«Қайрат» төрттік финалда!

19 Қараша 2018, 15:17 4213

«Қайрат» элиталы кезеңді артта қалдырды

Алматылық «Қайрат» командасы төрттік финалға берілетін жолдаманы сарапқа салып, қарсыластарының барлығын қапы қалдырды. Чемпиондар лигасының элиталы кезеңінде қазақстандық клубтың жолында италиялық «Пескара», белорусьтік «Лида» және Чехияның «Хрудима» командалары тұрған.

Италия чемпионының тісі батпады

D тобындағы алғашқы ойын 14-қараша күні Италия чемпионы «Пескараға» қарсы өтті. «Қайраттың» сапында негізгі құрамның футзалшылары Тайнан мен Дуглас жарақаттарына байланысты көмек қолын соза алмайтыны алдын ала белгілі болған.

Бұл топтың басты кездесуі саналған ойын өте тартысты басталды. Себебі, алматылықтар бар болғаны 9-секундта гол жіберіп алды. Қарапайым комбинацияның арқасында аяғына доп жеткен Бертони өз командасын алға шығарды. «Қайрат» енді қорғаныста берік ойнап, допқа көбірек иелік етіп, оқтын-оқтын Маммарелла қақпасына соққылар жасады. Уақыт зымырап, ойынның 10-минуты артта қалды. Алматылықтар бұл сәтте бес ереже бұзып, өздерін тым қиын жағдайда қалдырған еді. Италиялықтар да ара-тұра Игита қақпасын көздеп, есепті еселеуге ниетті екендерін байқатты. Сондай тартысты сәттің бірінде тағы «Қайрат» сапынан ереже бұзылып, 10-метрлік айып добы белгіленді. Десе де, Аргентина құрамасының ойыншысы Куццолино өз мүмкіндігін іске асыра алмай, қақпа бағанын көздеген. Бірінші таймдағы басымдық «Пескараның» еншісінде кетуі мүмкін деген пікірді соңғы минуттағы Тайебидің голы жоққа шығарды. Алматылық клубтың ирандық сұрмергені өткір бұрыштан Маммареллаға ешқандай мүмкіндік қалдырмай, таразы басын теңестіріп кетті.

Екінші тайм бастала сала, Ранжел «Қайратты» алға шығаруға аз қалған. Оның жойқын соққысы қақпадан қиыс кетті. «Пескара» істі насырға шаптырмай, тағы да тезірек гол соғып алуды көздеген. Олардың осы ұмтылыстары, алаңда ашық аймақ қалдырып, қайраттықтардың қарымта шабуылға шығуына жағдай жасады. 30-минутта орталық форвард рөлін керемет атқарған Дәурен Тұрсағұлов тамаша соққы жұмсаған. Маммарелла аса қиындықпен қайтарғанмен, доп Оразовтың аяғынан табылып, ол ашық қалған қақпаға тебе салды.

Бірнеше минуттан соң, Біржан енді қорғаушы рөлін керемет атқарып, қақпа сызығынан допты алып шығып, Игитаның кем-кетігін түзеді. Иатлиялық клуб соңғы минуттарда киперін ойыншыға алмастырып, есепті қалайда теңестіруге тырысып баққан. Олардың бұл ойлағандарынан түк шыққан жоқ. Себебі, 37-минутта Игита допты қаршып алып, ашық қалған «Пескара» қақпасына тура тебе салды. Тино Перестің шәкірттері соңғы күш-қуатымен шабуылдауды жалғастыра берді. Алайда, олар өз қақпаларынан 4-допты алып шығуға мәжбүр болды. Бұл жолы көзге түскен – Біржан Оразов.

«Қайрат» (Қазақстан) – «Пескара» (Италия) 4:1

Голдарды салған: Тайеби 19, Оразов 30, 39, Игита 37 – Бертони 1.

«Лида» ойсырай ұтылды

Алматылық клуб 2-тур ойындары қарсаңында Белорусь клубы «Лидаға» қарсы тұрды. Алғашқы күнгі фовариттен кейін бұл команда Пауло Рикардо Кака шәкірттері үшін аса қауіпті емес еді. Қос команда чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде кездескен болатын. Ол матчта «Қайрат» қарсыласын 6:0 есебімен тізе бүктірген.  

Алматылық клубтың бапкерлер штабы бұл жолы басқа да аяқдопшыларға ойын уақытын беруді дұрыс деп тапқандай. Алғашқы ойында ойынға аз араласқан Дінмұхаммед Сүлейменов пен Эдсон өз мүмкіндіктерін қапы жібермеді.

Белорусь чемпиондары қорғаныста аса сақтықпен ойнауға тырысқанымен, ойынның бар болғаны 4-минутында есеп 2:0 боп, «Қайрат» алға шығып кетті. Алдымен, Джон Леннон мен Эдсон қарапайым комбинацияға жүгініп, соңғысының тамаша соққысымен аяқталды. Одан кейін Эдсон өзі шабуыл ұйымдастырып, өзі түйіндей алды. Бұл гол лидалықтардың қақпашыны ойыншыға алмастыруына итермеледі. Ол қадам да белорустықтарға есепті қысқартуға ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Ойынның 8-минутында Джон Леннон мен Біржан Оразов қарсыластың өз айып алаңында ереже бұзуына алып келді. 6-метрлік соққыны Тайеби тамаша орындап есептегі басымдықты 3:0-ге жеткізді.

Қарсыластың алға ұмтылулары ақыры өз нәтижесін беріп, Максим Воронин көзге түсті. «Лида» аяқдопшылары қазақстандық клубты алысқа жіберіп қоймас үшін, жанталаса өнер көрсетті. Соның кесірінен бірнеше рет ереже бұзылып, алматылық футболшылардың денсаулығына қауіп төндіре бастады.

Екінші тайм бастала сала, қос клуб та бір-бірден гол салып алды. Қайраттықтардың сапында сол Эдсон шеберлігінің арқасында хет-трик жасаса, «Лиданың» көшбасшысы Владимир Жигалко тамаша соққымен допты тоғыздыққа түсірді. Ойында көп уақытқа дейін тыныштық орнап, тек 32-минутта Эдсон покеріне көрімдік сұрады. Бразилиялық өзінің нағыз бабында екенін көрсетті.

Кездесу соңына қарай, «Қайраттың» барзилиялық қорғаушысы Ранжел ойынды өз қолына алып, алаң ортасынан «Лида» қақпасына 6-шы голды салып кетті. Арға бір минут салып, Тұрсағұловқа тамаша пас жеткізді. Дәурен өз кезегінде мүлт кеткен жоқ. Осымен, бұл ойынға нүкте қойылды. «Қайрат» тағы да Белорусь футзалының үздігін ойсырата жеңді.

«Лида» (Беларусь) – «Қайрат» (Қазақстан) 2:7

Голдарды салған : Воронин 11, Жигалко 22 – Эдсон 3, 4, 22, 32, Тайеби 8, Ранжел 36, Тұрсағұлов 37

Үшінші жеңіс!

«Қайрат» элиталы кезеңнің соңғы кездесуін чех чемпионы «Хрудим» командасына қарсы өткізді.

Чехия жерінде өтіп жатқан ойында алаң иелері жергілікті жанкүйерлерді жерге қаратпау үшін бар күштерін ортаға салатыны анық еді. Оның үстіне, егер «Қайратты» жеңсе, 1-орында алуға деген мүмкіндік бар.  Ал алматылық клуб бұл ойынға сақадай сай келді. Осының дәлелі, 2-минутта орын алған гол болды. Диегодан пас алған Ранжел өзіне тән жойқын соққымен қарсыластың киперіне ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Араға бес минут салып қос барзилиялық стандартты тамаша орындап, Джон Леннонға пас жеткізген. Ол қақпа торын тулатты. Бұл шабуылшының элиталы кезеңдегі алғашқы голы еді.

Ойын алматылық команданың дегенімен жүрді. Ал «Хрудим» ара-тұра қарымта шабуылмен ғана шектеліп жүрді. 17-минутта Есенаманов шабуылды өзі бастап, Эдсон мен Джон Леннонды ойынға араластырып, соңғы нүктені өзі қойды. Матч басындағы алматылық команданың басымдығы бар мәселені шешіп тастағандай көрінген. Алайда, екінші таймда алаң иелерінің өз айтары бар екен. Келесі ойын бөлігінде Игитаның орнына «Қайрат» қақпасының кілті Дудуға сеніп тапсырылды. Бұл бас бапкердің шешімі болса керек. Дудудың ойынға кіруі чехтардың есепті 2 допқа қысқартуына дейін алып келді. Алғашында Матей Словачек көзге түссе, араға 3 минут салып чехтардың барзилиялық легионері Макс есепті 3:2-ге жеткізді.  «Қайрат» ойыншылары істің насырға шауып бара жатқанын аңғарып, қайта ойынды өз қолдарына ала бастады. Соның арқасында кездесудің 29-минутында Дәурен Тұрсағұлов көзге түсті. Одан кейін де бірнеше қауіпті шабуылдар ұйымдастырылғанымен, есепке өзгеріс енген жоқ.

Осылайша, 3 кездесуде де жеңіске жеткен Пауло Рикардо Кака шәкірттері «төрттік финалға» жолдама алды. «Қайрат» өз тарихында 8 рет осы турнирдің финалында өнер көрсеткен болатын. 2012/13, 2014/15 маусымдары алматылық клуб жеңіске жетіп, Еуропаның үздік командасы атанған.

«Қайрат» (қазақстан) – «Хрудим» (Чехия) 4:2

Голдарды салған:  Ранжел 2, Джон 7, Есенаманов 17, Тұрсағұлов 29  – Словачек 22, Макс 25

Енді, «төрттік финалда» алматылық клубтың қарсыластары испандық өткен жылғы чемпион «Интер», каталондық «Барселона» және лиссабондық «Спортинг» болмақ. Жеребе тару рәсімі 3-желтоқсан күні өтеді. Ал ойындар келесі жылдың 25-26 сәуір күндеріне жоспарланып отыр. Алматылық клубқа сәттілік серік болсын!

(Суреттер prosports.kz сайтынан алынды)

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: