Ержан Байтанаев Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары әрі облыс әкімінің баспасөз хатшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды El.kz
«Бұл мені жұртшылықпен және үкіметтік емес ұйымдармен байланыс, баспасөз және электронды БАҚ-пен өзара іс-қимыл, жұртшылықты Ақтөбе облысы әкімдігінің қызметі туралы хабардар етіп, ақпараттандыруды арттыру үшін жауапты етеді. Сондай-ақ өңірдің идеологиясын, ішкі саясат пен жастар саясаты мәселелерін жауапкершілігіме аламын. Жаңа қызметке кірісе отыра сіздермен тілдесіп, ынтымақтас болуға дайын екеніме сендіргім келеді. Облыс әкімінің баспасөз қызметі жұмысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сапалы жүзеге асыруға бағытталатын болады. Біз сіздердің кәсіби қызметтеріңізге қолдау көрсетіп, көмектесуге әрқашан дайынбыз», деді Ержан Байтанаев.
Айта кетейік, Ержан Халиұлы Байтанаев 1983 жылы 23 қаңтарда дүниеге келген. 4 жоғары білімі бар - қазақ тілі мен әдебиеті филологы, мемлекеттік басқару маманы, заң ғылымдарының магистрі. 2016 жылы Ресей Федерациясы Президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының Құқық және ұлттық қауіпсіздік институтын үздік бітіріп, ғылыми жұмысын қорғады. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі. Еңбек жолын өңірлік және республикалық БАҚ-тарда бастаған.
2004-2007 жж. Жамбыл облысы және Астана қаласы бойынша «КТК» телеарнасының құқықтық бағдарламалар редакциясының редакторы, меншікті тілшісі болды.
2008 – 2013 жж. Қазақстан Республикасы қаржы Министрлігі кедендік бақылау Комитетінің ресми өкілі - баспасөз қызметінің бастығы болды.
2013 – 2014 жж. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының ресми өкілі - баспасөз қызметінің басшысы болып жұмыс істеді.
2014 – 2016 жж. Ресей Федерациясы Президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет Академиясының Құқық және ұлттық қауіпсіздік институтының тыңдаушысы.
2016 – 2017 жж. Қазақстан Республикасы дін істері және азаматтық қоғам Министрлігінің баспасөз қызметінің басшысы – министрдің баспасөз хатшысы.
2017 – 2018 жж. Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы Министрлігінің жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының баспасөз хатшысы.
2018 – 2019 жж. «ҚТЖ» ҰК АҚ – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының баспасөз хатшысы.
08.11.2019 – 13.09.2022 жж. санитариялық-эпидемиологиялық бақылау Комитетінің ресми өкілі – жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы.
03.03.2020 - 13.09.2022 жж. ҚР Премьер-Министрі орынбасарының баспасөз хатшысы лауазымын атқарды.