Бедеулік үкім емес

23 Шілде 2019, 12:17 7324

ЭКО әдісімен бедеулікті 90-95 %-ға емдеуге болады

«Қазақстанда ерлі-зайыптылардың 15 пайызы бедеуліктің зардабын тартып жүр» деген ақпарттың тарағанына көп болды. Бұл 350 мыңға жуық жанұяда іңгәлаған сәби үні мен жөргек иісі жоқ деген сөз. Демек, әрбір 5-ші отбасы аталған кеселдің шырмауында. Неге? Адамдар бедеулік пен белсіздікке қалай душар болады? Одан айығуға бола ма? Тығырықтан шығудың жолы қайсы? Осы және өзге де сауалдарға репродуктолог-эмбриолог, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқаровадан жауап алдық.

Суретте: Салтанат Байқошқарова

El.kz: Бір жылда 160 мың отбасы құрылса, соның шамамен 20 мыңы бала сүйе алмайды екен. Бұл ненің әсерінен болып отыр?

Салтанат Байқошқарова: Бедеулік бұрын да болған, қазір де бар және келешекте көбеймесе, азаймайды. Оған негіз болатын фактор көп. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бедеуліктің 50 пайызы адамдардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауынан, 20 пайызы ағзаның табиғи мүмкіндігінің төмендігінен, 20 пайызы экологиялық жағдайдың салдарынан, ал қалған 10 пайызы медицина саласы мамандарына тиесілі деген пікірде. Мәселен, ЭКО-ға жүгінетін әйелдердің 80 пайызы «аборт» жасатқандар. Мұны денсаулыққа немқұрайлы қарау демей, не дейміз?!

Қыздар мен жігіттер некелеспей тұрып, жыныстық қатынасқа түсіп жатады. Сөйтіп, қыздарымыз жасанды түсік тастайды, ал ер-азаматтарымыз жеңілтек қыздардан түрлі ауруларды жұқтыратын сәттері жиі кездеседі. Бұның бәрі қабыну үрдістерінің өршуіне әкеп соқтырады. Қабыну салдарынан әйелдерде патологиялық өзгергерістер басталып, жатыр түтікшелерінің өткізгіштік қабілеті бұзылса, ер адамдарда ұрық жүретін жолдардың жабылып қалу қауіпі туындайды. Сонымен қатар генетикалық факторларға байланысты бала сүйе алмайтындар да кездеседі. Бұл туа біткен өзгешелік. Адам ағзасына, соның ішінде оның репродуктивтік қабілеттілігіне экологияның әсері де орасан зор болып табылады. Сосын дұрыс тамақтанбау да бірден-бір себеп. Түрлі қоспадан жасалған тәтті сусындар ішеміз. Мұның бәрі денсаулыққа кері әсерін тигізеді.

El.kz: Сонда бедеулікті қолдан жасап жүрміз бе?

- Солай деуге де болады. Емделуге келген бедеу әйелдерге жаның ашиды, алайда олармен сөйлесе келе, бұл дертті көбінесе өздері «сатып» алғандарына көз жеткізесің. Әлгінде айтқанымдай әйелдердің көпшілігі түрлі себеппен «аборт» жасатқан. Бір рет емес, араларында бірнеше мәрте жасатқандар бар. Әрине, бәрі емес. Десе де, біздер оларды бөле жармаймыз. Мейлінше, қол ұшын созуға тырысамыз. Содан болар, біздерге жүгінетін әйелдердің қатары көбейген. Оның үстіне, жыл өткен сайын мемлекет тарапынан қолдау да артып келеді. Мәселен, 2010 жылы небәрі 100 квота берілсе, қазір 900-ге жетті.

El.kz: Квота деп қалдыңыз, ол қалай бөлінеді?

Салтанат Байқошқарова: Квота бала көтеру мүмкіндігі жоғары, емдеуге болатын әйелдерге ғана беріледі. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша, әрбір аймақта ЭКО бағдарламасына іріктейтін арнайы комиссия құрылған. Оның басты міндеті – тегін ұрықтандыруға кезек бекіту. Көбінесе комиссия мүшелері: акушер-гинекологтар, бас дәрігерлер, денсаулық сақтау саласының басшылары.

Комиссия бар анализдер мен сырқатнаманы мұқият тексеріп, шешім қабылдайды. Бұл кезеңде әйел ауырып, ота жасатуға мәжбүр болса, оның кандидатурасы алынбай, уақытша тізімге кіреді. Сауыққан соң қайта өтуге рұқсат берілген. Комиссия әрбір отырысқа хаттама толтыруға міндетті. Комиссия келіскен жағдайда, емделуші арнайы кезекке тұрады. Оған талон беріліп, уақыт мерзімін анықтайтын нөмірді қоса береді.

Аталық немесе аналық ұрығы жоқ жұптарға, жатыры жоқ немесе жалғызбасты әйелдерге мемлекеттік квота берілмейді. Сонымен қатар екі мәрте мемлекеттік квота алып көтермеген жұптарға да қайтадан тегін бағдарлама қарастырылмаған. Өйткені, мемлекет өз тапсырысы бойынша жоғары нәтижені талап етеді.

Қазір елімізде ЭКО-мен айналысатын 20 шақты орталық бар. Жасыратыны жоқ, девальвация және жоғары нәтиже алу үшін технологияның күрделеніп өзгеруіне байланысты, мемлекеттен берілетін квотаның қаражаты әйелдердің ем-домына, ЭКО жасатуына жетпей жатады. Кейде бір әйелдің дәрісінің өзі 500-600 мың теңгеге жуықтайды. Ал қалған 200 мың теңге ЭКО жасатуға жетпейді. Оның үстіне, біздің саланың дәрілері теңгеге шаққанда тым қымбат. Өйткені, дәрілер доллармен, еуромен алынады. Салыстырып қарасақ, көрші Ресейде ЭКО әдісіне қолданылатын гормоналдық дәрілер арзанырақ бағада сатылады. Дегенмен, алдағы уақытта бұл да мемлекеттік деңгейде шешіледі деп сенеміз.

El.kz: Ақылы қызметке жүгінетіндер көп пе?

Салтанат Байқошқарова: Негізі, пациенттердің басым көпшілігі ақылы қызметке жүгінеді, өйткені берілетін квоталар аз, бәріне бірдей жетіспейді. Дәрігердің емін дұрыс орындаған емделушілердің басым көпшілігі бала көтереді. Біз сияқты орталықтарда күніне бір-екі бала дүниеге келеді. Квота бойынша да солай. Жылына 900 квота алған отбасылардың тең жартысында  сәби өмірге келеді. Жалпы квотаның басым бөлігі Түркістан облысына беріледі.

El.kz: Бұл осы өңірде бедеулік көрсеткіші жоғары деген сөз бе? 

Салтанат Байқошқарова: Жоқ. Мұнда халық саны көптеу, квота халық санына қарай беріледі. Экологиясы нашар, радиация басым аймақтарда мұндай мәселелер көптеп кездеседі. Ерлердің ұрығының сапасы төмендеу болып келеді. Негізі, республика бойынша бедеулік көрсеткішіне қатысты анық ресми статистика жоқ.

El.kz: Бір сұхбатыңызда «осыдан 30 жыл бұрын ерлердің сапалы ұрығын табу жеңіл болатын...» депсіз. Бұл белсіздікпен байланысты ма?

Салтанат Байқошқарова: Қазақстанда да, басқа елдерде де ол кезде бұл проблема жоқ еді. Біздер сапалы ұрықты тез табатынбыз. Ұрығын өткізіп, ақысын алатын ер азаматтар да болатын. Қазір өте аз. Бұл еркектердің бәрі белсіз деген сөз емес, бірақ ұрық сапасы расында төмен.

Жалпы, белсіздік пен бедеулік екі бөлек ұғым. Белсіздік дегеніміз жыныстық қатынасқа қабілеттің жоқ болуы, ал бедеулік ол ұрпақсыздық. Сондықтан бұл терминдерді шатастырмаған жөн. Донор деп таңдаған 100 ер азаматтардың 2-3-і ғана жарамды болады. Әрбір донордан алынған ұрық карантинге 6 айға қойылады. Осы орайда көбінесе еркектер 10-20 мың теңге үшін 6 ай бойы сабылып, сандалып жүргісі келмейді.

El.kz: «Жасанды ұрықтандыру жолымен дүниеге келген балалар кейін генетикалық өзгеріске ұшырайды» деген әңгіме бар. Бұл қаншалықты қисынды?

Салтанат Байқошқарова: ЭКО әдісімен әлемде 8 миллионға жуық бала дүние есігін ашты. Осы орайда егер генетикалық өзгерістер туралы әңгіме рас болса, дүниежүзінің ғалымдары бұл әдісті әлдеқашан тоқтатып тастайтын еді. Табиғи жолмен туылған балалардың денсаулығы қандай болса, олардың да денсаулығы сондай. Оны ғылым әлдеқашан дәлелдеген болатын. Алғаш рет XX ғасырдың басында бұл технология тәжірибе ретінде жан-жануарларға жасалды. Жүргізілген сынақ нәтижесі көз қуантарлық еді. Соның арқасында мал шаруашылығы айтарлықтай дамыды. Кейін бұл әдісті Англияда биолог-физиолог Р.Эдвардс және П.Стептоу деген дәрігер ерлі-зайыпты Джон Браун мен Лесли Браунға қолданды. Олардың ұрықтарын жасанды ортада қосып, артынша оны әйелінің жатырына салып береді. Осының нәтижесінде 1978 жылы 25 шілдеде, салмағы 2,608 кг Луиза атты алғашқы «құтыдағы» сәби дүниеге келді. Бұл әдісті әлем ғалымдары 32 жыл бойы ғылыми терең зерттеп, адамзатқа берілген, дәлелденген зор үлесі үшін осы әдістің авторы Роберт Эдвардсқа 2010 жылы «Нобель» сыйлығын берген еді.

El.kz: Жасанды ұрықтандыру жолымен дүниеге келетін сәбилердің көбісі қыздар дейді. Бұл рас па?

Салтанат Байқошқарова: Жоқ. Керісінше, ер балалар көптеп дүниеге келеді.

El.kz: ЭКО әдісімен туылған балалардың ұрпақ өрбіту мүмкіндігі болатын шығар?

Салтанат Байқошқарова: Бұл оның денсаулығына және оның генетикасына байланысты дүние. Олар да ер мен әйелдің ұрығынан пайда болған. Біздер тек екі ұрықты біріктіріп, оның құрсақта жетілуіне шартты жағдайларды жасаймыз. Дәрігерлер ұрықтандыру үрдісіне ғана қатыса алады және ұрықтың дамуын сырттай қадағалайды.  Эмбрионды жатырға салып берген соң, табиғи жағдайдағыдай жатырда тоғыз ай дамып, дүниеге келеді. Сондықтан жасанды және табиғи ұрықтандыру жолдарымен туылған балалардың арасында айырмашылық жоқ.  Оған дәлел жоғарыда аталған алғашқы «құтыдағы» сәби – Луиза Браунды келтіруге болады, өйткені ол өзі жасанды ұрықтандыру жолымен дүниеге келсе де, өзінің бір емес, екі баласын да, табиғи жолмен дүниеге әкелді.

El.kz: Қазақстандық «Құтыдан шыққан» балалардың алды жиырмадан асты. Олармен байланыс орнатып отырасыздар ма?

Салтанат Байқошқарова: Иә. Мәселен, ЭКО көмегі арқылы дүниеге келген тұңғыш қызымыз қазір Англияда оқып жүр. Ата-анасы елімізде. Қарапайым отбасында дүниеге келген қыз ағылшын мен француз тілдеріне жетік меңгерген. Денсаулығы жақсы, өте сымбатты. Оның сондай ақылды қыз болып өскеніне мақтанамын. Өйткені, оның кіндік шешесі өзім. Балалармен байланысымыз үзілмейді.

El.kz: Сіздерде суррогатты аналар көмегіне жүгінгендер болды ма? 

Салтанат Байқошқарова: Болады. Дегенмен, көп деп айта алмас едім. Олардың қызметіне жүгінетіндер сирек кездеседі. 100 адамның 3-4-еуі ғана. Ал оған қандай жағдайда барады? Айталық, әйелдің жатыры жоқ болса немесе бірнеше рет кесір тілігін жасатса, жүктілікке байланысты өміріне қауіп төнетіндей жағдайлар болса суррогат анаға жүгінуі мүмкін. Ол үшін ері мен әйелі заңды некеде болуы шарт. Бұл ерлі-зайыптылардың келісімімен жасалады.

El.kz: Мұндай жолмен сәби сүю қанша тұрады?

Салтанат Байқошқарова: Суррогат ана қызметінің құнына біз мүлдем араласпаймыз. Себебі, бұл үш адамның ортақ шешімі. Ерлі-зайыптылар суррогат анаға не беретіндерін, қанша ақша ұсынатындарын өздері шешеді. Олар нотариус арқылы заңды келісімшартқа отырады. Ал ЭКО бағдарламасына үшінші адам қосылғандықтан, негізгі құны 50-60 мың теңгеге артады, бірақ суррогатты ана қатаң медициналық тексеруден өтеді, соған отбасының біршама уақыты мен қаражаты кетеді. Бұл күрделі технология және қай жағынан алса да қиын мәселе, бірақ шешімі бар.

El.kz: Суррогатты аналарды жанұялар өздері табуы керек пе, әлде өздеріңіз ұсынасыздар ма?

Салтанат Байқошқарова: Жоқ. Суррогат ананы ерлі-зайыптылар өздері таңдайды. Бірақ біздің орталықта тізімде тұрған ерікті суррогат аналар арасынан таңдау жасауларына да болады. Барлығы заңдастырылған соң ғана ұрықтандыру бағдарламасы жүргізіледі.

El.kz: Салтанат ханым, соңғы сұрақ болсын. Жалпы, ЭКО әдісімен бедеулік көрсеткішін қанша пайызға төмендетуге болады.

Салтанат Байқошқарова: Негізі, туғаннан бедеу болып туу деген бар. Бірақ өте сирек кездеседі деп айтуға болады. Әлгінде айтқанымдай, бедеулік көбінесе жүре келе пайда болады. Себептерінде жоғарыда айтып өттім. Бүгінгі медицинаның мүмкіндігі өте жоғары. Ғалымдар мен дәрігерлер күн сайын жаңалық ашып, адамзат игілігі үшін біршама ем-дом түрін ойлап табуда. Дәрігерлердің көмегімен күн сайын қаншама адам түрлі жағдайдан аман қалады. Ал ЭКО арқылы бедеулікті 100 пайыз болмаса да, 90-95 % емдеу мүмкіндігі бар. Еліміздің медицинасында бұған мүмкіндік жасалған. Бірақ көп жағдайда бедеулікті ерте кезінде нағыз маманға барып дұрыс ем қолданса, ЭКО-ға бармай ақ ана болуға табиғи мүмкіндік бар. Сол мақсатпен біз еліміздің көптеген облыс орталықтарында клиникалар ашып, оған заманауи мамандарды дайындап жатырмыз.

El.kz: Әңгімеңізге рахмет. Елімізде бақытты отбасылардың көбеюі жолында атқарып жатқан ісіңізге сәттілік тілейміз!

Салтанат Байқошқарова: Рақмет.

(Сурет Салтанат Байқошқарованың жеке мұрағатынан алынды)

Нұрбай Шәкім
Бөлісу: