Ақтөбе облысында экспедиция мүшелері рухани жерлерде болып қайтты

15 Шілде 2019, 11:24 4556

Ұлан байтақ қазақ жерінің әр бөлігінде біздің шежірелі тарихымыз жатыр. Туып өскен, кіндік қанымыз тамған туған жеріміздің қадір қасиетін түсініп, оны қастерлеу – әрбір қазақстандықтың борышы. Батырларымыздың қасық қаны қалғанша осынау киелі жерлерін қорғауы – бүгінгі ұрпаққа мұра.


Қазақта кие тұтқан, ерекше тарихи орындар өте көп. Қазақтың кең даласы өз тарихында талай өркениеттің ықпалында болып, көптеген мәдениеттің тұтасқан ордасына айналды. Бүгінде елімізде бірнеше ауыр тарихи кезеңдерді бастан кешірсе де, түп негізін жоғалтпаған киелі орындардың саны біршама.

Осы орайда Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қасиетті орындардың жалпыұлттық маңыздылығын атап өткен болатын. Осы бағдарламалық мақала аясында Елбасының тапсырмасымен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қолға алынды. Жоба шеңберінде қазақ жеріндегі тарихи ескерткіштер, қасиетті мекендер туралы зерттеулер жылдан-жылға артып келеді.


Бүгінде республикалық деңгейде Ақтөбе облысынан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» 10 нысан енді. Олар: Абат – Байтақ қорымы, Қобыланды батыр мемориалдық кешені, Исатай батыр кесенесі, Әбілқайыр хан жерленген «Хан моласы» қорымы, Кенесары ханның қарындасы Бопайдың моласы, Досжан ишан мешіті, Есет-Дәрібай Көтібарұлының кесенелері, Есет батыр Көкіұлының мемориалдық кешені, Ойсылқара қорымы, Жаманшың метеорит кратері. Бұл тарихи орындардың әрқайсысының өзіндік қалыптасу кезеңі бар.

«Ақтөбе облысы әкімінің аппараты» ММ «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында өңірдегі қасиетті орын Есет батыр Көкіұлының мемориалдық кешенімен танысты.

Есет батыр Көкіұлының кесенесі Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылында орналасқан. Елді-мепкеннен шамалы жер жүргеннен кейін қырат үстінде орналасқан еңселі кесене – қазақтың даңқты батыры Есет Көкіұлының сүйегі жерленген қасиетті орын.

Киелі жерге келіп, батыр бабамыздың рухына құран бағыштап, Есет Көкіұлының өмірімен, қазақтың азаттығы жолындағы ерлік істерімен танысты. Одан әрі олар Есет батыр мемориалдық кешенін аралады. Батыр бабамыздың тастабыты орналасқан кесене негізі текше тәрізді болып келеді. Оның қарсы алдында Есет батырдың үш метрлік бейнесі кескінделген. Тарихи орынмен жіті танысқан «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы Есет батырдың өміріне қатысты жәдігерлер сақталған мұражайды аралады.


Мұражайды аралап шыққан әріптестеріміз өздеріне рухани азық алғандарын жеткізіп, қазақтың кие тұтқан, қастерлі жерлерін біліп, оны болашақ ұрпаққа дұрыс жеткізу керектігін атап өтті. Сондай-ақ, олар мұндай тарихи орынға келіп, зиярат етулерінің тағы бір себебі – елімізді мекендеген түрлі ұлт өкілдері арасында батырларымыздың елдің татулығы мен бірлігі жолындағы ерлік істерін насихаттап, оларды киелі орындармен таныстыру болды.

Дарынды қолбасшы, сұңғыла саясаткер, қазақ халқының еркіндігі жолында күрескен ұлтжанды батыр - Есет Көкіұлының басына зиярат етіп, құран бағыштап, ас беретіндердің саны жылдан-жылға артып келеді. Алыстан ат арылтып келген экспедиция мүшелері үшін кесене төңірегінде арнайы қонақ үй салынған. Сонымен қатар мұнда бөлек-бөлек бөлмелер, намаз оқитын, жатып демалатын орындар да бар. Есет батыр Көкіұлының мәңгілік мекеніне айналған бұл жерге келушілердің қатарында шек жоқ.

Бөлісу: