Тәсілдер мен шешімдер

25 Мамыр 2017, 09:00 5428

Модернизация 3.0

Бүгін Астанада белгілі отандық сарапшылар мен ғалымдардың қатысуымен Қазақстандағы Үшінші модернизацияның жүзеге асырылуын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ) өткізген шараның басты мақсаты – Қазақстанның жаһандық бәсекелестіктің жоғары деңгейіне өтуі мен Үшінші модернизацияны жүзеге асыру бойынша қазақстандық сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің тәуелсіз әрі объективті пікірталасын ұйымдастыру болып табылады.

«Модернизация 3.0. Тәсілдер мен шешімдер» тақырыбы бойынша өткізілген дөңгелек үстел жұмысына қатысқандар: Камал Бурханов, «Ғалымдар Орталық Азиядағы бейбітшілік үшін» ҚҚ жетекшісі; Сайлау Байзақов, Қазақстанның мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығының ғылым бойынша кеңесшісі; Рахым Ошақбаев, «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы қамқоршылық кеңесінің төрағасы; Владимир Тельнов, «Нұр Отан» партиясының стратегиялық зерттеулер мен саяси анализ орталығы директорының орынбасары; Ғани Нығыметов, Еуразиялық интеграция институтының директоры; Саясат Нұрбек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры; Олжас Құдайбергенов, CSI стратегиялық бастамалар орталығының бас серіктесі және өзге де белгілі сарапшылар, саясаттанушылар мен ғалымдар.

Шараға қатысушылар Қазақстандағы Төртінші өндірістік революцияның келешегін, институционалды өзгерістерді, экономиканың технологиялық модернизациясы, сонымен бірге, кәсіпкерлік пен адами капиталдың дамыту мәселелерін талқылады.

- Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің жаһандық бәсекелестігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құрастыруды тапсырған болатын. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан екі бірдей модернизация кезеңінен өтті – бұл еліміздің саяси және экономикалық өркендеуінің негізі қаланған кезең еді. Біз әлемдегі бәсекелестікке қабілетті 50 елдің қатарына кірдік. Модернизация 3.0 – бұл Қазақстанның жаһандық бәсекелестіктің жаңа деңгейіне шығу жолы, - деді ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қоры жанындағы ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев.

Оның сөзінше, экономиканы жан-жақты цифрландыру мен Төртінші өндірістік революция экономикалық және әлеуметтік дамудағы жылдамдатылған технологиялық модернизацияның негізгі шарты болып табылады. ӘЭСИ пікірталас алаңы Ұлт Көшбасшысының стратегиялық бастамаларын насихаттау аясында жұмыс істеп келеді.

Анықтама: Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қорының жанындағы әлемдік экономика және саясат институты 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. ӘЭСИ Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мемлекеттілікті құру мен қалыптастыру, халықаралық серіктестікті дамыту, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы елеулі еңбектерін зерттейді. ӘЭСИ ғылыми және аналитикалық жұмыстары ұлттық, әлемдік экономиканың, халықаралық қарым-қатынастың, геосаясаттың, қауіпсіздіктің, интеграцияның, қазақстандық қауымдастықтың әлеуметтің шоғырын, сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысының стратегиялық бастамаларының ауқымды спектрін қамтиды. 2014 жылдан бастап ӘЭСИ Астанадағы «Назарбаев орталығы» ғимаратында жұмыс жасауда.

Бөлісу: