Ақмола облысындағы мектептердің паркі 15 жаңа автобуспен толықты, деп хабарлайды El.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Балаларды мектепке жеткізуді қажет ететін ауылдық елді мекендерге көліктер берілді. Автобустардың кілтін табыстау рәсіміне Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов қатысты.
«Министрліктің бастамасымен биыл республика бойынша 515 мектеп автобусы сатып алынады. Біз бұған дейін оқушыларды мектеп автобустарымен қамтамасыз ету мәселесін бірнеше рет көтерген болатынбыз.
Ал биыл бұл мәселе республикалық деңгейде шешіліп, балаларды мектепке апару үшін жаңа автобустар алуға қаржы бөлініп отыр. Балаларды автобуспен қамтамасыз ету үшін қаржы әкімдіктерге бөлінеді. Жақын арада Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан және басқа облыстарға мектеп автобустары жеткізіледі», - деді вице-министр Айбат Болатов.
Жаңа автобустар қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп рюкзактарына арналған сөрелермен және есіктері ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен жабдықталған. Ауыл балалары енді мектепке де, облыстық байқаулар мен олимпиадаларға да бара алады. Бұған дейін министрлік балаларды қауіпсіз тасымалдаудың жаңа ережелерін әзірлеген болатын.
Отандық автобустар қаржы лизингі бағдарламасы бойынша жеңілдетілген шарттармен сатып алынады. Бұл механизм ел мектептерінің автобус паркін кезең-кезеңмен жаңартуға және кеңейтуге мүмкіндік береді.