Қойшыбек Мүбарак: «Прозаны мистикадан бастадым...»

24 Тамыз 2018, 11:01 8130

Жазушымен сұхбат

Қойшыбек Мүбарак – қазақ прозасындағы ерекше жанр мистикаға қалам сілтеп жүрген жазушы. Оның шығармасы адам қиялының шексіздігін, кеңдігін көрсетеді. Өз оқырманын ерекше бір әлемге жетелеп әкететіні бар. Алдыңнан тағы қандай қызықты сәтке тап келетініңді елестету қиын. Жазушы бірнеше жылдан бері ҚазҰУ-да дәріс беріп, шәкірт тәрбилеп келеді. Бірнеше кітаптардың авторы.

– Қолыңызға қалам алғанда қандай жанрдан бастап едіңіз? Әлде бірден мистика сізді тартып әкетті ме?

– Әуелде ақын болғымыз келген-ді. Сосын суретші, тіпті музыкант та болуға талпындық. Ортаң қол ақын, иә жақсы суретші бола алар едім. Бірақ, музыка маған жаттау екен. Сосын прозаик боламын деп шештім. Мектепті бітіргенше онша-мұнша өлең жазып жүрдік. Прозаны да сол орта мектептен бастадым. Ең алғашқы шығармам 1994 жылы өзім оқыған аймақ орталығындағы жастар мен жасөспірімдерге арналған “Жас түлек" журналына жарияланған екен. Ол кезде 10-сыныпта оқитынмын. Найзағай түсіп қайтыс болған досымның рухына бағышталған дүние еді. Сол досымның рухына берген сөзімді орындап, батып бара жатқан күн астындағы көкшіл тауларды бетке алып осында да жеттік. Жай ғана жеткем жоқ, қаптаған қалың аруақтармен, аласұрған жындармен, сән салтанатты перілермен, қала берді құтырған құбыжықтармен бірге келдім. Міне, көкшіл таулардың арасында әлі сол рухтармен бірге жүргендеймін. Негізі, прозаны мистикамен бастағаным рас.

– Неге мистика?

– Мистика – жанр. Алайда, мамандық емес. Мен қазақ прозасында қалыптасып қалған сүрдекті бұзғым келді. Әрі оны бұздым да. Бұл жерде менің танымал еместігім, болмаса шығармамның жақсы жамандығы емес. Осы жанрды мен бастадым. Қалам қуатым осыған жеткесін жазып жүрмін деп айтсам артық кеткен болмаспын деп ойлаймын.

– Сіздің фантазияңызды осынша түрлендіруге не әсер етеді?

– Бала кезден санаға сіңіп қалған ауыл аңыздары, шамамның жеткенше көрген, оқыған дүниелерімнен түйгенім ғой. Әлем әдебиетін қазақ әдебиетін кешеден бүгінгісіне дейін шама-шарқымша оқыдым. Басқаны қойғанда өз қатарластарымнан неше есе көп болмаса, аз оқығам жоқ. Содан кейін шығар, өзімді елден өзгеше ойлауға баулыдым.

– Жалпы, прозадағы фантастика мен мистика жанрының оқырмандарға берері не?

– Фантастика адамның ақыл ойының сыртқы байланысын, яғни адамның санасының жемісімен өз қолынан жасалатын дүниелер арқылы қоғамды алға жетелеуге бағытталса, ал мистика адамның ішкі жан дүниесінің арғы текпен байланысын тануға итермелейді. Тіпті, біздің айтып жүрген ген, тек, ДНҚ-ның барлығынының кодын табатын культты тануға, табуға жетелейді. 

– Әңгімелеріңізде өзіңіздің өміріңізден хабар беретін сюжеттер бар ма?

– Тікелей болмаса да, жанамалай көрсететін жерлері бар. Шығармамдағы бақсы шалдар, жын иелеген адамдардың бәрі менімен бірге жасасқандар. Өзімнің көзіммен көріп, бала кезде талай тәттісін жеген жандар. Әңгімелерімнің ішінде «мен» болып, талай жерде жүргенім рас.

– Өміріңізде мистикаға тап болған кезіңіз болды ма? Мәселен, елестермен кездесіп қалған кезіңіз деген секілді... Өзіңіз мистикаға сенесіз бе?

– Иә, ондай жайттар көп болады. Әсіресе, алыс жолға жалғыз шыққан кездерімде көп кездеседі. Соңғы кездері көліксіз жаяу жүрмін. Бұрындар айына болмаса да, ай аралатып тым құрғанда 2-3 жүз шақырым жерге жалғыз шығып келетінмін. Әсіресе, ай толған түні. Сосын, менің әр шығармамда ай мен әйел қатар жүреді. Ол туралы өзгеге айтып сендіре алмайтын өз шындығым бар. Сенем! Сенгеннен кейінде мистиканы арнайы тақырып етіп алып, жазып жүрмін.

– Сіздіңше, бүгінгі жас прозашыларға не жетіспей жатыр?

– Әлеуметтік жағдай. Кітап шығаруға, оны тарқатуға шамалары келіспей жатыр. Керек болса орнығып отырып жазуға да, әлеуметтік жағдайы әсер етеді. Сосын бізде жаңара алмай келе жатқан, көнеден қалған бір сүрдек бар. Содан шығып, шамалы аутқып жазып көру керек шығар деген ойдамын. Біздің жастардың көбі кеште бір әңгімені жазып бітіріп, таңертең классик болып оянғысы келеді. Меніңше, әдебиетте қатып қалған қағида жоқ. Біз өзіміз жасап алып, өзіміз қамалып жүрміз. Түрлі тәжірибелерге барып көру керек. Несі бар, болса болар, болмаса қалар. «Сен классик болуың керек» деген міндетті ешкім артпайды ғой.

– Сиясы кеппеген соңғы туындыңыз қандай?

– “Қанды” деген көлемді дүние жазып жүрмін. Біздегілер «бүгінгі өмір туралы ешкім жазбайды» дейді ғой. Жазып жүргендер көп. Менің қатарластарымда да жетерлік. Сол дүниелер мистикамен астасып жатса да менде де бар. Оқымағасын (мүмкін қолдарына жетпей жатқан шығар) айта береді. Сол үшінде тура осы өмірді мистиктік көзіммен көрсеткім келді. Біраз жеріне келдім. Бұйырса жаңа жылдан бұрын оқырманға ұсынам.

– Оқуға асықпыз, жалпы, жазушылығыңызға қатысты сын айтылды ма?

– Айтылды, жақсы піркір айтқан ағаларым, інілерім болды. Сыни пікірдің салмағы басымдау болу керек. Жасыратын несі бар мені оқырмандардың көбі қабылдамады. Тың дүние болғасын солай шығар деп өзімді алдап қоямын. Бұл тек өзіме ғана аян нәрсе, елді олай алдай алмайсың ғой, әрине. Десе де, мен өз жазғаныма сенем.

– Бүгінгі қазақ прозасының кемшін тұсы деп нені айтар едіңіз?

– Тақырыптың тарлығы. Мазмұнның ашылмауы. Біздің жазушылар бір кеңістікте, бір қатпарда ғана жаза берді. Технограндқа кірген кешегі 3D бүгін 4D -ға өсті. Біз әлі сол ата-әжеміздің аңгімесін айтып жүрміз. Халыққа ортақ, есінде жүрер кейіпкер жасай алмай келеміз. Халықтың болмыс -бітімін толық айғақтайтын оқиға жасай алмай келеміз. Айта берсек кемшілік көп қой...

– Кемшілік көп, бірақ дәл қайсы жанр тоқырау үстінде?

– Бізде жекелеген жанр ғана емес, мен білсем, проза мен драматургия да тоқырауда. Ал поэзия өз әлі жеткенше дамып келеді. Сосын, бізде ашылмаған ұлттық болмысымызбен мейлі артықшылық иә кемшілік болсын байланысатын баяғыдан, тек фольклор деңгейінде ғана келе жатқан дүниелер бар. Соны жаңа жанр ретінде қосуға болар еді. Мысалы, «Тазша баланың қырық өтірігі», не «Өтірік өлең» деген дүниелер болды ғой. Солар секілді бізде бөспелік, дүрлік, айтқыштық, болмаса есін білімей лағып сөйлейтіндер де бар. Соның түбіне үңілсең оданда бір керемет дүниелер жасап шығуға болар еді.

– Сіздің жанрыңызда қалам тербеп жүрген жастар бар ма?

 – Болу керек. Мистика менің патентім емес. Мистиканы менен асырып, тым құрығанда мендей алып шығатын жас жеткіншектер болса қуана қарсы алар едім.

– Көбінесе әңгімелеріңізді қысқа қайыруыңыздың себебі неде?

– Айтарыңды айта алсаң бет толтыру үшін ары қарай қара сөзден қуырдақ қуыра беріп не керек? Өзімнің де, елдің де босқа уақытын алғаннан не ұтам. Өз айтарымды айтып болған жерден шығармамды аяқтауды құп көрем.

– Кітаптарыңызды аудио форматқа көшіруге, сол сияқты электронды нұсқасын жасалуына қалай қарайсыз?

– Заманның дамуына қарай, адамның қажетсінуіне орай, жаңашылдыққа қарсы емеспін. Сөмкесіне толтырып кітап салып оқып жүргеннен қолындағы смартфонынан оқығанды жеңіл көретіндер көп. Мен оларды теріске шығармаймын. Менің шығармамды оқырман кітаптан оқи ма, әлде экраннан оқи ма, болмаса аудиоға жазып оқи ма, бәрібір. Бастысы, жаздым, ары қарай оқырман қалай оқиды өз еркінде. Бірақ түбі айналып кітапқа қайтып келетініне сенімім мол.

– Есте қалған ерекше оқиғаңызбен бөліссеңіз...

– Есте қалған ерекше оқиға көп қой. Қайсы бірін айта алам. Алғаш таяқ жегенім есімде. Алғаш рет жазықсыз біреуді сабағаным есімде. Алғаш рет махаббатқа мас болғаным есімде. Әйел алғаным да, жасаған бір күнәлерім да есімде, тізе берсем көп. Оның саған және оқырманға да керегі жоқ...

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: