«Қазақстан Барысы» турнирінің ең жас балуаны – Бибарыс Әбдіғани

6 Маусым 2019, 17:00 8401

Байрақты бәсекеде Түркістан облысының намысын қорғайтын балуанмен сұхбат

Қазақ топырағы  батылдығы мен батырлығы шебер үйлескен шымыр да қайратты ұлдарымен және жауырыны  жерге тимеген  балуандарымен танымал. Мұны нағыз ер жігітке лайық ұлттық ойындарымыздан да байқауға болады. Халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетімен біте қайнасқан қазақша күрес – ертеден келе жатқан спорттық ойындарының бірі.  Балуандардың боз кілемде белдесу ойыны бұрын той-томалақ пен түрлі басқосуларда ғана өткізіліп келген. Ал бүгінгі таңда белдескеннің белін үзетін қазақ күресі  спорттық жарыстарға айналып отыр. Оған дәлел күні бүгінге дейін елімізде үлкен ауқымда аудандық, облыстық, қалалық, республикалық, халықаралық турнирлер өткізілуде. Соның бірі де бірегейі – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың   жүлдесі үшін бақ сынасатын «Қазақстан барысы» ұлттық жобасы. Спорт түрлерін қайта жаңғырту мақсатында  2011 жылдан бастап турнир елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Мұнда республиканың 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент сынды ірі-ірі қалаларынан жиналған апайтөс балуандар боз кілемде белдесіп, жарыстың көрігін қыздырады.

Еліміздегі ұлттық спортты дамытатын әрі көпшілік арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «Қазақстан барысы» турнирі санаулы күндерден соң шымылдығын түреді. Биыл осымен тоғызыншы рет өткізілетін спорттық бәсекеге республиканың түкпір-түкпірінен кіл мықтылар жиналмақ. Күрес додасына барлығы 35 апайтөс балуан және күштік құрылымдар арасында өткен «Әскер Барысы» турнирінің жеңімпаздары бақ сынасады. Олардың ең үлкені – 37 жастағы атыраулық Бекболат Салықов болса,  ал ең кішісі – 20 жастағы түркістандық Бибарыс Әбдіғани. Сонымен қоса, турнир ережесіне сай былтыр жеңімпаз болған балуан жарысқа ешқандай іріктеусіз қатыса алады. Алайда 2018 жылы «Қазақстан барысы» атанған қарағандылық Ержан Шынкеев спорттық мансабын аяқтағанына байланысты биылғы турнирге қатыспайды екен. Байрақты бәсекенің жүлдеқоры да ауқымды. Ол  41 млн теңге қаржыны  құрайды. Қазақ күресінің  жеңімпазына алтын белбеу мен алтыннан жасалған ауыспалы «тайтұяқ» табыс етіледі. Ал екінщі және үшінші орын алғандар күміс пен қоланы еншілейді екен. Оған қоса, әр белдесуде  жеңіске жеткен балуандар да құр алақан қалмайды. Оларға  әр жеңісі үшін 100 мың теңгеден ақшалай сый табысталады.  Оған қоса, жылдағы дәстүрге сай жанкүйерлер арасында да автокөлік ойнатылады.  Сонымен қоса,  жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған балуандардың жаттықтырушыларына да ұйымдастырушылар жылдағы дәстүр бойынша қаржылай сый әзірлеп қойыпты. Демек «Қазақстан Барысы» атанған балуанға бас жүлде – 25 млн теңге, ал бас жүлдегердің бапкеріне – 3 500 млн теңге, екінші орын алған күміс жүлдегерге – 5 500 млн теңге, оның бапкеріне – 1 800 млн теңге, ал қола жүлде иегеріне – 1 800 млн теңге, оның бапкеріне 900 млн теңге көлемінде сыйақы табыс етіледі.

Фотода: Бибарыс Әбдіғани

Осы байрақты бәсекеде Түркістан облысының тісқаққан сайыпқырандарының бірі Бибарыс Әбдіғани да өз бағын сынап көрмек. Өйткені ол жақында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы өткізген балуандар арасында «Қазақстан Барысы» турниріне іріктеуде қарсыластарының барлығын тізе бүктіріп, жеңіс тұғырынан көрініп, «Түркістан барысы» атанды. Оған арнайы белбеу тағылып, елордада өтетін ақтық сайысқа жолдама және Nexia су жаңа тұлпар  сыйға тартылды.

Жоғарыда айтып кеткен «Түйе балуан» сайысына тек 80 келіден салмағы жоғары балуандар сынға түсіп, үздік нәтиже көрсетулері тиіс. Кездесу барысында берілетін бар болғаны 5 минут ішінде күрестен түрлі әдіс-тәсілдерді көрсетіп, қарсыластарымен белдеспек. Сөйтіп,  жоғары ұпай жинаған балуан жеңімпаз болып шыға келеді.

– Жарыс кілеміне шыққан ең жас балуан болдым. Қарсыластарымды жеңу оңайға соққан жоқ. Осындай сынга дайындаған жаттықтырушыларыма айтар алғысым шексіз. Солардың үйреткен тәлімінің арқасында жеңіске жетіп, осындай ірі жүлделерге ие болып жүрмін. Алла қаласа осымен тоқтамай, спорттық мансабымды ары қарай жалғастыра берсем деймін. Осы орайда мені осындай жарыстарға дайындап жүрген Ә.Нұрмаханов атындағы Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Дәурен Тәңірбергеновке және  Мәди Құрымбаев сынды өзге  жаттықтырушыларыма рақметімді  айтамын,  - дейді Бибарыс Әбдіғани.

20 жастағы Бибарыс бұл мектептің қазақ күресі бөлімінде 2011 жылдан бастап дайындалып келеді. Сегіз жылда дайындықтың бірінен де қалып көрмепті. Қазақ күресінен бөлек, самбо және дзюдодан түрлі жарыстарда бағы жанып, ел чемпионы да болған. Осындай халықаралық сайыстарда топ жарып, үздіктердің қатарынан көрініп жүрген батырды жерлестері «Қазақстан барысында» жеңіске жеткенін қалайды.

Өткен жылы Бибарыс бұл турнирде өткізген екінші кездесуінен жеңіліс табуына орай, жарысты ерте аяқтапты. Балуан биылғы бәсекеде сол олқылықтың орнын толтырсам деген ниетте. Осы уақытқа дейін боз кілем төрінде көбінесе 100 келі салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсетіп келген Бибарыс алдағы сында 125 келі  салмақ дәрежесінде белдеседі. Шын біліктілігін таразылайтын турнирге қызу дайындықты бастап кеткелі қашан.  

– Мен күреспен 6-сыныптан бері айналысып келемін. Алғашқы бапкерім Мұхтар Бөгенбаевтың үйретуімен көптеген жетістіктерге жетіп жүрмін, -  дейді балуан.

Күрестен бөлек Бибарыстың футбол ойынына қызығушылығы ерекше. Қолы босай қалса, ол достарымен доп қуа жөнеледі.

– «Жарысқа қатысып, топ жарып, көлемді қаржыны қалтаға бассам» деп жоспар құру – дұрыс емес! Бірінші кезекте абыройыңды, саған сенім артып отырған ата-анаң мен жаттықтырушыңды ойлау керек. Бағың мен бабың келсе, жеңіс кетпейді, - дейді Бибарыс Әбдіғани.

Бойы 1,85 см  Бибарыс қазақ күресінен спорт шебері әрі ең ауыр салмақтағы балуандардың үздік бестігіне кіреді. 

– Күреспесем кәдімгідей арқам қозады. Біз, балуандар, біреулердің күресіп жатқанына қарап тұра алмаймыз. Одан да өзіміздің кілемге шыққанымыз әлдеқайда жақсы. Жалпы қандай іске болмасын, шын жүрекпен кірісіп, жақсы нәтижеге жетпейінше, аянбай тер төге беру керек деп есептеймін, - дейді түркістандық балуан.

Күрес десе, «ішкен асын жерге қоятын» ер тұлғалы Бибарыстың алға қойған арман-мақсаттары жетерлік.

– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демекші, менің армандарым өте көп. Солардың ішінде ең бастысы – ата-анамның, бапкерлерімнің, бауырларымның маған артқан ақ сенімдерін ақтасам деймін. Жеке тұлға болып қалыптасып, өз атымды Қазақстанның спорт тарихына жазып кеткім келеді. Алдағы жарыстардан жүлделі орындарға ілігіп, Әлем чемпионатына жолдама алуды көздеймін. Ол  додадан абыроймен оралуды мақсат етіп отырмын, - дейді балуан.

Боз кілемде кез келген қолайлы сәтті ұтымды пайдаланатын Бибарыс өзінің епті екенін түрлі дүбірлі жарыстарда көпшілікке байқатып жүр. Елорда төрінде Түркістан облысының намысын қорғайтын ол «бас жүлде үшін барымды саламын» деп отыр.

 – Жарысқа өз аймағынан іріктеліп келген,  «сен тұр, мен атайын» деген мықты балуандар жиналмақ. Өзім де биылғы додаға өте жоғары деңгейде дайындалдым. Сондықтан биылғы «Қазақстан Барысында» есемді жібермеймін деп ойлаймын, - дейді балуан.

Қазақтың қанынан келе жатқан батырлық пен ержүректілік бүгінгі балуандардың бойында жоқ деуге ешкімнің аузы бармас. Олар әрқашан ел арасында ерекше абыройға ие болған. Сол игі дәстүрді бүгінде жоғарыда айтып өткен  кең иықты, алып денелі балуандарымыз «Қазақстан Барысы», «Еуразия Барысы» деген жалпыұлттық турнирлерде белдесіп, боз кілемдегі қызығы бөлек, маңызы ерекше сайыстарды жалғастырып келеді.

Жалпы қазіргі жаһандану заманында қайта жаңғырып жатқан қазақ күресінен әлі талай мықты балуандар шығатынына кәміл сенеміз. Қазақ елі барда, қазақ күресінің ғұмыры ұзақ болмақ. Қуантарлығы, осы «Қазақстан Барысы» сынды турнирлер арқылы республиканың түкпір-түкпірінде қазақша күрестің тамырын үзбей жүрген батыр балуандар баршылық екеніне көз жеткізіп келеміз. Барша әлемге танымал бола бермесе де олар өз жерінде, өз ауылында «Түйе балуан», «Сұңқар палуан» сынды аса мәртебелі атақтың иесі атанып жүр. Былтыр Азиадаға дәстүрлі өзбек күресі – кураш қосылған еді. Енді алдағы уақытта қазақтың ұлттық ойындары  болып саналатын   қазақша күрес те сол тізімге кіретініне сеніміміз мол.

(Суреттер   Бибарыс Әбдіғанидің жеке мұрағатынан

және ғаламтор беттерінен  алынды)

 

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: