Қоршаған орта мен адам егіз ұғым. Қазақстан аймақтарындағы экологиялық проблемаларды тізбектей беруге болады. Атмосфералық ауаның экологиялық мониторингі көрсеткен нәтижеге сәйкес, 45 өнеркәсіптік қала мен он шақты ірі мегаполис шаһарларда ауаның ластану деңгейі жоғары екені анықталған. Бұл Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент қалалары. Ластаушы заттар шығындарының жалпы көлемі 2,5 млн тоннаны құрайды. Тыныс алатын ауа, ішетін су, жейтін тағамның сапасы экологиямен тығыз байланысты. Ауаның ластануы біздің денсаулығымызға және қоршаған ортаға тікелей қауіп төндіреді. Сусыз адам бірнеше күн, тамақсыз тіпті бір ай, ал ауасыз бірнеше минут ғана шыдай алады. Тыныс алу – ағзаның негізгі қызметі. Ал біздің елорда тұрғындары немен тыныстап жүр? Мұндағы экологиялық ахуал қандай? Қандай мәселелер бар? Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылуда? Біз осы сұрақтар аясында сала маманы Ақнұр Тұрдалиевамен сұқбаттасқан болатынбыз.
– Ақнұр ханым, Нұр-Сұлтан қаласы еліміз бойынша ауаның ластануы жағынан алдыңғы қатарда екен. Мұның себебі неде? Елорда тұрғындары қандай ауамен тыныстап жүр? Ондағы экологиялық ахуал қандай?
– Ауаның ластануы – экологиялық проблема. Ол қазіргі таңда тек қана біздің елімізде ғана емес, әлем бойынша өзекті мәселе. Жалпы ауаның ластануының бірден бір себебі үлкен қалаларға халықтың көптеп көшіп келуімен байланысты. Ауылдан қалаға көшу көбейді. Бұл тікелей автомобильдердің өсуіне әкеледі.
– Елордамызда жел жоқ кезде дала түтін болып тұрады. Бұл қайдан келетін түтін? Бұған қатысты тұрғындар тарапынан әлеуметтік желілерде шағым көп таралған еді.
– Мұндай түтін күз бен қыс айларында яғни жылыту маусымында екі есе өседі. Ауаның ластану деңгейі адам денсаулығына аса қауіпті. Эколог мамандарды Қазақстанның мегаполистері мен өнеркәсіптік қалаларындағы ауа сапасы алаңдатады. Көмірді жағу, көліктердің көп мөлшері көптеген зиянды қалдықтарды құрайды. Елордамызда барлық тұрғын үйлерге газ өткізілмегендіктен, көмір арқылы жылытады. Көмірді жағу, жүздеген шақырымға таралатын улы заттардың бөлінуіне әкеледі. Салдары аса ауыр ауруларға алып келуі мүмкін. Алдағы уақытта барлығы газға өтсе, мәселе шешіледі деп ойлаймын.
– Әлем елдері түтінмен қалай күресіп жатыр? Әлемдік тәжірибеге сүйене отыра біздің елде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Париж, Мексика, Пекин қалаларында әр ай сайын автокөлік пен жүруге рұқсат бермейді. Яғни олар бір күн автокөліктен бас тартады. Оларда заң бар. Осындай тенденцияларды біз де іс жүзінде қолдансақ, бір жылда бірнеше күн автотранспорттан бас тартып, ол күні велосипедпен немесе жаяу жүретін болсақ айтарлықтай оң әсерін береді. Біздің еліміз де жасыл болашаққа ақырыңдап аяқ басып келе жатыр. ақырындап қадам басып келеді. Барлығы жаман деп ойлауға болмайды. Асықпай дұрыс келе жатырмыз деп ойлаймын.
– Мегаполис шаһар болғандықтан елордада көліктер саны да күн санап артып келеді. Көліктерден шыққан газ бен түтін ауаны қаншалықты ластайды? Олармен қалай күресуге болады?
– Қазіргі таңда әрбір отбасында бірнеше көлік бар. Көліктен шығатын қалдықтарды азайту ауаның сапасын жақсартудың маңызды қадамы. Барлығы да экологиялық білім беру ағартудан басталады. Мысалы халықтың өміріне жақында енген электр скутерлер. Бүгінгі таңда электр скутерлер жай ғана экзотикалық ойыншық емес, ыңғайлы жылжымалы көлік рөлін атқарады. Қаладағы жолдардағы қозғалысқа қолайлы. Жастардың басым көпшілігі пайдаланып жүр. Үлкендердің арасында да трендке айналса, экологияға үлесімізді қосар едік. Ауаның ластануы темекі шегу, алкольды ішімдіктерге қарағанда зияны көп. Темекі адам өмірін 1,92 жылға қысқартса, ауаның ластануы 2 жылға азайтады. Біз халықты жаяу жүруге, қоғамдық көлікпен, велосипедтермен жүруге насихаттауымыз керек.
– Нұр-Сұлтан қаласындағы «ауыз су сапасы сын көтермейді», - дегенді жиі естиміз. Жалпы, бас қаладағы ауыз су сапасы нормаға қаншалықты сәйкес келеді?
– Су жер бетіндегі барлық тіршіліктің маңызды бөлігі. Жақында ғана тұрғындар осы сұрақ бойынша өтініш шағымдар жазған болатын. Зерттеу жұмыстары бойынша кейбір көрсеткіштер шектен тыс жоғары екені анықталған. Мәселен, магний мен мыс. Ішуге жарамсыз деп айтуға болмайды әрине жарамды. Алдағы уақытта ол мәселе оң шешімін табады деген үміттемін.
– Ақнұр Ханым елордамызда белгілі бірнеше су объектілері бар. Мәселен: Есіл, Ақбұлақ өзендері, Сарыбұлақ бұлағы, Талдыкөл көлінің жағдайы қандай?
– Соңғы жылдары осы сұрақ өте өзекті. Зерттеу жұмыстары кезінде Талдыкөл көлінде зиянды бактериялардың шамадан тыс көп екендігі анықталған. Нұр- Сұлтан қаласында көптеген үлкенді-кішілі көлдер, өзендер бар. Оларды да басында құрғатқан. Бірақ Талдыкөлді құрғату кезінде ғана шу шыққан. Жалпы қолдаушылардың айтатын аргументі біз көрген аққу, қоқиқаз, басқа да құстар болса, Талдыкөлге қонып, басқа суға қонған кезде сол бактерияларды тасиды. Сондықтан да кей эколог мамандар аталған көлді құрғатуды жөн санайды. Біз бірнеше рет еріктілермен Талдыкөлге сенбілікке шыққан болатынбыз. Бір өкініштісі ол жерде құстардың қырылып жатқаны, құрылыстан келген қоқыстарға тап боласың. Эко активистер көлді инфраструктура секілді қалдырғысы келеді. Басқа жерлерде сондай көлдерден әдемі саябақ жасап шығарады. Ал, біздің елордамызда ол жерлерге биік ғимараттар салыну жоспарлануда.
– Қаладағы экологиялық проблема тұрғындардардың денсаулығына қаншалықты кері әсерін тигізіп отыр?
– Қоршаған орта адам денсаулығында үлкен рөл атқарады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы статистикасына зер салсақ, жалпы әлем бойынша жылына ауаның ластануынан 3 милионнан аса адам өлімі тіркелген. Ал, біздің елде 16 мыңға жуық адам экологияның нашарлығынан көз жұмып отыр. Көптеген аурулар ауаның ластануынан, нашар ауыз судан, химиялық өңделген тағамдарды тұтынудан туындап отыр. Ауаның ластануы адам денсаулығына төнетін ең күрделі экологиялық қатерлердің бірі. Себебі ауаның ластануы қант диабеті, инфаркт секілді ауруларға әкеледі. Біздің елде аталған диагнозбен ауыратын адамдар көп кездеседі.
– Қалада жасыл желектердің саны аз деп ойламайсыз ба? Жалпы, ағаштар мен гүлдердің экологиядағы үлесі қанша?
– Аз деп айта алмаймын. Бізде қазір көгалдандыру процесі қарқынды түрде жүріп жатыр. Ағаш отырғызу сәнге айналды. Жалпы біз осы жылы «Киелі табиғат» республикалық жобасы аясында 3500 ағаш отырғыздық. Нұр- Сұлтан қаласы бойынша осы жылы 1 мыңнан аса түп отырғыздық. Бізден басқа да ұйымдар ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырды. Жасыл желектерді отырғызу белсенді жүріп жатыр. Ағаш, гүл болсын олар оттекті шығарып, көміртекті азайтады. Бұл ретте жасыл желектер ауаны тазартуға септігін тигізеді. Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы да экология мәселесіне көп көңіл бөлуде.
– Елордамызда экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылуда және алдағы уақытта қолға алынатын бастамалар бар ма?
– Қазіргі таңда көптеген іс- шаралар өткізіліп отыр. Оның ішінде заңда экология бойынша жаңа кодекс жасалды. Заң жобасы аясында көптеген мәселеер шешімін тауып отыр. Бас қаламыз күннен-күнге өскен сайын көптеген үлкен саябақтар ашылып жатыр. Әлі де әртүрлі абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Экологиялық әртүрлі жобалар аясында жастарды ағаш отырғызуға баулимыз. Арнайы ағаш отырғызатын эксперттерді шақыртамыз. Жастар ұйымы «Киелі табиғат» аясында бір айлық акция өткізген болатын. Онда 80 мың жастарды сенбілік тазалау жұмыстарына шақырдық. Бір өкініштісі біз сенбілікке тартып, ағаш отырғанымызбен, көп ұзамай сенбілік өткен жерде қайта қоқыс пайда болады. Ағаш отырғызған жерге келіп, ағашты сындырып тастауы мүмкін. Сондықтан да әр адам қоғамдық жерлерде, табиғат аясында тазалықты сақтасақ экологияны жақсартуға өз үлесімізді қосамыз. Эколайф челлендж деген акция бар. Ол жерде 21 күн бойы қатысушылар экологиялық өмірді насихаттайды. Мысалы өз көлігіне немесе қоғамдық автобустарға отырмай жаяу жүреді. Екіншіден полиэтиленді пакеттердің орнына, экосөмке ұстайды. Осының барлығы экологияға оң әсерін береді. Біздің жобаға қарапайым адамдар қатысады. Экосеріктестеріміз бен экоамбассадорларымыз тренингтік сабақтар өткізеді. Сабаққа мұғалімдер, оқушылар сонымен қатар ата-аналар да белсенді қатысып жатыр. Сол себептен мектеп, жоғары оқу орындары экологиялық сабақтарға көңіл бөлсе, септігін тигізеді деген пікірдемін.
– Сұқбатыңызға рақмет!