«Oразбеков ұстаханасы» шын  мықты еді

9 Сәуір 2017, 14:32 3768

Қазақ журналистикасының ажырамас бөлшегі

Қызыл тілді қыннан суырып, қылшылдаған жүзін сынап көргенде қара тастың өзін қақ жаратын қас алмастар жұрттың арасынан шығып отырған. Шыға да бермек. Ал, Тәуелсіздіктің таңы атар тұста аймағымыздағы жалғыз қазақ тілді басылымның  көтерген салмағы жеңіл болған жоқ. Партияның, комсомол жетекшілерінің  жұрт үшін жасап жатқан істерін  мақтап, мадақтап қана қоймай, кемшілігіне дәйекті дәлеледерін ұсына отырып сын тезіне салған, сынап алатын қазақ журналистикасының ажырамас бөлшегі болған «Оразбеков ұстаханасы» шын  мықты еді. Бұл жайында белгілі журналист Гүлсім Оразалықызының басылым беттеріндегі «Біз батырларды неге көксейміз?» деген естелігіне жүгіне отырып «наркескендердің наркескенімен» танысудың сәті түсті.

«…Бұл 1988 жылдың қазан айы болатын. Қазақ баспасөзінде «Батыл һәм мінезді газет» аталып жүрген «Oрталық Қазақстанның» Бас редакторы басқа қызметке ауысып кетті де, газетке редактордың орынбасары Есімбек Бәйтенов біраз уақыт қол қойып жүрді. Бір күні «Алматыдан, КазТАГ директорының орынбасары Нұрмахан Оразбеков деген редактор болып келетін көрінеді» деген сөз тура аспаннан комета құлағандай әсер етті бізге. Өйткені, «КазТAГ директорының бірінші орынбасары екен» деген сөзде аса бір ауыр салмақ жатыр еді. Республикадағы жалғыз ақпарат тарататын  агенттіктің бедел-салмағын, жұмыс төркінінің төтенше болатынын  телетайптан түсетін съезд, пленум, сессия материалдарын түнімен күтетін газет журналистері жақсы білетін. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің құзырына қарайтын беделді мекеменің, оның ішінде директордың бірінші  орынбасарының облыстық  газетке  келе жатқанына қайран қалып, «Ол ертеңгі агенттік директоры емес пе, облыста несі бар?!» деп, болжам айтқан аға буын журналистеріміз де  болды. 

Келді. Таныстық. Барлық журналистерді жинап, алғашқы «летучканы» өткізді. Бірден айтқаны: «Менің ешқайсыңызбен бес бересі, алты аласым жоқ. Бәріңіз де – мен үшін бірдейсіздер. Бірақ, газет беті жауапкершілікті талап етеді. Кімнің жазуы дұрыс – қалады, кімнің жазуға қабілеті жоқ – кетеді» болды. Жаңа басшының бұл талабының жазуды  жаңадан үйреніп жүрген біз сияқтылар мен зейнеткерлікке екі-үш жылдары қалған, жазулары да қасаң  тартып қалған ағалардың тура төбесінен жай түскендей әсері болғаны рас еді. Тағы да діттеп айтқаны: «Маған салақұлаш пленумдар мен сессия, съезд материалдарынан цитата келтіргендеріңіз қажет емес. Көтергелі  отырған мәселеңіздің мәнін оқырманға қазақтың жалпақ тілімен жеткізгендеріңіз маңызды. Атты айналып жүре бермей, жалынан ұстап бірден мініп кетуге үйреніңіздер…», – деді. Жаңа редактордың бұл сөзі тура құран сөзіндей санамызда жазылып қалғандығы сондай, әрбір мақала жазған сайын  әлі күнге дейін ойға түсіп, сол талаптан шығуға ұмтылатынымыз да рас.

Сосын «Пaпкаларыңызда  жатып қалған қандай дүниелер бар, маған көрсетіңіздер», – деді. Маған да керегі осы болатын. Жазушы Медеу Сәрсекеевтің  академик Бөкетов туралы жазған естелігі мен Ебіней Арыстанұлының бір әңгімесінің тартпамда жатқанына екі жыл болған. Қонаевтардың академик Бөкетовке деген қырын қабағынан қорыққан   бұрынғы редакторымыз «Жариялай алмаймыз» деп, дайындап апарған екі дүниені де өзіме қайтарып берген болатын. Жалғыз біздің бұрынғы редактор емес, Бөкетoвтің аты естілсе болды, республикадағы  барша газет-журналдардың «үркіп», Қoнаевтың теріс қабағына ілігіп қалармыз деп, академик шығармаларын баспайтын кезең болатын. Естелік пен әңгімені  тез алып бардым. Жаңа редакторымыз пальтосын желбегей жамылып алып,  суық бөлмеде сұсты отырған қалпында: «Oқып шығайын», – деді. «Не болар екен?» деп күпті көңілде жүргенімде, кешікпей  редактор өзіне шақырды. «Естелікті бірінші берейік, жақсы дүние екен. Ебекеңнің әңгімесін сосын жариялаймыз», – деді. Ешкімнен қорқып та, үркіп те отырған жоқ. Сөзі –  салмақты, сенімді. Таң қалдым. Қуандым. Ал, Сәрсекеевтің естелігі шыққан газетті Ебіней Арыстанұлының жары Зүбайра апамызға апарып көрсеттім де, жаңа редактордың батылдығын біраз мадақтадым. Апамыз жары тіріліп келгендей қуанды, республиканың бірде-бір газет-журналы  қанша жыл болды бірде-бір дүниесін баспай қойғанын айтып, көзіне жас алды. Көп ұзамай әңгіме де басылды. Міне, жаңа редактор Нұрмахан Oразбековтің  мен білетін  батылдығы, әділдігі  осындай.

Содан не керек, бір-екі айдың ішінде-ақ газетіміздің мазмұны түрленіп, беттері ажарланып, журналистеріміздің жазуы жаңарып, ұжымға күші бір алапат серпіліс келді. Жaзғaндaры қызыл қаpындашпен сызылғанға ренжігендер, жаңа басшының кәсіби талабына  шыдамай өз еріктерімен жұмыстан кетіп жатты. Ай сайын обкомға қарай жазылып жататын «домалақ арыздар» пышақ кескендей тыйылды. Тыйылмағанда…  Жастайынан    «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде  тілші болып, жазуға  үлкен газеттерде төселген, одан  он жылдай КазТАГ-тың ұстаханасына түсіп, аударманың  мықты мектебінен өткен  адамға кім не айта алсын?! Тіптен,  «Газет – біздің органымыз, біз не айтсақ сол болады» деп, басылым ісіне жөн-жосықсыз араласатын обкомыңыздың өзі Оразбеков қол қойған, дәлелі мықты, нақты фактілерге жазылған журналистер мақаласына қарсы дау айта алмай, шындықпен келіскен кездері де аз болмады. Біреуін естелігіме өзек еткенді жөн санадым.

Бірде бізге «Буденный» совхозының  партия ұйымының хатшысы келді. Совхоз директорының шектен шыққан іс-әрекеттерін нақтылы дәлелдермен ашына айтты. Oл парторгты жақсы танитынбыз. Бізге келіп отырғаны да сондықтан. Біз оған «Газетке жаңа редактор келді. Өте әділ, барынша батыл адам. Сол кісіге кіріп, бар мән-жайды өзіңіз түсіндіріңіз» деп жөн сілтедік. Бұған ол қуана келісті. Редактор Oразбеков жас парторгтің әңгімесін тыңдап болысымен-ақ, партия бөліміндегі жігіттерге тапсырма береді. Шынымен-ақ әлгі совхоздың шаруашылығын тексере келгенде, көптеген кемшіліктерге кезігеді. Ақырында ол жөнінде газетте көлемді сын мақала жарияланды. Мұндай ашық сын газет оқырмандарын біраз дүрліктірді десе де болады.  Oбкомнан комиссия құрылып, фактілерді тексерді. Ақырында газет сыны обкомның бюросында қаралып, әлгі директор орнынан алынды. Бұдан кейін газеттің беделі аспандап кетті. Жер-жерде, ел-елде болып жатқан кемшіліктерді батыл жазатын оқырман хаттары  көбейді. Ал, газеттің журналистері арғымақ атқа мінгендей арқаланып, шабыттанып алды. Өйткені, олардың алдында қай жерде де, қандай бір сын сағат, сындарлы сәтте де қорғай алатын батыл, білімді, қайсар редактор Нұрмахан Оразбеков бар еді.

Нұрекең редактор болған жылдың келер жылының көктемінде қарағандылықтар ұмытылып кеткен Наурыз мейрамын жаңғыртып, ұлан-асыр той жасап қарсы алды. Бұл идеяны көтеріп жүргендер Нұрмахан Оразбеков пен обкомның идеология жөніндегі хатшысы Қуаныш Сұлтанов еді. Тапсырма алған біз «Ата салты» деген айдармен қазақтың дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын дәріптейтін мақалалар топтамасын әзірледік. Дені – оқырмандар атынан. Өте сәтті шықты. Мақтауға сараң редакторымыздың аузынан шыққан «дұрыс болып шықты» деген сөзінің өзіне төбеміз көкке жеткендей қуанғанымызды көп жылдар өтсе де ұмыта алмаймыз. Осыдан кейін «Ата салтын» аптасына бір рет шығарып тұратын болдық. Бұл жоба оқырмандар үшін жоғын түгендеген, көңілдерінен шыққан айдар болды. Оқырмандардың өзінен ұмытылып бара жатқан қазақтың сал-дәстүрін баяндайтын көптеген хаттар келе бастады.

Нұрекеңнің редакторлық тізгінді қолға алған сәттен бастап өткір көтерген мәселесі – ана тіліміздің тағдыры. Жасыратыны жоқ, ол кезде Қарағандыда қазақ тілінің халі өте мүшкіл болатын. Қалада таза қазақ тілінде қызмет ететін үш қана мекеме бар. Олар – С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, №2-ші мектеп-интернат (қазіргі Н.Нұрмақов атындағы мектеп-интернат) және біздің облыстық «Орталық Қазақстан» газеті. Болды. Басқаның бәрі орыс тілді мекеме. Осы тұста Нұрағаң қазақ тілді балалар бақшасының, орта мектептердің қажет екенін мәселе етіп көтеріп, обкомның, атқару комитеттерінің алдына қоя білді. Идея тастады. Қадау-қадау, өзекті мәселерді жазуға журналистерді жұмылдыра түсті.

Әсіресе, мектеп бітірген балауса жастарды, оның ішінде, қыздарды екі жыл қой бағуға  жіберетін үрдісті өткір сынап, «Қай қазақ қызын атқа мінгізіп ақ боран, көк мұзда қойдың соңына салып еді?» деп, журналистерге тапсырма беріп,  дүркін-дүркін мақала ұйымдастыртып, ақырында ол «дәстүрді» облыста жойдырғанын, нағыз халық жанашыры екенін көрсете білгенін  айрықша айтқымыз келеді. Бұл Нұрмахан Оразбековтің өзі жиі айтатын журналистің, редактордың қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуі, сосын батылдығы, әділдігі еді.

Ал, 1991 жылдың тамыз айында «Одақтық шартты» қаламағандарға қарсы шығып, республика емес, Одақ көлемінде біле тұрып, басын бәлеге, тағдырын қатерге тіккен жалғыз журналист-редактор Нұрмахан Оразбеков болды. «Ия, бұл – төңкеріс!» деп тарихи мақала жазған ол сол күн, сол сәттен бастап өзін де ТАРИХИ ТҰЛҒАҒА айналдырып жіберіп еді. Мәні мен мағынасын баяғыда жоғалтқан «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген жалаң ұранды газет әлқиссасынан (маңдайшасынан) алып тастап, қазақтың ұлттық рухына өлшем болған «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» дегенді бадырайтып жазған да осы Оразбеков болатын. Не керек, «Oрталық Қазақстан» газетіндегі ол атқарған игі істері «Оразбеков мектебіне», редакция «Oразбековтің ұстаханасына» айналды. Айта берсеңіз, бұл мектептің  берер «сабағы», ұстахананың «өнімі» таусылмайды. Сексен бес жылдық тарихы бар серке басылымдағы бүгінгі жастар – «Оразбеков ұстаханасының» өнімдері. Айтарымыз әлі көп…

Өкініштісі, жалпы жұрт тарапынан  Нұрағаңның ұлт мүддесі жолындағы осы әрекеттері «Нағыз батырлық, ерлік!» деп бағаланағанымен, Үкімет тарапынан еленбей қалды. Неге? Жауап – біреу. Ол кезең барлық республикалардың көңілі алабұртып, Одақ тарайды, тарамайды деп, егемендік бола ма, болмай ма деп, күпті көңілде жүрген, дүрбелеңге толы, өлара шақ болатын. Дүрбелең берекесіздік әкелді. Сол берекесіздіктің арасында Нұрекең ерлігі еленбей, уақыт өте жаңғырығы азая  берді. Ес жиып, етек жиған кезде оны мәселе етіп көтеріп, Үкімет алдына ұсыныс жасайтын ешкім болмай қалды. Оның бар жауабы – осы. Кейіннен шәкірті, белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері қа бастаған қарағандылық азаматтар ізденіп, Нұрмахан Оразбековті «Халық Қаһарманы» атағына ұсыну жөнінде жоғарыға дат айтқан-ды. Құлақ түрген ешкім болмады. Бірақ, «Халық қаһарманы» деген Үкімет тарапынан куәлік-құжаты болмады демесеңіз, халық ортасында Нұрмахан Оразбеков  хас батырдың, нақ қаһарманның өзі болып қала береді. Бір түсініксіз жәйт.  «Халық Қаһарманы», «Еңбек Ері» деген атақтар халық пен биліктің – «оқ пен оттың» ортасында жүрген журналисттерге неге бұйырмайды, «төртінші билік» деп күмпите бергенше, лайықты «шен-шекпенін» неге бермейді?! Бұл да – ойланатын жағдай.

Ойға қаласыз. Оразбековке әділдік, батылдық, шыншылдық,  батырлық қайдан келген? Жауапты  оның өзі айтады: «Мен – тәрбиені кітаптан алған адаммын» дейді. «Анамнан ерте, төрт жасымда айрылдым. Әкем соғыстан 1947 жылы ғана оралды. Бала кезімнен кітапқа құмар болдым, оқыған кітабымның жақсы кейіпкерлеріне ұқсағым келді. Әділдіктің болғанын, шындықтың айтылғанын қалап тұратынмын» деп толықтырады өз аузымен өзін мақтап көрмеген парасатты жан өз өмірі жайлы толғанысын.

Кітап!  Кітап тәрбиесі – бүгінгі ХХІ ғасырға таңсық! Әсіресе, жастар кітап оқымайды. Амал қанша. Кітапта қашанда да зұлымдықты жақсылық, әділетсіздікті шындық, арсыздықты адалдық  жеңеді. Бұдан басқа формула жоқ кітапта.  Сoндықтан болар, Нұрекеңдер  үшін өмірдің мәні – адалдық, тазалық, шындық, ал, құндылық – жан байлығында, дүние – қолдың кірі.

Атақты американдық кәсіпкер Уоррен Эдваpд Баффетт: «Отценивая людей, старайтесь найти три OСНOВНЫХ качества: интеллект, энергичность, и, конечно же, честность. Если не будет последного, то первые два окажутся  губительными для вас!» деген екен. Бұл – капиталистік қоғамның небір сұмдық, сұмпайы сынынан өткен атағы әлемге танымал миллионердің айтқан тәмсілі. Құлақ құрышын қандырады, көңілге терең ұялайды. Қанша жерден білім-парасатың мен күш-қуатың асып-тасып жатқанмен, сен оны Тазалық, Адалдық, Шындық атты ұлы құндылықтармен көмкере білмесең, түптің-түбінде сыбай-салтаң білімің мен асқан тасқан күш-қайратың өзіңнің түбіңе жетеді екен. Міне, тәлім, тәрбие қайда жатыр?! Нұрекең бұл тәмсілді бала кезінен-ақ біліп, бойына сіңіріп өскен!

Осындай азамат Нұрмахан Oразбек қайтыс болған сәтте әріптестері, барша басылымдар «қазақ баспасөзі ауыр қазаға душар болды» деп жазды. Рас еді. Нұрекеңнің орнын толтыру қиын.  Ақын Есенғали Раушанов: «Енді Нұрекеңдей қазақтар тумайды. Енді Нұрекеңдей журналистер де тумайды. Ендігі газетшілер басқа. Мен оларды жаман демеймін, жақсы да демеймін, мен оларды басқа деймін. Ендігі жерде Оксфорд университетінің «Саясаттану», «Әлеуметтану» дейтұғын қалың түсіндірме сөздіктерін бір өзі аударып шығатын Нұрекеңдей жанкешті бейнетқор болар ма екен?

Енді бізден Нұрекеңдей баспагерлер шықпайтыны анық. Ендігі баспагерлер басқа.

Ендігі жерде заман басқа. Ал, Нұрекең Нұрекең боп қала береді. Қарағайға қарсы біткен бұтақ секілді есіл ағам менің!» деп егілсе, ақын   Қазыбек Иса: «от ауызды, орақ тiлдi журналист»  деп аһ ұрды. Шәкірті, «Орталық Қазақстан» газетінің бүгінгі редакторы Мағауия Сембай: «…мың найзаға қаймықпай қарсы шабатын, ешкімнен айылын жимайтын, Лениннің «Тегін білмейтін қара Иван болма» деген сөзін компартиядан сескенбей жазған, өзі жетісіп тұрмаса да, көк бөрідей жалын күдірейтіп тұратын журналистиканың жампозы қаза болды» деп күйзеледі. Ақын Серік Ақсұңқарұлы:

Қызыл тіл нені айтып сайрап өтті?

Қу тағдыр неге көзді байлап өтті?

Мен қалдым қамшымды ұстап айдалада,

Ері ауған Арғымағым  қайда кетті?!» –  деп қамықты.

Қазір біз   қайғырудан да қалып барамыз. Ал, Нұрекеңнің қазасына қайғырғандар  көп болды. Нұрекең – бақытты.

Немістің сыншы-драматургі Бертольд Брехт «Батырларды көксейтін мемлекет – ең бақытсыз мемлекет» дейді. Біз бәріміз Нұрекеңді, оның батырлығын көксейміз, енді ондай батыр қазақ жоқ деп аһ ұрамыз. Шынымен-ақ біз сонда  бақытсыз мемлекет болғанымыз ба?! Айтыңызшы…

Осындай шындықпен шыңдалған адамның өмірден өткеніне де бір жыл болып қалыпты. Өкінішке орай, бұрынғының жақсылары осылай тәмам болып келеді. Амалың жоқ… Нұрағаң да – жоқ. Әйтеуір, «Оразбеков ұстаханасының түлегіміз» деп біздер жүрміз. Қадірі қашқан қаламға сүйеніп… Алайда, бүгінгі сұрқайы қоғам қаламның қадіріне жармасқанымен, қасиетін жоя алмайды. Соны медет тұтамыз да… Шығырында шыр айналған дүние осылай өте береді екен…» - деп абзал жан, қазақ баспасөзінің ақиық ұлын  еске алған екен автор..

Гүлім Қуанышова

Бөлісу: