«Астана» тағы ұтылды

24 Тамыз 2018, 09:05 3640

АПОЭЛ алдырмады

АПОЭЛ (Никосия, Кипр) – «Астана» (Астана, Қазақтан) – 1:0 (0:0)

Гол салған: Кайю, 78

АПОЭЛ: Ватерман, Нсуэ, Вурос, Карлао, Кайю, Нуну Мораиш, Лукас Соуза, Аль-Таммари (Эфрем, 74), Захид (Генцоглу, 88), Саллаи, Деллаторре (Гучаннеджад, 61).

«Астана»: Эрич, Рукавина, Постников, Малый, Шомко, Маевский, Томасов (Бейсебеков, 90+1), Кляйнхайслер, Мұжықов, Педро Энрике (Зайнутдинов, 72), Кабананга (Янга, 85).

АПОЭЛ-дің негізгі құрамдағы ойыншылары алдыңғы ойындағылардан ерекшелене қойған жоқ. Дисквалификацияға ұшыраған Томас де Висенти, жарқын өнерімен көзге түсе алмай жүрген Гучаннеджад, Эфрем мен Таварес тізімге ілікпеді. Португалдық маман Бруно Балтазар 4-2-3-1 схемасын дұрыс деп тауыпты. Саллаи сол қапталдан шабуылдайтын жартылай қорғаушының орнына, Деллаторре өткір шабуылда өнер көрсетсе, Заид «тоғыздық» позициясына жайғасты, ал оған көмек беру үшін Лукас Соуза тағайындалды. Оң қапталдағы хавбек рөлі Мұса Әл-Таммаридің еншісіне берілді. «Астана» командасының жаттықтырушылары енді ғана жарақатынан айыққан Марин Аничичті бұл ойынға жібермей, Сергей Малыйға сенім артты. Мұжықов негізгі құрамнан орын алып, Алмейда қосалқы ойыншылар тізімінде қалып қойды. Сол секілді Янганың орнын Кабананга басты. Венгр легионері Кляйнхайслер Маевскийден жоғарырақ, шабуылға жақындау орналасты.

Сонымен, төреші ысқырығы естіле сала, 50 секундтан соң, Ласло допқа таласта жеңіп шығып, орта дистанциядан алғашқы соққы жұмсап үлгерген еді. Венгр Ветерман қорғаған қақпаға тура бағыттай алмады. Одан кейін алда жүрген Кабананга Педро Энрикеге тура пас жеткізе алмаса да, бразилиялық доп үшін таласып, тіпті соққы жасап үлгерді. Оған да командаласы секілді дәлдік жетіскен жоқ. АПОЭЛ-дің жанкүйерлері біздің қақпаның артына қарай жайғасып, Эричтің жиі мазасын алғанын айта кетейік. Алаң иелері астаналықтардың қос қаупіне корнермен жауап қатты. Эрич қателікке бой алдырып, қарсыластың шабуылын одан әрі өрбуіне жол беріп қойды. Карлао айып алаңына пас жеткізіп, Соузаның баспен бағыттаған добы қиыс кетті. Бұл эпизодта қазақстандық команданың жолы болғаны рас. Алаң иелерінің шабуылы оң қапталдан өрбіп, бұл жақтағы Әл-Таммари сол аяғымен соққы жасауға тырысқан, бірақ сәтсіз. Мұның барлығы бар болғаны алғашқы 15-минуттықта орын алған еді. Қос команда да жеңістен дәмелі екенін білдіріп, матчты күшті қарқынмен бастады. Кабананга сол қапталдан допты тосып алып, Ветерман қақпасының алдына пас жеткізді. Оған Педро Энрике үлгере қоймаса да, Серікжанның аяғына жеткен допты қақпашы лезде қағып жіберді. Бұған жауап ретінде АПОЭЛ-дік Әл-Таммаридің көмегімен бір шабуылдың шетін шығарды. Иорданиялық Гайастың аяғына тура пас беріп, Захид өз кезегінде кипермен бетпе-бет шыққан болатын. Эрич аяғымен допты қайтарып, командасын мүмкін болған голдан сақтап қалды. Сол сәтте Томасов та қарсыласы Каюды алдап өтіп, Жуниордың маңына доп жеткізді. Кабананга қаншалық тырысса да, әріптесінің добына үлгерген жоқ. Ендігі кезек Саллаиға жетті. Ол өз қапталынан Рукавинаны алдап өткендей көрінгенмен, серб соңғы сәтте аяғын қойып үлгерді. Спорттық снаряд корнерге кетті. Эрич бұл жолы қателікке бой алдырмай, қауіптің бетін қайтарған. Бірақ, орталық алаңнан доп Захидке жетіп, ол Ненадтың сол қапталын көздегісі келді. Қиыс! Енді, астаналықтар бұрыштама тебуге мүмкіндік алды. Томасов өзіне келген допты Педро Энрикеге қалдырды, соңғысының пасына Постников үлгере алмай қалды. Одан кейін Томасов орта дистанциядан Ветерманның іске арласуына мүмкіндік жасап берген болатын.

Марин бұдан соң, қос бірдей жақсы сәтті тұншықтырды: Педро Энрикеге қарсы ереже бұзылып, төреші айып соққысын белгілеген, сол жерден допты ойынға қосқан Шомконың пасын Марин қақпадан биік жіберді. Содан кейін астаналықтар тамаша қарымта шабуылға шыға білді. Педро Энррике қорғаныста жүріп, допты өз айып алаңынан шығарып қана қоймай, алға жүгірген Мұжықовқа пас берді. Серікжан Маринды іске араластырған. Томасовтың тепкен добы маңдайшадан биік ұшты. Осылайша хорват өзіне берілген қос мүмкіндікті желге ұшырып, бұл ойындағы алғашқы гол салу мүмкіндігін кейінге шегере берді. Өте өкінішті. Бірінші таймның соңы да тартысқа толы болды. Киприоттықтар Захидтің көмегімен Эричтің тағы бір рет мазасын алды. Қақпашы бұл жолы да берік ойнады. Саллаи дриблингке салып, Эричтің ашық бұрышына допты тастай салуды жоспарлаған, бірақ футболшының ойы іске аса қоймады. Алда жүрген Кабананга тағы да допты өзінде сақтап, лангболлдан кейін Мұжықовқа пас жеткізді. Жартылай қорғаушы Педро Энрикені ойынға араластырғысы келгенмен, доп Маевскийден табылды. Иванның соққысы қорғаушылардың аяғынан корнерге кетті. Алайда, бұл бұрыштаманы Ласло сәтсіз орындап, допты сыртқа жіберді. Алғашқы таймға қосылған қосымша минуттары Әл-Таммари өз қапталынан оқтай зулап, қорғаушыны қапы қалдырып, Эричтің алдынан бір-ақ шықты. Қақпашыдан кеткен доп алаң иелеріне корнер сыйлады. Бұрыштамадан келген спорттық снаряд Эричтің жұдырығынан қайтты. Мұжықов пен Постиниковтың қарымта шабуылға шығуына төреші мүмкіндік берген жоқ. Осылайша, бірінші тайм тез-ақ өте шықты.

«Астана» бұл 45-минуттықта жақсы ойын өрнегін көрсетіп, шабуылдарға жиі шығып жатты. «Динамоға» қарсы өткізген кездесуде мұншама мүмкіндіктерді көрмеген едік. Тек елордалық футболшыларға шабуылды түйіндеу жетіспеген секілді. Екінші тайм бастала сала, астаналықтар тағы бір қауіпті шабуыл ұйымдастырған. Ласло командаластары Кабананга мен Томасовтың қатысуымен келген допты орта дистанциядан тура кипердің қолына тепті. Былғары қолғаптан қайтқан допқа үлгерген Маевскийдің спорттық снарядын тағы да Ветерман аса қиындықпен алып шықты. Үшінші мәрте Педро Энрике офсайдтан гол салды. Офсайдтан...

АПОЭЛ Лукас Соузаның арқасында стандарт тебуге мүмкіндік алды. Захидтің бағыттаған соққысы да, қорғаушылардан кері серпілген допты қайта бағыттаған киприоттардың добы да қорғаушылардан әріге аспады. 60-минуттары Постников белсенділігімен ерекше көзге түсіп жүрген Захидтің қауіпті соққысын жауып үлгерді. Әйтпесе, Эричтің көмекке келуі екіталай. «Астананың» қарымта шабуылы өз нәтижесін берген жоқ. Томасов та, Педро Энрикеде орта дистанциядан соққы жасауға батылдары бармағандай. Бір сағаттық ойыннан соң, қонақтар өз қақпасына қарай жылжып, алға ұмтылуларын сиретіп жіберді. Неге астаналықтардың шаршап қалғанын түсіну қиын?! Соның кесірінен, өз қақпамызға гол жіберіп алдық.  Ласло сары қағазбен жазаланып, одан кейін Педро Энрике де төрешіден ескерту алды. Көп ұзамай бразилиялық орнын жас Зайнутдиновке босатып берді. Бабаян ойынның кері кетіп жатқанын байқап, тың ойыншыларды жібере бастағаны құба-құп. Сол секілді Бруно Балтазар да алаға тыңнан футболшыларды қосып, өз командасына жаңа нұсқаулықтар берді. Көреген бапкердің тактикасы іске асқан сияқты. Эфрем оң қапталда тер төккен Әл-Таммаридің орнына шықты. Алаңға кіре сала командасына стандарт әкелген Эфремнің осы бастамасы ақыры голға апарып соқты. Захид Гиоргиоске пас берген, соңғысының соққысы маңдайшадн қайтты. Ал оған бірінші жеткен Кайю Эричтің сол жағына допты тастай салды. Осылайша, кездесудің 78-минутында есеп ашылды.

Бразилиялық дәл осындай голды литвалық «Судува» қақпасына салған болатын. Ондай сәтке қалайша астаналық бапкерлер назар аудармады екен? Гол жіберіп алған қазақстандық команданың аяқдопшылары алға ұмтылды. Бірақ, қалған он минуттықта АПОЭЛ қорғанысы сыр берген жоқ. Кабананганы алмастырған Янга да ойынға өзгеріс енгізе алмады. Оң және сол қапталдан берілген қос корнер АПОЭЛ-ге соншалық қауіп алып келген жоқ. Оның үстіне алаң иелері екінші гол салуға аз қалды. Қосымша минуттары алға ұмтылған Эфрем орта дистанциядан тамаша соққы жасады. Эрич аса қиындықпен допты алып шықты. Ал Кляйнхайслер киперден қайтқан допты бағыттауға ұмтылған Лукас Соузаны жауып үлгерді. Сонымен, таблодағы көрсеткін 1:0 болып қала берді. Бұл нәтиже үміт пен күдікке толы. Себебі, екі жыл бұрын «Астана» өз алаңында осындай нәтиежемен АПОЭЛ-ді жеңіп, қарымта матчта 1:1 ойнаған еді. Десе де, тәжірибелі «Астана» өз алаңында жауапсыз қос гол сала алады деп есептейміз.

Бүгінгі кездесуде «Астана» екінші таймды ойдағыдай өткізе алмады. Олар 60-минуттықтан соң, таблодағы 0:0 есебін сақтағысы келгендей. Алайда, АПОЭЛ ол ойларын жүзеге асуына кедергі келтірді. Есеп ашылған соң ғана көк жейдедегі ойыншылардың бірінші таймдағы белсенділігі пайда болып, алға ұмтылды. Тас қамал киприоттықтар бұл нәтижені берік ұстады. Бірінші ойын бөлігіндегі «Астананың» жасаған шабуылдары «Динамомен» өткізген қос ойындағымен салыстырғандай көбірек екенін мойындау керек. Алаң иелері қонақтарға ашылып ойнауына мүмкіндік беріп жатты. Тек біздің жігіттерге сәттілік жетісе қоймады. Қонақта 1:0 есебімен ұтылу, әлі барлығын шешпейтіні белгілі. Еруопа лигасының топтық туринирінде бақ сынау үшін «Астана» бір жетіден соң өтетін ойынды, бірінші таймдағыдай өткізсе жарар. Әйтпесе, Қазақстан командалары биыл күзді еуропаның үлкен футболынсыз өткізу қаупі туып тұрғанын жасырмаймыз. Григорий Бабаян өз қорытындысын жасап, шәкірттеріне дұрыс бағыт береді деп ойлаймыз.  

Ойын соңында өткен баспасөз отырысында «Астананың» бас бапкерлігін уақытша алмастырушы Гриоргий Бабаян өз ойымен бөліскен еді:

 - Алдын ала болжағандай өте ауыр матч болды. Біз жинақы ойнауға барымызды салдық, бірақ шамамыз тек 70-минутқа дейін жеткенін көрдіңіздер. Сылбырлық танытқан бізді қарсыласымыз жазалап кетті. Ойынның алғашқы бөлігінде жақсы мүмкіндіктеріміз болды. Мұндай кездесулерде қонақта гол салғанның қандай пайдасын барын білесіздер. Барынша тырысқанмен, ондай бақыт бүгін бұйыра қоймады. Гол жіберіп алған соң, есепті теңестіру үшін алға ұмтылдық. Бірақ, АПОЭЛ өте тәжірибелі ұжым, біздің ойлағанымзды іске асыруға мүмкіндік бермеді. Бұл қарсыласты айналып өтуге болатындығына көзіміз жетеді. Енді өз алаңымызда қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз. Командамыздың тәжірибесі жетерлік, шеберліктеріне де сын жоқ. Олар бүгін де алаңға шығып, өз ойынын көрсете алды. Тек мүмкіндіктерімізді мүлт жібермесек дейміз. Футболшылар бұл ойынның қаншалықты маңызды екенін біледі. Егер ары қарай Еуропа лигасында қалғымыз келсе, қорғаныста қателіктер жібермеуіміз керек. Еуропада қарсыластар кез келген қателігің үшін жазалай алады.

Ал АПОЭЛ-дің бас бапкері Бруно Балтазар былай деді:

- Бүгінгі ойын нәтижесіне көңілім толады. Бірақ, мұндай есеппен Астанада ойнау қиындық туғызатынына күмәнім жоқ. Қазақстанда да гол салу міндеті жүктеледі. Қорғаныста ғана ойнау, шынымен қауіптірек. «Астанаға» келер болсам, өте тәжірибелі команда, бүгінгі ойын расымен өте қызықты әрі тартысты болды. 1:0 есебі бізді фоварит етпейді. Біздің мақсат – әлгінде айтқандай Астанада гол салу. Бүгін алғашқы таймда қос команданың да есеп ашатын мүмкіндіктері болды. Біз екінші ойын бөлігін жақсырақ өткізіп, міне, жеңіске жетіп отырмыз. Астанаға осы есепті сақтау үшін емес, жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін аттанамыз. Қарсыласымыздың мықты екенін бүгінгі матч көрсетіп берді. Бұл кездесуге анализ жасап, қателіктерімізбен жұмыс жасаймыз. Келесі аптада ондай қателіктер жібермеуге тырысамыз. Қарсыластың әлсіз тұстарын барынша саралайтын боламыз. 1:0 есебі, өте сусымалы екенін мойындау керек. Сол үшін қарымта ойында олар есеп ашуға тырысады. Тек "Астана" емес, біз де қарымта матчта жеңіс үшін ойнайтын боламыз!

Сандуғаш Мамышқызы
Бөлісу: