Өнерім - өмірім...

27 Қыркүйек 2018, 22:48 8342

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актрисасы ГауҺар Айдаржанқызы Жүсіповамен сұхбат

-Гауһар, өзің жайлы аз-кем айта кетсең.

-Мен, 1987 жылы Көкшетау маңайындағы Бірлестік ауылында дүниеге келгенмін. 2002-2006жж. Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде оқып, 2006-2008 ж.ж. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Театр және кино артисі» мамандығы бойынша білім алдым. 2008-2010 ж.ж. Астана қаласының Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің «Актерлік өнер» факультетінде «Театр және кино артисі» мамандығын тәмамдадым. Қазір, сол алған білімімнің арқасында Елордамыздағы  Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында қызмет етіп жатырмын.

-Гауһар, сендер кейінгі жас буынсыңдар. Алдыңғы буын тарапынан сендерге қызғаныш, менсінбей қарау деген дүниелер болып тұрады ма?

- Алдыңғы толқын - ағалар,

Артқы толқын - інілер,

Кезекпенен өлінер,

Баяғыдай көрінер -деп  ұлы Абай айтып кеткен ғой. Алдыңғы буын бізге үлкен түсіністікпен қарайды. Себебі, олар да кезінде біздей болған. Театр  қабырғасына тәй-тәй басып келген кезімізде  іштей қорқудың да, толқудың да болғаны рас. Дегенмен, алтын ағаларымыз бен апаларымыздың арасына келген соң ол сезімнен арылдық.

-Театрда кішкентай рөл деген болмайды деген ұғым бар. Дегенмен, өзіңнің алғашқы рөлің жайлы атап өтсең.

-Иә, актер үшін кішкентай рөл болмауы керек. Кез-келген рөлге үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек және солай істейміз де. Мәселен, кейбір киноларды алып қарайықшы. Бір ғана эпизодта пайда болып, бір ауыз сөз айтып немесе бір ғана көзқарасымен-ақ санаңызға серпіліс жасап кететін актерлар болады. Осыдан-ақ, актерлік деген өнердің ұлы өнер екеніне шүбә келтірмейсіз.

-Кино жайлы айтып қалдыңыз ғой. Соңғы жылдары өзіңізді кинодан да көріп қалып жатамыз.

-Оныңыз рас. 2013 жылы 4 сериялы «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген «Күләш» телесериалында Қарлығаш рөлін, 2013 жылы режиссер Сатыпалды Нарымбетовтің «Аманат» фильмінде Айжан рөлін, 2016 жылы «Білім және Мәдениет» арнасының «Тайны и судьбы великих казахов» бағдарламасының қазақ операсының жұлдызы Күләш Бәйсейітоваға арналған санында Күләш бейнесін сомдадым. Кино саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерім жоқ.  «Кино аралына» енді-енді табан тіреп жатырмыз.

-Киноға түсу театрдағы жұмысыңызға кедергі келтірмейді ме?

- Жаңа айтып өткенімдей мен бұл салаға енді аяқ бастым. Сондықтан да әзірге екіортада шапқылап, үлгермей қалған жағдайларым болған емес. Бұл мәселеге келгенде басшылығымыздың да көзі түзу. Түсіністік танытатын жан. Барынша театрдағы жұмысыма кедергі келтірмейтіндей кестемен жұмыс істеуге тырысамын.

-Осы басқа актерлердің естеліктерін шолып отырсақ сахнада небір қызықты оқиғаларға ұшырап жатады. Сізде есіңізден кетпейтін, естіген жанның езуіне күлкі шақыратын оқиға болды ма?

- Естіген адамды шалқасынан құлататын оқиғамыз жоқ. Қапелімде еске не түсе қойсын...Бірде мылқау қыздың рөлін сомдағаным бар. Қойылым барысында қыздың тау-тасқа мінетін жері бар еді. Шодырайған тастарды, тауларды бейнелейтін декорацияларымыз ебедейсіздеу болды ма, өзім аяғымды дұрыс баспай қалдым ба білмеймін, «тау-тасқа» өрмелеп бара жатып құлап түстім. Зал толы адам. Өлі тыныштық. Менің аузымнан күнделікті өмірде сүрініп кеткен жағдайда айтатын «Ой, млинім» шығып кете жаздады. Қандай күштің іркіп қалғанын білмеймін. Әйтеуір, тіземнің қатты ауырғанына да қарамай әрі қарай ақсаңдап жүрісімді жалғастырғанымды білемін. Егер, мен ол сөзді айтып жібергенімде зал толы көрермен мылқау қыздың сөйлеп кеткеніне қуанар ма еді әлде күлер ме еді кім білсін...Бәлкім, актерлық жолыма үлкен қара нүкте қойылар ма еді...Әйтеуір, абырой болғанда бұл сыннан аман өттім.

-Театр сахнасында қандай рөлдерді сомдадыңыз және кімді сомдау арманыңыз?

 

- Мен сізге басты-басты деген рөлдерімді айтып берейін.  Әуезов «Абай» - Ажар;  Қ.Жүнісов «Махаббат мелодрамасы» - Ақсәуле; И.Штраус «Жұбайлар жұмбағы» - Адель; Е.Жуасбек «Антивирус» - Сәуле, «Үйлену» - Ерек; А.Цагарели «Гамарджоба!» - Кабато; М.Фриш «Дон Жуанның думаны» - Донна Анна; Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» - Қыз Жібек, «Ақан Сері - Ақтоқты» - Мәрзия; У.Шекспир «Гамлет» - Офелия; Қ.Шаңғытбаев, Қ.Бәйсейітов «Қыздар-ай» - Айсұлу; Ш.Мұртаза «Бір кем дүние» - Шынар; С.Мұқанов, Ш.Уалиханов «Шоқан» - Айжан; Р.Мұқанова «Сарра» - Ажар, Д.Рамазан «Абылай хан» - Топыш сұлу, С.Тұрғынбекұлы «Шәмші» - Изольда.

Ал, арманым сақ патшасы Тұмарды ойнау. Өзім Арғынның адуынды қызы болғандықтан осы рөлді ойдағыдай алып шығамын деп ойлаймын.

 

-Сіздің ән салатыныңызды да білеміз. Музыкалық біліміңіз бар ма? Әрбір актердің ән айта алуы міндетті ме?

 

-Актер ән айтсын деген заң немесе қатып қалған қағида жоқ. Айта алсаң өзіңе жақсы. 2010-2013 жылдар аралығында «Шабыт» Ұлттық университетінде «Дәстүрлі ән» бөлімінде профессор, Қазақстанның халық артисі Қайрат Байбосыновтың сыныбында дәріс алдым. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Бұрын  өзімше орындап жүрген әндерді басқаша орындай бастадым. Дұрыс тыныс алу секілді дүниелерді онша меңгермей домбырамен ән айтқанымызға мәз болып жүре бергенімізді түсіндім. 2011 жылы Қарағанды облысының әкімдігі қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасы  ұйымдастырған Қасым Аманжолов атындағы Республикалық «Жыр жазамын жүрегімнен...» атты ән конкурсына қатысып, дипломант атағымен марапатталдым.  

-Әңгіме барысында аңғарып қалған бір дүнием бар. Күлкіңіз Мақпал Жүнісованың күлкісіне ұқсайды екен...

- Осыны талай адамнан естідім. Қояйын десем қоя алмадым. Еліктеушілік деп те айта алмадым. Бұрындары балауса кезімде түрімді де сол кісінің жас кезіне ұқсататындар бар болатын. Соған қарағанда күлкімнің ұқсауында да бір заңдылық бар шығар. Апамызға ұқсап жатсақ. Ол кісінің тырнағына тати алсақ біз үшін зор мәртебе ғой.

 

-Рахмет, сізге шығармашылық табыс тілейміз. Өнеріңіз өрлей берсін.

 

Бөлісу: