«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушыларына дауыс беру басталды

2 Қараша 2018, 19:02 10600

Жобаның ақтық кезеңіне 200 үміткер қатысады

Бұл жөнінде бүгін 2 қараша күні Астана қ. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ақпарат және коммуникация вице-министрі Нұргүл Мауберлинова мәлімдеді.

«Былтыр сіздер «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы аясында толағай табысқа жеткен 102 тұлғамен таныстыңыздар. Жоба жеңімпаздары замануи әрі бәсекелестікке қабілетті қазақстандықтың моделін паш ете отырып, өз идеялары мен жобаларын жүзеге асырып жүр. Жол картасы аясында әлеуметтік маңызы бар 17 жобаға қолдау көрсетілді. Осымен атқарылатын жұмыстар тоқтап қалмайды. Ал биылғы жоба қатысушыларына дауыс беру кезеңі бүгін басталды. Бұл жолы 2 мыңнан астам өтініш келіп түсті», - деді вице-министр.

«Казконтент» АҚ басқармасының төрағасы Думан Қожахметов биылғы жобаның ерекшеліктері мен дауыс беру процедурасына тоқталды.

«Дауыс беру екі аптаға созылып, 15 қараша күні аяқталады. Биылғы жобаның бірнеше ерекшелігі бар.  Біріншіден өтініштер институционалды қағида бойынша қабылданды. Түрлі үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, салалық ұйымдар өз үміткерлерін ұсынды. Сонымен қатар біз сан емес, сапаға басымдық бердік. Сол себепті бұл жолы жоба жеңімпаздары 100 емес, 20 жуық болмақ. Қатысушыларға дауыс беру  100esim.el.kz сайтында жүреді. Сайтқа 1111 адамның өтініші жарияланды. Арнайы сараптау комиссиясы іріктеп 200 адамды дауыс беру кезеңіне ұсынды. Олар 6 санатқа бөлінген: медицина, ғылым, бизнес, спорт, мәдениет және қоғам. Әр санат бойынша 3 адамға дауыс беруге болады. Осылайша, әрбір адам 18 үміткерге дауыс бере алады. Дауыстарды жасанды түрде көбейтуге жол бермеу үшін арнайы команда екі апта бойы дауыс беру процесін қадағалайды», - деді Думан Қожахметов. Брифинг соңында журналистер сауалдарын қойып, барлық сұрақтарына жауап алды.

Бэлла Орынбетова
Бөлісу: