Ақгүл Құсайын: «Ең ауыр жаза ол – эмоционалды жаза»

1 Ақпан 2021, 10:31 57765

Қаталдық көрген бала көнгіш болады.

«Ел болам десең – бесігіңді түзе» деген қанатты қағида қалайша орынды айтылған. Бала тәрбиесіндегі ең алғашқы алтын ұя – ол отбасы. Балабақша да, мектеп те біздің ұрпағымызды саналы, салиқалы перзент етіп тәрбиелеуге міндетті емес. Ең әуелі әрбір баланы жақсы адам етіп тәрбиелейтін, оның бойындағы асыл қасиеттері мен жақсы қырларын ашып, махаббатқа бөлейтін, мейірімге қандыратын – ол ата-ана. Бала тәрбиесі туралы аз-кем мағлұмат алу үшін балалар және ересектер психологы, ойын терапиясы травмотерапия маманы Ақгүл Құсайынмен дидарласқан едік. 

 

Сұхбатымызды бастамас бұрын кейіпкеріміз туралы ақпарат беріп, таныстырып өткенді жөн санадық. Ақгүл ханым 2003-2007 жылдары аралығында Түркия мемлекетінің Измир қаласындағы «EGE» Университетінде Психологикалық кеңесші және бағыттаушы мамандығы бойынша білім алған.

Кейін «Empathy International school» лицейінде психологикалық кеңесші және бағыттаушы, әлеуметтік іс-шаралар басқарушысы ретінде жұмыс жасаған. Бұл кезеңде, жасөспірімдік кезеңдегі кризис және психикалық ауытқулар мен оқушылардың жеке проблемалары, ата-ана және бала арасындағы дағдарыстар, оқушылардың өз-өзін тануы және өз қабілеттерін анықтауына негізделген жұмыстар жасаған.

2011 жылы Үндістанның Калькутта қаласында «Karnataka Open State» Университетінде МВА саласында екі жылдық білім алып, магистр ғылыми дәрежесін қорғаған. Бұл кезеңде қосымша осы Калькутта қаласының - INDIALOGUE - Үнді-Түрік бизнес қауымдастығы атындағы халықаралық мектепте оқушылардың іс-әрекет бұзылыстырна негізделген психотерапиялық жұмыстар жүргізген.

2013-2015 жылдары Моңғолияның астанасы Уланбатыр қаласында іс-әрекет бұзылыстары бар және балалардың невроздың салдарымен, физикалық, эмоциялық, жыныстық, зорлық-зомбылықты басынан өткізген балалардың іс-әрекет бұзылыстарына терапиялық жұмыстар жүргізген.

2019 жылы Америкалық атақты психолог Алетта Солтердің – «Аware Parenting» білім беру институтынан бала мен ана арасындағы байланыс, балаларда іс-әрекет бұзылыстары мен травмаларға көмектесу жөнінде білім алып, cертфикат алған.

Қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Career Vision мамандық таңдау бойынша кеңес беру орталығында мекемелерге тренингтер жүргізіп, жастарға топтық және жеке терапиялық жұмыстар өткізеді. Ересектер мен жасөспірімдерді, сондай-ақ балаларға жеке терапия жасаумен шұғылданады.

2018 жылы «UNDP» БҰҰ бағдарламасы бойынша жүргізілген «Жастар бейбіт дамуды қолдайды» бағдарламасы авторларының бірі. Сондай-ақ, ата-ана мен бала байланысының бала өміріндегі әсері және бала травмасы мәселесін зерттеп, Қазақстандағы жалғыз травматерапевт Нұргуль Сүйіндікованың «Экзистенциялдық психология мектебінде» және Америкалық балалар психологы Байрон Нортонның «Тәжірибелік ойын терапиясы» инсититутында білім алуда.


– Ақгүл ханым, балалардың смартфонға тәуелділігі көптеген ата-ана үшін үлкен проблема. Оларды телефонға телміртпеу үшін не істеуіміз керек?

– Бұл мәселе әсіресе карантин кезінде қатты белең алды. Пандемияға байланысты балалар үйден шықпай өзімен өзі отыруға мәжбүр болды. Бұл тек қазақ қоғамына ғана тән емес, бүкіл әлемге тән кезең болды. Әсіресе, жасөспірімдер карантин кезінде смартфонға тәуелді болып қалды. Керісінше, бұлар нағыз ата-анаға тәуелсіз болатын, өзін жеке тұлға ретінде сезінетін, достарымен көбірек уақыт өткізіп, басқа бір топқа тиесілі болуға ұмтылатын, сол топтың ішінде өзінің рөлін анықтап, өзінің кім екенін, өмірдегі мақсатын айқындайтын маңызды кезеңде жасөспірімдердің төрт қабырғаға қамалуы – сматрфонға тәуелділікке әкелді. Жалпы бұл мәселе карантиннен бұрын да бар проблема. Әсіресе көп балалы отбасыларда ата-аналары балаларына жеткілікті деңгейде көңіл бөле алмай жатады. Жұмыс, күйбең тірлік, тіршілік қамы деп тізбектей берсек болады. Әр бала әр бұрышта өз ісімен шұғылданып, елеусіз қалып қоятын отбасылар бар. Мұның кері әсері көп. Смартфонға тәуелділік проблемасының астарында ата-анамен байланыстың үзілуі жатыр. Біздің орталыққа қаншама ата-ана келеді. Смартфонға тәуелді балаларды қалай жөнге саламыз, не істесек болады деген сұрақпен, көмек сұрап келеді. Баламен шешіліп сөйлесіп, ойын терапиясы арқылы немесе өзге де әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, мәселенің түкпіріне үңілгенімізде көбінесе жалғыздық себепші болып жатады. Бала осы бір шынайы әлемде қарым-қатынасқа түсетін адам жоқ болғандықтан осындай проблемамен бетпе-бет келеді. Балалар көбінесе ойын арқылы өзін ашыққа шығарып, өз әлемінде өмір сүреді. Дәл осы кезеңде олар ата-ананың қолдауына мұқтаж. Перзентіңізді қолдап, онымен бірге түрлі ойындар ойнатып, ішкі әлеміне көңіл бөлу маңызды. Баланың өзімен өзі жалғыз қалуына жол бермеуіміз керек. Бізде қалай, көбінесе бала тыныш отырса болды, шаруамды атқарып алайын деп смартфонды өздері беріп қоятын ата-аналар көп. Сосын бала телефонға телмірмей қайтсін? Баламен байланыс үзілді деген осы. Екіншіден, күн ұзақ тек смартфонға қарап отыратын балалар ештеме ойлай алмай қалады. Телефон баланың миын шектеп тастайды. Жалғыздық деген мәселе осыдан шығады. Тереңіне үңілсек, ата-анамен байланыстың үзілуі жалғыздыққа апарады. Баланың ішкі қалауына көңіл бөлінсе, оған қолдау көрсетіп, үнемі сөйлесіп, оның ақыл-ойын, моторикасын дамытатын ойындар ойнауына жағдай жасалу керек. Жеткілікті деңгейде көңіл бөлу керек.


Бала мультфильм қарап отырса немесе сабақ оқып отырса да, ата-ана үй шаруасын атқарып жүріп те перзентіне көңіл бөле алады. Ең бастысы ниет пен дұрыс қадам болса болғаны. Мәселен, сабақ оқып отырған баламен тілдесіп, сабағы жақсы ма, қандай өзгешеліктер болып жатыр, баланы не қызықтыруы мүмкін, қай пәнді меңгеру оған қиынырақ тиіп жүр, қандай темалар оған өзекті деген мәселені білуге, аңғаруға тырысу керек. Мұны сөйлесу, әңгімелесу арқылы ғана біле алады. Мұндай қарым-қатынас болмағанда бала телефонды өзінің досы ретінде қабылдауы мүмкін. Казір әлем елдерінде «Free fire» және «Among us» деген ойындар өте танымал болып кетті. Осы ойындар дүние жүзінде талқыланып, зиянды жақтары зерттеліп жатыр. Телефонға тәуелді балалар осы ойындарға көбірек әуестенеді, ойнайды. Неліктен? Себебі, әлеуметтену қажеттілігін осы ойындар арқылы толықтырып жатыр. Баламен үйде дұрыс қарым-қатынас болмаса, сыныпта достарымен байланыс болмаса, шынайы қарым-қатынастың аздығынан немесе жоқтығынан бала осы ойындар арқылы бөгде адамдармен қарым-қатынас орнатады. Ойнау арқылы тілдеседі, қашықтықтан араласады. Интернет желісіндегі ойынға жан-жақтан қосылған балалар бар, кім қандай мақсатпен отырғанын меңзей алмайсыз. Ойын ережесіне сай басында балаларға сен ананы істе, мынаны істе деген секілді міндеттер беріледі. Кейіннен бұл міндеттер бетпе-бет жүздесуге ойысады. «Кездесейік», «Сен маған ұнайсың» деген секілді мәселелер туындап отыр. Дәл қазіргі уақытта ойыннан зардап шеккен бір баламен жұмыс істеп жүрмін.


– Сонда біз балаға мүлде смартфон бермеуіміз керек пе?

– Жоқ, бұл балаға мүлде телефон бермеу керек деген сөз емес. Берген жағдайда да шектеу керек. Әсіресе 2-3 жастағы балалар смартфоннан не көреді, оларды не қызықтыратынын ата-ана жіті бақылуы тиіс. Қандай мультфильм қарайды, қандай контентке қызығады назардан тыс қалдырмай, үнемі бақылауда ұстаған абзал. Баланың ата-анамен қарым-қатынасы, үйдегі аға-бауыр, әпке-сіңілдерімен қарым-қатынасы, жанасу ойындарының өзі психикалық-эмоционалдық тұрғыдан бала үшін аса маңызды. Үйде балалардың арасында немесе әке мен бала арасында белсенді қозғалыс көбірек болғаны жөн. Мәселен, құшақтасып күресіп ойнау сияқты. Күн сайын ата-ана 30 минутын балаға арнап, онымен бірге мультик қарап, мағыналы ертегі оқып беруді әдетке айналдыруға кеңес берер едім. Балаға телефон берер болсаңыз 1 сағат немесе ең көп дегенде 2 сағатқа ғана беруге болады. Мысалы, телефонға 12 сағат бойы телміріп, ұзақ уақыт бойы ойын ойнайтын балалардың миына смартфон есірткі сияқты әсер етуі мүмкін. Миды улау деген осы. Баланың миы шектеліп қалады, ол еш нәрсе ойлай алмай қалады. Тірі өлік сияқты күй кешеді. Сосын ата-анасы дабыл қағып, біз сияқты мамандарға әкеледі. «Баламның концентрациясы өте төмендеп кетті, сабаққа деген ынтасы, бейімі жоқ» деген секілді мәселені алға тартады. Өйтпей қайтсін, баланың миы өліп жатыр. Сол себепті, ата-ана балаға смартфон бергенде уақытын шектеген дұрыс. Десе де, бір мәселені ескерген жөн. Телефонды бірден баланың қолынан жұлып алмау керек. Бала жалғыздықтан жабықпау үшін смартфонды құшақтап отырған сәтте бірден үзілді-кесілді тиым салып, жұлып алар болсаңыз, оның жарасын жамап қойған дәкені жұлып алғандай әсер болуы мүмкін. Үнемі ата-аналарға осы мәселені жеткізуге тырысамын. Балаға не жетіспейді деген мәселенің астарына үңіліп барып, дұрыс қадам жасаған жөн. Бала 18 жасқа толғанға дейін оның неге мұқтаж екенін сезініп, қамқорлық көрсету, рухани тұрғыда керегін беруге тырысу – ол ата-ананың міндеті. «Балам мені түсінбейді» деген қате пікір. Бала ата-анасын түсінуге еш міндетті емес. Ол балалағын басынан кешіруде, ол үлкендерді емес, керісінше ересектер перзенттерін түсінуге міндетті.


– Сапалы ұрпақ тәрбиелеу үшін не істеуіміз керек?

– Сапалы ұрпақ тәрбиелеуден гөрі, өсіру деген дұрыс шығар. Сапалы ұрпақ өсіру үшін әр отбасының өзіндік құндылығын ескерген дұрыс. Мәселен, бір отбасы жетістікке жету, біреуі береке-бірлік, енді біреуі сыйластық сынды белгілі бір құндылықтарды жоғары қояды. Ол дұрыс, ондай құндылықтың болғаны жақсы. Құндылық жоқ отбасында конфликт көп балады. Ата-анасы былай дейді, атасы ол пікірге келіспей басқаша дейді, әжесі өз ұстанымын айтады деген секілді. Еуропа елдеріне қарағанда қазақ отбасылары жиындық жүйеге жақын. Осы жүйеде ауызбірлік пен негізгі құндылықтар болуы керек. Кейбір ата-ана имандылық, тазалық, адалдық, үлкенге құрмет көрсету сынды жақсы қасиеттерді өсіріп отырған балаларының бойынан көргісі келеді. Баланы соған сай етіп тәрбиелеуге тырысады. Ол өте дұрыс қадам. Сонда ғана біз сапалы ұрпақ өсіре аламыз. Баланы үнемі мақтап, мадақтап, қолпаштап отыру керек. Ата-ана балалардың жағымсыз іс-әрекеттерінен гөрі, жағымды әрекеттерін көбірек байқап, мақтап, қолдаған абзал. «Қолыңды жу», «Сен жалқаусың», «Сен сөз ұқпайсың» деп үнемі кемсіте беруге шеберміз. Жақсы адам болып өссін десеңіз, жағымды дүниелерін байқауға тырысыңыз. Бала айнаға қарағанда өзін көрмейді, ата-ананың айтқан сөзін көреді. Баланың іс-әрекетінде қандайда да бір жағымсыз әрекет болатын болса, ол сіздің үйде жиі айтылатын сөздің немесе атмосфераның әсері екенін естен шығармаған жөн. Әр баланың тағдыры отбасында жазылады. Әр бала отбасында көрген құндылығынан, өзін маңызды адам екенін түсініп, жұлдыз екенін сезінгенде ғана ол айналасындағы адамдармен, заттармен сондай қарым-қатынаста болады. Сол себепті, баланы бағалай білгенде ғана бала өзінің құнды екенін сезінеді. Болашақта тәрбиелі, ұлағатты ұрпақ өскенін қаласаңыз, үйдегі басты құндылықтарға көңіл бөліңіз. Балаңызға «Әлемде ешкім саған тең келмейді, сен сондай ерекшесің» деп жиі айтуды үйреніңіз. Әр баланың тек өзіне тән ерекшелегін үнемі алға тартып, мақтап отыру керек. Қарапайым ғана жетісітігі мен ерекшелігін жиі назарда ұстап, сондай қасиеттерімен құнды екенін құлағына сіңіріп отыру керек. Сонда ғана бала ашыла түседі, жарқырай түседі, жұлдызы жанады. Әр бала өз алдына жеке-жеке жұлдыз деп қарастыруды әдетке айналыруымыз керек.


– Баланы жазаламай тәрбиелеу мүмкін бе?

– Негізі бала тәрбиесінде жазалау деген ұрып-соғумен ғана шектелмейді. Ең ауыр жаза ол – эмоционалды жазаға тарту. Ол дегеніңіз баланы кемсіту, мазақ ету т.б. болуы мүмкін. Қазақта «Сөз сүйектен өтеді» деген мақал бар. Жаза көріп өскен балада үш қорғаныш механизмі болады. Қаталдық көрген, жиі жазаланған бала көнгіш болады. Яғни мойынұсынуды таңдайды. Бойұсыну – бағыныштылыққа апарады. Яғни, баланы жазалай беру арқылы сіз оның болашағына балта шабуыңыз әбден мүмкін. Үнемі жазаланатын бала мойынұсынады, себебі қорқады. Жанының ауырғанын жою үшін бала ата-анаға мойынұсынуды үйренеді. Мойынұсыну – деген кім-көрінгеннің айтқанын істеу деген сөз. Өзін құндылық ретінде сезінбейді, өзінің «мен» деген қалауы болмайды. Мұның бәрі жазалаудың жемісі болуы әбден мүмкін. Келесі бір бала жазадан қашады, жазамен күреседі. Өзінің жазасын жою үшін ананы жазалайды, мынадан өшін алады. Агрессивный адам болып өседі. «Бұл бала кімге тартқан бала?», «Әкесі ондай емес, шешесі ондай емес, қайдан шыққан бала» деп таң қалатын жағдайлар осындайдан шығады. Жауабын алыстан іздемеңіз, сіз өзіңіз баланы сондай қылып өсірдіңіз. Солай болып өсуіне себепші болдыңыз. Үшінші бала – оңашалану, тұйықталу арқылы өзін қорғауға көшеді. Көп ешкіммен сөйлеспейді, араласпайды. Ондай топқа жататын балалар «Мен біреуге бірдеме айтсам таяқ жеймін», «Сөзбен түйрейді», «Кемсітеді, ұрып-соғады» деген қауіптің жетегінде тұйықталғанды жөн көреді. Бұл – психологиялық тұрғыда азап шегу, азаптың шегіне жету деген сөз. Тұйықталып қалған баланы ашу – психологтарға өте қиын. Ондай балалар «Менің ата-анама менің ашылуымның еш пайдасы жоқ екен, ендеше өз-өзіммен өмір сүру маған ыңғайлы» деген түсінік қалыптастырады. Ал, жазаламай өсірген бала керісінше ашық болады, өзін керек сезінеді, маңызды адам екенін түсініп өседі. Маған келетін көп ата-ана баласының өзіне сенімді болып өскенін қалайды. «Сенімділігі жоқ, өзгертуге көмектесіңіз» деп келеді. Әуелі өзіңіз көмектесіңіз, мейілінше ебін тауып, жазаламай өсіруге тырысыңыз. Баланы бағалай білгенде ғана, бала өзін бағалайды, жұлдыз ретінде сезінеді. Ата-ананың перзентіне деген сенімі – баланың өзіне деген сенімін қалыптастырады. Ата-ана балаға сенім артып, «Сен біз үшін құндысың, маңыздысың» дегенде ғана бала өзіне сенімді болып өседі. Мысалы, құндылық кішкентай ғана қарапайым нәрсе арқылы қалыптасады. Бала бір кесені сындырып алды делік. Ат-ана баланың үстіне төніп, «Мына кесені мен неше жыл бұрын алып едім, неге сындырасың» деп тарс еткізіп ұруға, жазалауға дайын тұрады. Бала бұл ситуацияны қалай қабылдайды? «Ата-анамның алдында құным кесе құрлы болмады, көк тиын қадірім жоқ екен» деп сүйегіне сіңіріп алады. Әрі қарай бала сенімділігін жоғалтады. Терапияға келген баладан «Неге өзіңді бағаламайсың?» деп сұрағанда, «Білмеймін» дейді. Бірақ, астарына үңілсек, таяқ жеу, кемсіту, тұрмыстық зорлық мәселесі қылаң береді. Ондай баладан қандай сенім күтесіз? Ол өзін қалай бағалайды? «Келесіде абай бол, бір жеріңді ауыртып алмадың ба, ештеме етпейді» деп жылы қайыруға міндеттіміз. Кішкентай сәби үшін кесені сындырып алу – ол тек тәжірибе. Бала құлап кеткен затты қайта-қайта лақтырып, көруі мүмкін. Қаншалықты қатты салмақпен түсіп жатқанын байқауға тырысады. Себебі, бала үшін кесенің маңызы жоқ, допты лақтырып көргенмен бірдей. Қабырғаға сурет салғанды ұнататын сәбилерге мейілінше ұрыспай, бояуға болмайтынын түсінідіріп, арнайы қағаз жабыстырып, осы шекараны ғана қолдануына болатынын түсіндіріп, бояуға рұқсат етіп көріңіз. Кез-келген бала дұрыс қабылдайды.

– Сіздің бір жазбаңыздан оқыдым, баланың іс-әрекетіне емес, эмоциясына мән беріңіз депсіз. Тарқатып айтып беріңізші.

– Адамзаттың сезімі бәрінен де жоғары. Біз соны түсінуіміз керек. Адам баласы сезімдерімен құнды. Ең әуелі балаңыздың іс-әрекетінен гөрі, сезімдеріне үңілуге тырысыңыз. Бір ғана мысал келтіре кетейін. Балаңыз кешке үйге кешігіп келді делік. Ата-ана тарапынан болатын алғашқы реакция бірден ұрысқа ұласуы мүмкін. Балаңызға тап беріп, «Сен неге кеш келдің?» «Саған бұл жараспайды, енді сыртқа шықпайсың» деп ашуға бой алдыруыңыз мүмкін. Бұл жерде ата-ана баланың сезімін мүлде жоққа шығарып, тек өзінің эмоциясын алға тартып тұр. «Сенің кешігіп келгенің маған ұнамайды, себебі, мен алаңдаймын» десе бала басқаша қабылдауы бек мүмкін. Ата-анамды алаңдатпайын, уайымға салмайын деп салмақты шешім шығарып, әрбір әрекетін ойланып істеуі ықтимал. Сол үшін перзентіңіздің сезіміне үңіле біліңіз. Ұрыс-керістен гөрі, тіл табысуға, түсінісуге тырысыңыз.


– Жасөспірім бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға қандай кеңес айтар едіңіз?

– Нағыз сындарлы кезең – жасөспірімдік шақ. Осы кезеңде жеткіншек өзінің ішкi жан дүниесіне үңілiп, бойындағы өзгерістерді түсіне бастайды. Сол себепті, ата-ана жасөспірімдік жас дағдарысының физиологиялық және психологиялық мәнін сезіне отырып, баласына қолдау мен көмек көрсетуге міндетті. Жасөспірімдік дағдаpыс кезеңінде бaла өзінің жан-дүниесінe назар аудара бастайды, іштегі толқуларына қызығушылықпен қарап, айналасындағы адамдар арасында өз дәрежесі мен өзінің бірегей болмысын айқындауға тырысады. Жасөспірімдердің қанында үлкен көлемде өсу мен жыныстық гормондар бөліне бастайды. Соның нәтижесінде баланың бойы мен салмағы артып, жыныстық жетілу, көңіл-күйінде өзгерістер байқалады. Ата-ана түсіністікпен қарауы керек. Екіншіден, жасөспірімдік кезеңде «Мен кіммін?» деген сұрақ баланың санасын мазалайды. Отбасынан алшақтап, достарымен көбірек бірге уақыт өткізіп, өз рөлін анықтағысы келеді. Кеше ғана етекке оралып жүрген боқмұрын бала «Мен кетем», «Өзімнің жақсы көретін ісім бар», «Жеке шекарама кірмеңдер», «Менің құндылықтарым бар» деп басқа бір әлемге елігеді. Конфликт осы тұста тұтанады. Ата-ана мен бала арасындағы дағдарыс бетпе-бет келеді. Әке-шеше перзентіне әлі бала деп қараса, жасөспірімдік кезеңге жеткен бала ересек адамның көзімен қарайды. Жаңағыдай әрекеттен кейін бала «Мен кішкентай баламын ба, әлде ересекпін бе?» деген екі ойдың ортасында қалады. Себебі, ол балалықтан ересек дәуірге өтетін көпірде тұр. Осы тұста ата-ана баласының жанын түсініп, қолдау білдіруі өте маңызды. Сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да балаңыз осы кезеңде тәуелсіздігін алуы тиіс. Мүмкіндік бермеген сайын, ол қарсылығын іс-әрекетімен көрсетеді. Қарсы келу арқылы өзінікін дәлелдеуге тырысады. Ал, әке-шеше «Бұл қалай болғаны, не болып кетті өзі» деп паникаға түседі. Бала тәуелсіз, тұлға болғысы келетінін дұрыс аңғарып, «Сенің қалауың маңызды, өз таңдауың бар, өз ойың бар, мамандығыңды өзің таңда» деп қолдау көрсетіп, мүмкіндік беру керек. Қолдауды сезінген бала ерекше ашылып, қанаттанып болашақта да жақсы жетістіктерге жете алады. Ал, керісінше қыспақ көрген, қолдауға зәру балалар тұйықталып қалады. Себебі, сіз маңызды шақта тиісті қолдау білдіре алмадыңыз. Жоғарыда біз сөз еткен жазаның жарақатын еңсеретін тұста ол нағыз сіздің қолдауыңызға мұқтаж. Қайта, еңсеруіне жағдай жасаңыз, мүмкіндікті пайдалануына ықпал етіңіз. Сонда ғана ол ашылып, әлеммен байланыс орната алады.

– Сізге көбінесе ата-аналар қандай проблемалармен келеді?

– Көбінесе, балалардың тұйықтығы, іс-әрекет бұзылысы, невроздық салдары, тырнақ тістеу, төсекке жіберіп қою, ұрлық жасау, басқа балаларды ұрып-соғу, үйден қашу, өз-өзіне қол жұмсау мәселелерімен келеді. Баланың әрбір іс-әрекеті баланың толықтырылмаған бір іс-әрекетін көрсетеді. Ата-ананың ажырасуы, көшіп-қону, басқа мектепке ауысуы, кибербуллинг, ғаламтор арқылы зорлық көрсету, топтарда кемсіту, топтан шығарып жіберу секілді мәселе. Мұндай дүниелер ересектер үшін жеңіл қарайтын мәселе болғанымен, балалардың психикасына қатты әсер ететін, жан-дүниесіне ауыр соққы жасайтын дүние болуы мүмкін. Осы мәселелер көп кездеседі.


– Кибербуллинг деп айтып қалдыңыз. Тоқталып өтсеңіз?

– Буллинг (bullying) деген сөз ағылшын тілінен аударғанда қоpлау, қудaлау, мазалаy, кeмсіту, қoрқыту дегенді білдіреді. Қазір осы буллинг ұғымы ғаламтор желісінде жиі көрініс тауып, «кибербуллинг» деп атап жүрміз. Нақтырақ айтқанда кибербуллинг бұл – адамды әлеуметтік желілеpде қорлaу немесе қудалау деген ұғым.


– Интернеттегі қудалау адамға қалай әсер етуі мүмкін?

– Балалар желіде қудалауға ұшырағанда өздерін барлық жерде, тіпті өз үйінде қудалауға ұшырағандай сезініуі мүмкін. Бірінші кезекте өзін кемсітіп, мазақ етіп, ренжітіп жүргендерден жасыpынатын жеp жоқ секілді көрінеді. Ондай әрекеттердің салдары ұзақ уақыт бойы көрініс табуы мүмкін. Мәселен, психологиялық, эмоционалды, физиологиялық салдары кері әсерін тигізеді. Ол мұңайып, ашушаң болады. Қызығушылығын жоғалтып, қысымның салдарынан үнемі шаршаңқы, бас ауруы сынды проблемалармен бетпе-бет келуі ғажап емес. Біреудің мазағына айналып, қудалануға ұшыраған адам басындағы проблеманы ашып айтуға да қорқады. Қудалаудың ауыр салдары өз-өзіне қол салуға дейін апаруы мүмкін.

– Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: