«Рухани жаңғыру жаңа жолға бастайды»

13 Сәуір 2017, 17:52 5300

Сарапшылар пікірі 

Тұрсынбай Ғабит, Алматы облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі:

— Жарық көрген Елбасының мақаласы менің ойымша халықтың көкейінде жүрген біраз мәселелерді дөп басты. Бұл мақала халықтың рухын көтеруге бағытталған. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мақсаты — Қазақстанды дамыған отыз елдің қатарына кіргізу болғандықтан, «рухани жаңғыру» ерекше идеяға толы тың бастамалар алып келеді деп сенемін. Рухани жаңғыруды біз бір бағытта ғана емес, бірнеше бағытта жүзеге асыруымыз қажет. Атап айтар болсақ, мәдени мұра, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрімізді, ұлттық кодымызды сақтап қалу секілді бастамалар жүзеге асуы тиіс. Қорытындылай келе «елім», «жерім» деп жүрген ұлтжанды азаматтардың көкейіндегі ойын Елбасы дөп басты.

Ибраев Уәлихан, «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің меңгерушісі:

— Мен гуманитария ғылымының өкілі ретінде Мемлекет басшысы қозғап отырған мәселелермен толықтай келісемін. Бұл дәл уақытында шыққан мақала деп ойлаймын. Елбасы айтқандай қазіргіні бағамдап, болашақты болжай алатын, гуманитария ғылымына қызмет етіп жүрген мамандардың білімін арттыру, әлемге әйгілі жүз кітапты қазақшаға аудару өте жақсы бастама. Бұл өсіп келе жатқан ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлық деп түсіндім. Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшу ағылшын тілін еркін меңгеруге жол ашады. Алайда латын әліпбиіне көшу барысында осыған дейін жинаған үлкен мәдени мұрамызды жоғалтып алмай, жоба тыңғылықты жүзеге асуы қажет деп есептеймін.

 

Дәулетбаева Әлия, өнертанушы:

— Мақала маған өте ұнады. Өйткені бұл болашаққа қызмет жасайтын жобалар. Бұл халықтың көптен күткен арманы. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық кодымызды жағымсыз қасиеттерімізден арыла отырып, болашақ ұрпаққа жеткізу — біздің мақсатымыз. Трайбализм, рушылдық, керекті дүниелерден үрейленіп, керексізін бойымызға сіңіріп алатын жаман қасиеттерден арылуымыз керек. Рухани жаңғыру жаңа жолға бастайды.

Бөлісу: