«Жылаған ата» үңгірі мен бұлағы

15 Мамыр 2017, 16:24 29299

Аса таяқты бала туралы аңыз

Үңгір туралы не білеміз?

Түркістан қаласы маңындағы Бабайқорған ауылында «Жылаған ата» үңгірі бар. Бұл үңгірдің құдіреті сол, әр 30 минут сайын сарылдап су ағып-тоқтап тұрады екен. Судың неге белгілі уақытта ғана ағатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бұл үңгірдің алдында адам бейнесіне ұқсас тас бар. Сол тастың көз тұсынан оқтын-оқтын су шығады дейді.  

«Жылаған ата» бұлағы болса, Түркістаннан 80 км ары, Абай ауылынан солтүстікке қарай, Жылаған ата өзенінің бойында. Ол үңгірге 300-350 метр биік үйінді болған жартастар арқылы ғана жете аласыз.

Үңгірдің аузы 8-9 метрдей болса, биіктігі 3-4 метр, ал тереңдігі 50-60 метрге дейін жетеді. Сондай-ақ, сәл төменірек қуыс бар. Ол жерден ара-тұра су шығып тұрады. Ол жерге ешбір көлікпен жете алмайсыз. Тек жаяу-жалпы ғана жетуге мүмкіндік бар. Жол қиындау болғандықтан, шаршап-шалдығып жеткен жандардың тілегін Алла береді делінеді.

Бірінші мес туралы аңыз

Жылаған ата туралы аңыздар өте көп, олардың барлығында месті (қарын) туған ана туралы, сол месті жарып шыққан бала хақында айтылады.

Бір бай кісі жалғыз перзентке зар болған екен. Оның тілегін Алла Тағала қабыл етіп, әйелінің аяғы ауыр болады. Бірақ, айы-күні жеткенде, әйелі болса, бір мес (қарын) туыпты. Мұны көрген ана месін көтеріп, қатты тағдырға налып, тау-тас аралап кеткен деседі. Бұл өмірден баз кешіп жүргенде, қолынан месті түсіріп алыпты. Мес жерге түсе, жарылып кетіп, ішінен бір бала атып шығады да қаша жөнеледі. «Балам, тоқташы» деп жалынған анасына да мән бермей, қаша береді, қаша береді. Бір кезде анасының қуа шаршағанын аңғарады да, аяңдап асасымен жерді түртіп бұлақ ағызып береді. Содан артына қараай жүгіре, бір үңгірге кіріп, шықпай қояды. «Ана, мен ақыреттің баласымын, мені іздеме, үйіңе қайт, мен енді жоқпын! Тек артыңа қарай көрме!» дейді. Тағдырдың жазуы осы шығар деп ана келген ізімен кері кетіп бара жатып, артына қарап қояды. Әйелдің артынан қызыл су еріп келеді екен. Кері бұрылған сәт ол жерге сіңіп, жоқ болып кетеді. Егер анасы артына қарамағанда, ол жеткен жерге дейін дала ну орманға айналады екен. Ал баланың кіріп кеткен үңгірін «Жылаған ата» үңгірі деп атап кетеді. Ол маңда расында да, жас баланың жалаң аяқ жүрген іздері жатыр. Ал әлгінде мес түсіп кеткен жер «Мес әулие» атағын алыпты.

Қырқына шыдап, қырық біріне шыдамаған ана

Ертеде перзентке зар болған ата-ана құдайдан «бізге бір нәрсе бере гөр» деп тілеуін қоймапты. Содан олардың дұғалары қабыл болып, әйелінің аяғы ауыр болады. Тоғыз ай өткен соң өмірге бір месті әкеліпті. Мұндайды көре сала жұбайлар молданы шақыратады. Молда «мынау тегін емес, ендеше месті әйеліңіз етегіне 41 күн байлап жүрсін» дейді. Десек те, шыдамсыз ана 40-шы күні месті түсіріп алады. Сол кезде оның ішінен аса таяғы бар бала атып шығады да, қаша жөнеледі. Одан қалыспай әке-шешесі де қуа кетеді. Бала артына қараса, екеуі ебіл-дебілі шығып әлі жүгіріп келеді екен.  Шөлдеген болар деп, қолындағы аса таяқпен жерді түртіп қалғанда суы мөлдір терең құдық пайда бола кетіпті. Содан жүгірген бала биікке өрмелеп, бір жасырын үңгірге сіңіп жоғалады. Ал ата-анасы болса, жасын көл етіп сол үңгірдің басында ұзақ отырыпты. Міне, осыдан кейін үңгір «Жылаған ата» атаныпты.

Құрышханның «месті» баласы

Тағы бір жерде Ақсерке деп аталтын үңгірге халық «Жылаған ата» атауын беріпті. Сол өңірде бұрындары балаға зар Құрышхан деген хан тұрыпты. Шеңгелді деген әулиеге сүйіп қосылған жары Шашты ана екеуі түнеген күні әйелінің бойына бала бітеді. Бұл аңызда да Шашты ана қарынға ұқсас месті дүниеге әкеледі. Бір белгісіз себептермен үш жылдан соң мес жарылып, бала шыға келеді. «Мені жеті жыл күткендеріңде, еліме пайдам тиетін бала болып туылар едім, неге шыдамадыңыздар екен?» деп налып, тауға жүгіре кетеді. Оны Құрыш хан мен Шашты ана қуып жетуге таянғанда, бала «қақ жарыл» дегенде тауда үңгір пайда болады да, сол үңгірге еніп кетіпті. Ал балалары ғайып болған үңгрі басында аңырап қалған әке-шешесі жылай-жылай көздерінен айырылыпты.

Бөлісу: