Ақмола облыстық ғылыми-сараптамалық тобы ҚХА-ның 25-жылдығы төңірегіндегі шараларды күшейтпек

30 Желтоқсан 2019, 15:31 1988

Көкшетаудағы Достық үйінде Ақмола облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың (ҒСТ) отырысы өтті. ҒСТ төрағасы А. Қапышев 2019 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысына қысқаша тоқталып өтті.

Облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі М. Тохаева өз сөзінде ҒСТ мүшелерінің назарын Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына аударып, еңбек ұжымдарында, оқу орындарында дәрістер, «ашық сабақтар» ұйымдастырып өткізуге, облыстағы этносаралық жағдайдың мониторингі бойынша сараптамалық ақпарат ұсынуға, аталған тақырып бойынша оқу құралдарын, ғылыми мақалалар шығаруға, жас ғалымдарды, студенттерді ғылыми жобалар, дипломдық жұмыстар, Қазақстан халқы Ассамблеясының тақырыбы бойынша диссертациялар жазуға үндеді.


Отырыста қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісіне арналған республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы, психология ғылымдарының докторы, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің профессоры А. Кукубаева сөз сөйлеп, өзінің ғылыми жобасы жөнінде кеңінен әңгімелеп, жастарды аталмыш жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

ҒСТ мүшелері 2020 жылға арналған жұмыс жоспарлары мен мақсаттарды талқылады. Сонымен қатар жас ғалымдар арасындағы ғылыми жобалар байқауының аймақтық кезеңінің жеңімпаздары мен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісіне арналған ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының дипломдарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды.


Бөлісу: