«Sharkey» брендін естуіңіз бар ма?

2 Қаңтар 2017, 15:38 7660

«Жамал-ай» сауда маркасы өндірген таза былғарыдан тігілген аяқ киімдер.

«Жамал-ай» сауда маркасы өндірген таза былғарыдан тігілген аяқ киімдер отандық нарыққа шыққанына аз уақыт болса да, тұтынушылардың талабынан шыға алды. Sharkey атты бренд мокасиндерін іздесеңіз елордадағы отандық тауарлар сататын нүктелерден таба алсыз.

Кәсіпорын басшысы Зәбира Хасанова «Ұлт жоспарында айтылғандай, ауыл шаруашылығына басымдық беріп, аяқ киім өндірісіне қажетті былғарыны өзімізде шығарсақ, ұтарымыз көп болар еді», – дейді.

«Жамал-ай» АҚ 15 жылдан астам уақыт жоғары сапалы аяқ киімдер өндіруде. Қазіргі заманға сай дизайнмен жасалған былғары аяқ киімдер сапа стандарттарына толықтай жауап береді. Бағасы да қол жетімді. Өндірушілер «Sharkey» деп атаған аяқ киімдер ерлер мен әйелдерге арнап тігіпті. Бағасы 12 000 теңге.

Аяқ киімдердің табаны фабрикада құйылатынын айта кеткен жөн. Сәні мен сапасы шетелдік мокасиндерден ешбір кем түспейді. Фабрикада тігілген тауарлар тексеруден өткен соң ғана тұтынушыға жол тартады. Сондықтан, әр аяқ киімде шебер қолының табы бар.

Оксана Көркембаева, фабрика жұмысшысы:

– Барлығы қиылып, тігіліп болған соң менің алдыма келеді. Барлық жерін тексеріп, содан соң жіберемін. Табаны өзімізде құйылады. Барлық жұмыстар қолмен жасалатын болғандықтан, өте сапалы. Аяққа кигенде де ыңғайлы, жеңіл.

Забира Хасанова, «Жамал-ай» АҚ президенті:

– Елбасы  Қазақстанда жасалған тауар сапалы, ыңғайлы, әдемі әрі арзан болуы керек деп біздің алдымызға нақты міндет жүктеді. Сондықтан, осы талапқа сай өнім өндіруді қолға алдық. Бірақ аяқ киім тігетін былғарыны шетелден сатып аламыз. Елбасы аграрлық сектордағы әкімшілік кедергілерді азайту мен шаруалардың жер мәселесі туралы дөп басып айтты. Бұл тапсырма ауыл шаруашылығын дамытып, былғары өндірісін жолға қоюға көмек береді деген үміттеміз.

Былтыр фабрикада мұнайшылар мен жұмысшылар үшін 60 мың жұп аяқ киім мен 1000 жұп шәркей тігілді. 700 млн теңгеге жуық пайда тапты. Жаңа жылдан да күтері көп. Қазірдің өзінде 10-ға жуық ірі мұнай компаниясынан тапсырыс келіп түскен. Кәсіпорын күрделі экономикалық кезеңге қарамастан мемлекетке алақан жаймай, отандық өндірістің өрісін кеңейтіп отыр. Себебі, кәсіпорынның ісі өнімді, өнімдері де өтімді.

Қазір фабрикада 140-тан астам жұмысшы қызмет етеді. Олардың 60-ы аяқ киім цехында істесе, 50 маман тігін бөлімінде жасайды.

Үзіл Исатаева, тігінші:

Жұмысымыз жақсы, өзімізге өте өте ұнайды. Қазір біз қыздарға, ұлдарға мокасин тігіп, олардың табанын құю менің қолымнан өтеді.

Өндіріс орны жылына 120000 жұп аяқ киім тігуге қуатты.  Бүгінде аяқ киімдерге деген сұраныс артып отыр. Әзірге тауарлар Астана мен Алматы қалаларында саудалануда. Ал, Ақтау қаласының тұрғындары тапсырысты әлеуметтік желілер арқылы бере алады.

1 ауысыммен жұмыс жасайтын мекеме күніне 400 жұп аяқ киім тігеді. Мокасиндердің материалы мен фурнитурасы арнайы тапсырыспен Ресейден алынады. Қазір кәсіпорын  әлемдік дағдарысқа  қарамастан отандық өнімдерінің өрісін кеңейтпек.

Бөлісу: