Ақтөбе мен Оралда «Сарқыт» айы шеңберінде қайырымдылық шаралар өтті

28 Қаңтар 2019, 10:52 3869

Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының салтанат залында  «Қайырымдылық керуені» республикалық жобасы аясында «Сарқыт» айына арналған «Мейрімділікпен  бірлікке» атты шара өтті.

Акция барысында баланың алажібін кесіп, қатысушыларға «тұсау кесу» рәсімі ұсынылды. Бұл рәсім бала тәй-тәй басып, алғаш дүниеге аяқ басқан сәтінде өмірден сүрінбей, елдің азаматы болып өссін деген ырыммен жасалады. Кішкентай ғана Досжан Орынбасардың тұсауын облыстың беделді азаматы, «Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі» Камалхан Қуанов кесіп, ақ батасын берді.

Сонымен қатар, көрермендерге Ғ.Жұбанов атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының ұжымы, атап айтқанда «Аққу», «Әлия гүлі» би ансамбльдері мен «Арайлы Ақтөбе» ұлттық аспаптар оркестрі дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.

Ал Орал қаласында халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдауға бағытталған «Қайырымдылық керуені» қайырымдылық іс-шаралары «Мейірімділікпен бірлікке!» атты ұранымен жалғасуда.

Бұл жолы жергілікті Қазақстан халқы ассамблея ұжымы облыс орталығындағы мейрамханалардың қолдауымен белгілі тұрағы жоқ азаматтарға арналған әлеуметтік бейімделу орталығында болып, онда тіркелгендерді кешенді ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Аталмыш шараны «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының еріктілері атқарды.

Бөлісу: