АӘК-ке бөлінген 120 млн теңгені жымқырған шенеуніктер сотталды

26 Шілде 2022, 03:26 1982

Олар тұрмысы төмен тұрғындарға бөлінген 120 млн теңгені талан-таражға салғаны үшін сотталды.

Түркістан облысы, Арыс қаласында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің алты қызметкері сотталды, деп хабарлайды  El.kz.

Оларға пандемия кезіндегі төтенше жағдай мен шектеу шараларына байланысты азық-түлік пен тұрмыстық қажеттілікке бөлінген қаражатты жымқырды деген айып тағылды.

Арыс аудандық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, айыпталған алтаудың қатарында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы мен оның орынбасары, көмек секторының бас маманы мен есепшісі және оның екі көмекшісі бар. 

Олар тұрмысы төмен тұрғындарға бөлінген 120 млн теңгені талан-таражға салғаны үшін сотталды. Сот отырысында шенеуніктердің пандемия кезінде 29 азаматқа көмек ретінде бөлінген 2 900 400 теңгені заңсыз аударып алғаны анықталған. 

– Көбінше өздерінің туыстары мен таныстарынан тұратын Арыс қаласының 138 азаматына ақшаларды негізсіз, заңсыз аударғаны анықталған. Мемлекетке жалпы сомасы 123 493 688 теңге материалдық залал келтірген, – делінген соттың хабарламасында.

Бөлісу: