқушыларға білім берумен қатар, тағылымды ұлттық-тәрбие беруде бұл мектептің алатын өзіндік орны бар деп ұжымның алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының ІІІ кезеңінің үміткері, республикалық «Алтын оймақ» жобасының жеңімпазы, дизайнер Айнагүл Мазинова киізден пішіп-тігілген киімдердің жасалу жолдарының қыр-сырымен бөлісті.


Іс-шара барысында Ассамблея жанындағы Аналар Кеңесінің мүшелері де өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, бүгінгі таңда «Анаға тағзым», «Құрақ көрпе» сияқты жобалар жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. Облыстық медиация кеңесінің мүшесі, көпбалалы ана Бибігүл Әбілдаева ұлтты тәрбиелеу - отбасынан бастау алады деп, шаңырақтың берекесін берік ұстау анаға байланысты деп, жас аналармен ақыл-кеңестерімен бөлісті. Сондай-ақ, салтанатты шарада облыстық мәдениет басқармасының бас маманы Орынгүл Сәулебай құттықтау сөз алып, «Азат» оқу орталығының жетекшісі Лаура Бердібековаға алғысын жеткізді.

Ұлттық дәстүріміздің асыл қазынасы болған қазақ халқының қолөнер бұйымдары ұсынылған көрмеде Қазақстан қолөнершілер Одағының мүшесі Ер-Қосай Абилов өз жұмыстарын таныстырды.

Одан кейін шара «Дәстүр» мектебінің шәкірттерінің дайындаған шағын сазды бағдарламасымен жалғасты.


Бөлісу: