Әлеуметтік маңызы бар тың жоба

26 Қыркүйек 2017, 17:19 11433

Ақауы бар балаларды қоғамға бейімдеу

Бүгінде ойы ұшқыр, қиялы жүйрік жастардың жаңа буыны қалыптасыпкеледі. Олар қоғам өміріне жаңашылдық әкеліп, әлеуметтік маңызы бар іспен айналысқанды жөн көреді. Сондай жандардың бірі - Әсел. 6-жылдық еңбек өтілі бар жас ұстаз даму қарқыны баяу, мүмкіндігі шектеулі балалардың тағдырына бей-жай қарамайтын жан екендігін танытып, тұңғыш рет елімізде «Дамуында ақаулықтары бар балалар орталығын» ашады. Денсаулығында ақауы бар балаларды қоғамға бейімдеу мақсатында жүзеге асып отырған тың бастама жайлы Әсел Мұхтарқызының өзі бізге әңгімелеп берген еді.

Бұл жоба – бір күнгі идеяның жемісі емес, бұл менің ішімде ұзақ жылдар бойы жатқан арманым еді. 2012 жылы Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік университетті тәмамдап, Саттар Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейіне орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша жұмысқа қабылдандым. Осы мектепте еңбек ету барысында ата-аналармен тілдесіп, балаларға қандай көмек керек екендігін сұрап, пікірлерін біліп жүретінмін. Жалпы бұл орталықтың қоғамға қажет екендігін өз басымнан өткеріп, өн бойыммен сезінген сәттен бастап нақты қадамға бару керек екенін түсіндім.

«Қызымның ісікпен туылуы психологиялық тұрғыдан өте ауыр болды»

Мен өзім де анамын. Сондықтан кей ата-ананың ішкі жан күйзелісін жақсы түсінемін. Қызым дүниеге келгенде шекесінде ісік болды. Оны гемангиома деп атайды. Медицина тілімен айтқанда «доброкачественная опухоль». Мен үшін бұл жағдай психологиялық тұрғыдан өте ауыр болды. Әрбір ата-ана баласының дені сау болғанын қалайды. Бірақ Оңтүстік Қазақстан облысының дәрігерлерінің көмегімен Астана қаласындағы «Ана мен бала» орталығында емделдік. Ол орталықтан түрлі диагноз қойылған бүлдіршіндерді көрдім. Мектепте болсын, басқа жерде болсын ата-аналар тарапынан «мына баламен ешқайда шыға алмаймыз» деген сөздерді жиі естіп жүретінмін. Осы кезде маған «неге осындай бір орталық ашпасқа?!» деген ой келді. Барно есімді ата-ананың баласымен ауруханаға барғанда қиналатынын айтқаны және «дамытатын орталық болса» деген сөзі мені біршама ойлантып тастаған еді. Сол сәтте біздің Шымкент қаласынан осындай орталық ашу керек деген шешімге келдім. Кейін сәті түсіп, идеяны жүзеге асыратын мүмкіндік пайда болады. Мектебіміздің директоры Ұлжалғас Әшімқызы «zhasproject» деп аталатын, яғни 29-ға дейінгі жастарды бизнеске тарту мақсатында құрылған бастамаға қатысып көрсең деп жол нұсқады. «Сенің ішіңде идея көп. Ол идеялар өміршең болуы мүмкін. Сенің ұтатыныңа сенімдімін» деп осы жобаға қатысуымды өтінді. Негізі адамға әртүрлі идея келеді, бірақ ол әр нәрседен қорқақтауы мүмкін. Ал біздің мектеп мүдірі менің біраз жыл санамда жүрген арманыма осылайша өмір сыйлады.

«Zhasproject» жобасының аясында...

 2017 жылдың 21 мамырында 29 жасқа дейінгі белсенді жастарды жинап, «zhasproject» жобасының үйлестірушісі Саранова Данара есімді маман бұл бастаманың ұсынар мүмкіндіктері жайлы толық мағлұмат беріп, ұсыныс жасайды. Жастардың белсенділігін арттыру мақсатында жүзеге асып отырған аталмыш жоба Халықаралық қайта құру және даму банкі мен еліміздегі білім және ғылым министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған еді. Қорытынды бойынша, үздік деп табылған жобаға бір миллон теңге беріледі. Жоба топтық жұмыс болған соң қасыма тағы екі адамды қостым. Бұл біріншіден – табыс көзі, екіншіден – медицина саласының қызметкерлері үшін тәжірибе еді. Бірінші қадам ретінде Сыдықов Дамир деген маманмен аралас балабақшаға барып, болмысы өзгеше балаларға не ұсына алатынымды шешіп алайын дедім. Осылайша бірнеше мекемеге бардым. Көргенімді ой елегінен өткізіп, жобаны 2 сағат ішінде жазып шықтым. Сосын Данара ханыммен хабрласып, жобаны интернет желісімен жібердім. Ол оқып, бірден сайтқа жіберіңіз деп кеңес берді.  Көп кідіртпей 23-ші мамырда интернет арқылы жобаны тіркеп, сайтқа жібердім. Ал 23 маусымда «ұттыңыз» деген хабар келді. Бұл қуанышты хабарды бірден мектеп басшысына жеткізген едік. Ол өз тарапынан екі кабинет бөліп беруге уәде берді. Себебі дамуында тежеуі бар, үйде оқытылатын мектеп оқушыларына көмек көрсетуді ежелден ойлап жүрген жан еді.

Міне осылай, топпен жоба бюджетін құрдық. Кабинетті қалай безендіріп, қандай жабдықтар алатынымызды алдын-ала келістік. Бюджетке сай алғашқы түскен қаржыға түрлі-түсті ойыншықтар мен балаларға керекті маңызды заттарды алдық. Шілде айында ата-аналарға ақпарат тарата бастадық. Сонымен қатар, орталыққа психолог пен логопед маманды жұмысқа алдым. Әр маман өз жұмысын жетік біледі. Бұл жерде логопедтің қызметі зор. Олар міне осы күздің алғашқы күндерінен бастап балаларды оқытып, түрлі тренингтер өткізіп жатыр. Орталыққа келгісі келетін оқушылар көп. Ата-аналардан сұрастырып, келіп жазылып жатыр. Негізі жоспар бойынша 25 бала болатын. Бірақ бүгінде бала саны бұл мөлшерден асуда. Себебі «р»-ға, «л»-ға тілі келмейтін балалардың ата-аналары осы кемшілікті жою үшін бізге өтініш жасауда.

      «Қарапайым ғана мұғалім болып қалғым келмейді...»

Біздің орталыққа көбінесе үйде ғана оқытылатын балалар келеді. Олардың ата-аналары сол балаларының қамын жасап, амалсыздан жұмыссыз үйде отырған жандар. Азаннан кешке дейін осы сәбилерінің жағдайын жасаймын деп психологиялық тұрғыдан шаршайды. Өкінішке орай, қоғамымызда ДЦП, эпилепсия сынды диагнозы бар, мүмкіндігі шектеулі балалар көп. Мұндай балалардың ата-аналары моральдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да шаршайтыны белгілі. Осыған орай, бізде демалуға арналған релаксация кабинеті бар. Ол жерде ата-аналарға массаж жасалынып, психологиялық көмек көрсетіледі. Себебі тағдырдың бұл сынағына көндігу оңай емес. Жалпы, біздің жобамыздың басты мақсаты – осындай дамуында ақау бар балалардың қоғаммен араласып, өз ортасынан алшақтамай, өзін сол қоғамның бір мүшесі екендігін сездірту. Екіншіден, бұл бастамамыз арқылы аналарға көмектесе аламыз деп ойлаймын. Өзіміз ана болғандықтан, әрбір ана өз баласының ешкімнен кем болмай өскенін қалайды. Біз міне осыған негізделіп жұмыс жасаймыз. Жалпы, өмір болғаннан кейін түрлі жағдайлар болады. Ата-аналары оқыс жағдайға тап болса, бұл балалар кімге аманат?! Сол үшін де оларды қоғамға бейімдеу мақсатында осындай орталықтар қажет. Ал біз сәл де болса, осы мақсатқа жету жолында көмек беруге тырысамыз. Негізі қала бойынша бұндай балалар өте көп. Сондықтан бір орталықпен шектеліп қалмау керек. Осы бағытты жандандыру керек деп білемін. Жалпы мен қарапайым ғана мұғалім болып қалғым келмейді. Қоғамға және балаларға қол ұшын беруді міндетім деп білемін. Кез келген ата-ана үшін басты байлығы – перзенті. Сондықтан да сол еліміздің ертеңі болған бүлдіршіндердің бақытты болашағы үшін талмай еңбек етуіміз керек.

Жазира Берғалиева
Бөлісу: