Баянауыл өлкесі қазақтың талай жыр-шежірелеріне арқау болған құтты мекен. Қай заманды алсаң да Баянауыл елі қол бастаған батырларымен, сөз бастаған билерімен, қасиет дарыған әулиелерімен, суырып салма ақын-жырауларымен әйгілі.
Сонымен қатар Баянауыл тек қана ғұламаларымен ғана емес, өзінің ерекше көркем табиғаты: жартасты жоталары, өсімдіктің сан алуандығы және қайталанбас тарихи ескерткіштерімен таңғалдырады. Осы сұлу өңірдің ғажайып ескерткіштерінің бірі – «Қоңыр әулие» үңгірін айтпасқа болмас. Әр жердің шығу тарихына байланысты аңыз-әңгімелер көп. Әрине, олардың көбісі тарихи оқиғалармен, тарихи тұлғалармен сабақтасып жататыны – өмір ақиқаты. Олар аңыз-әңгімелер түрінде, заттық айғақтар түрінде бүгінгі күнге жетіп отыр. Солардың ішіндегі бүгінгі біздің құлағымызға жетіп, саналы із қалдырып, тәрбиелік мәнге ие болып жүрген аңыздың бірі ол «Баянауыл» деген сөз қалай шыққаны туралы. Өйткені қасиетті үңгір қазақ даласында сонау Тәңір заманынан келе жатқан киелі орын. Сол заманда өмір сүрген қазақтар Қоңыр әулие маңында орналасқан ана бейнесіндегі шалқасынан жатқан тауды «Баянды ана» деп атаған. Олай аталу себебі ауырған адам ем іздеп, баласы жоқ ана бала сұрап, кедей байлықты аңсап, бай байлығын асыруға осы таудың етегіне келіп, құрмалдық шалып, малдың шек майынан білте жасап, үңгірге келген адамдардың ниеттері қабыл болып, халық баянды өмір сүре бастаған. Сол заманның қазақ даласында жазылмаған заңы болған. Атты адам ауыл сыртынан шауып өтпей, жөн сұрасып, бара жатқан бағытын айтып отырған. Жолаушыдан «Қайда барасың?» дегенге, «Баянды ауылына барамын» деген екен. Сол себептен Баянауыл атауы содан қалыпты деседі. «Баян» деген ұғым баянды деген сөзді білдіреді. Баянауыл елінде Алланың нұры жауып, баянды өмір кешкен. Әрине, оған жоғарыда атаған дана-дарындыларымыз, ғұламаларымыз бен табиғаты дәлел.
«Қоңыр әулие» үңгірі жердің, жануарлар мен құстар әлемін қорғаушысы Ной (Нұх) Пайғамбар заманынан бар. Бүкіләлемдік су тасқыны кезінде үш көріпкел Нұх Пайғамбардың кемесіне қалып қойыпты-мыс, бірақ кемеде орын болмапты, сонда үш бақанды жалғап байлап, бақанға отырып, ол пайғамбардың кемесіне байланыпты. Бүкіләлемдік ағыспен олар солтүстіктен оңтүстікке беттейді. Алғашқы болып үлкен әулие Құланның бөренесі тасқа соғылып, жұлынып кетеді. Бұл Қызыл Тау маңында болған. (Сондай-ақ Әулие тау деп те атайды). Екінші болып тасқа ортаншы бала әулие Қыранның бөренесі ең биік тау Ақбетке соғылады. Су қайта бастап, таулар мен шоқылар ашыла бастағанда, кенже әулие Қоңырдың бөренесі үңгірге жақындағаннан кейін, ол осы жерде қоныстанады. Сол себепті үңгір қажылықтың киелі жері саналған. Осындай табынудың себебі болған үңгір түкпіріндегі қазан, осы қазан түбіне үнемі су жиналады. Осы суда барлық ауруларды жазу қасиеті бар, тіпті, бедеуліктен де. Қай уақытта болмасын үңгір жанына баланы дүниеге әкелу мақсатымен әйелдер қонған және осы армандары шынымен де орындалған.
Баянаула жерінің көне тарихынан сыр шертетін аяулы ескерткіші – «Қоңыр әулие» немесе «Әулие тас» үңгірі Жасыбай көлінен үш шақырым жерде орналасқан. Ертеден бері адамзат баласының анасы – Байананың құт мекені осы жер деп есептеледі. Аңыздың бір нұсқасында Қоңыр деген әулие осы маңда жер бетін топан су басқан заманда өмір сүрген-мыс делінеді: «Алла тағала пиғыл-пейілі бұзылған халықты топан суына қарық кылғанда, өмір бойы өз бастарына пайда іздемей, біреудің жоғын жоқтап, қауіп-қатерден сақтандырып, дамыл алмайтын, отбасын құрмайтын үш ағайынды: Қоңыр, Қыран, Құлан дегендер Нұқ пайғамбардың кемесіне мінсек, ауыр болып кетер, қырсығымыз тиер, оған да жасаған жақсылығымыз болсын деп екі тақтайды құрап мініп, суда қалқып жүре беріпті. Аллаға бәрі мағлұм, аяушылығына алып, су қайтқанда, оларды осы Баянаула тауынан шығарыпты. Қоңыр әулие қазіргі Жамбақы жеріндегі тауларды, Қыран Баянтаудың ұшар басын, Құлан Қызылтауды мекендегені туралы аңыздар бар. Қоңыр әулие әркімнің сұраған тілегін беріп, Қыран әулие әркімнің жоғын тауып беріп, келе жатқан жауды күншілік жерден көріп, адам болып хабар беріп, сағым болып жоғалып кетеді екен. Іздегенге оңай таптырмапты. Құлан әулие кейде құлан, кейде адам бейнесінде көрініп, халық малының амандығына, өсіп-өнуіне жәрдем жасайды екен».
Бұл аңыз әлі де егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететін ғажап мазмұнымен қызықтырады. Нұқ пайғамбардың топан суға қатысты әңгімесі басы Таурат болып барлық ескі шежіреде белгілі, бірақ Нұқпен бірге сол ғаламат топан судан құтылған үш әулие туралы аңыз тек қазақта ғана бар. Олай болса, Қоңыр әулие үңгірінің қасиетіне табыну – тас дәуірінің көне қатпарларынан келе жатқан адамзат баласының ең көне ғұрыптарының бірі. Осындай аңыздар біздің қазақ тарихының ең көне, ең тұңғиық, мөлдір бастауларына нұсқайды.
«Алаш айнасы» газетіне жарық көрген Серік Құсанбаевтың Қоңыр әулие үңгірі туралы мақаласында оқиға былайша суреттеледі:
«Ел арасындағы «Темірше тағы да ішіп кетіпті», – деген сыпсың сөздің тиылғанына да ширек ғасыр өтіпті-ау. Ол кезде бұлар жас үйленген. Оқуларын тәмамдап, жолдамамен шалғайдағы ауданға келген. Обалы не керек, аудан басшылары «Жастарға жағдай жасауымыз керек» деп, совхоздан төрт бөлмелі үй бергізген. Төрт-бес жылда қызметтеріне әбден төселген жастар қатарынан қалмай тірлік кешіп жатты. Сырт көзге уайым-қайғысы жоқ бақытты жандардай көрінетін...
Бірақ, қазекеңнің кей сөзі сүйектен өтпей ме? Даңғарадай үйде екеуден-екеу тіршілік етіп жатқандары арқаларына аяздай бататын. Әуелде, ес жиып алғанша баланы қоя тұралық деген келісімдері уақыт өте келе екеуінің бас ауруына айналады. Арада ай алмасып, жылдар жылыстаған сайын кез келген ортада баласыздық жайында сөз бола қалса, бұл екеуі қарадай қипақтап, қызарақтайтынды шығарды. «Ағайындарыңнан немесе жетімдер үйінен бала асырап алмайсыңдар ма?» дейтін ақылшылар да табылды. Жанашыр жандардың кеңесімен бірқатар дәрігерлерге де қаралған. Нәтиже болмады. Ақ халаттылардан қайран болмағасын, жазғы демалыстарын пайдаланып, елдің әр қиырындағы біраз атышулы бақсы-балгер, емші-домшыларды да адақтап қайтқан. «Алланың бермегенін адамнан сұрап ала алмайсың» деген рас екен.
Ақыры, күдерін үзген Темірше іштегі қыжылын ішкілікпен басуды әдетке айналдыра бастайды. Әуелде әдеппен ішіп жүретін жас мұғалім келе-келе ішпесе тұра алмайтын күйге жетеді. Кесірінен жұмыстан да шығарылды. Есін бір жиғанында «Енді ішсем, Темірше атым өшсін!» деп Жаңылға да, өзіне де уәде беретін. Бірақ көп өтпей, ескі соқпағын қайта шиырлайтын. Сондай сау күндерінің бірінде аудан орталығындағы шағын базарда жолыққан бейтаныс қария жөн сұрасып: – Е, шырағым-ай, асылдың сынығы екенсің ғой. Жарықтық әкеңді білуші ем, – дей келе, Жасыбай көлінің батысындағы тау қойнауында ел «Қоңыр әулие» атап кеткен үңгірдің бар екенін, сол үңгірге түнеп қайтуларына кеңес берген. Үңгір жайында нақтылап сұрап алмақ болып ақсақалды қайта іздеп еді, таппады... Жер жұтып қойғандай, зым-зия...
...Содан күндердің күні ақсақалдың айтқаны ойына оралып, келіншегін ертіп үңгірге барады. Күні бойы іздеп, ақыры көз байланған шақта жығылып-сүрініп көздеген межеге жеткен қос мұңлық үңгірге бойлап кіруге жүрексініп, кіреберіс ауызыға жантая кетеді. Таң атқалы тау-тасты кезіп шаршағандікі болар, қатып қалыпты. Таңға жуық:
– Балам, сен енді есіңді жи. Алла көз жастарыңды көрді. Бір жылдан соң дүниеге егіз бала келеді. Ұлдың аты Құндыз, қыздың аты Жұлдыз болсын, – деген таныс дауыстан оқыс оянған Темірше таңғы алагеуімде мәңгіріп біраз отырып қалады. Ары ойланып, бері ойланып, ақыры, таныс дауыс иесін де тапты-ау, әйтеуір. Иә, сол баяғыда базарда кездесіп, кеңес берген ақсақалдың дәл өзі.
Ақсақал әулие екен, айтқаны айдай келді...
Сол оқиғадан кейін Темірше ішімдік атаулыны сап тыйған. Қазір Құндызы Астанада, Жұлдызы Жезқазғанда тұрмыста. Екеуі де балалы-шағалы».